Кеген ауданының орталығы жыл өткен сайын жағдайын жақсартып, көркіне көрік қосып, жаңа тұрғын жайлармен іргесін кеңітіп келеді. Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Кеген ауылдық округі әкімі Руслан Масеновтей азамат басқаратын ауылда игілікті шаруалар аз емес.
Бүгінде «Кеген ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде 10 мемлекеттік қызметкер, 5 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылдық округке қарасты 3 елді мекенде 1853 отбасында 9664 адам тұрады. Кеген ауданында ауыл шаруашылығы басым сала екендігі белгілі.
Айта кетейік, ауылдық округте 237 шаруа қожалығы, 8 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде, тұрғындардың ауласындағы жеке қосалқы шаруашылығындағы малын қосып есептегенде барлығы 7979 сиыр, оның ішінде 4803 аналық бас, 4640 жылқы, оның ішінде 1700 бие,30296 қой-ешкі, оның ішінде 13871 аналығы өсірілуде. Бүгінде ауылдық округ тұрғындарына малын бағу үшін Кеген, Түменбай, Темірлік ауылдарының аумағынан жеке сектор үшін 3977 га жерге мемлекеттік акт алынып, белгіленіп берілді. Ауылдық округ бойынша 1605 га егістік жер игеріліп, 50 га күздік бидай, 550 га арпа, 661 га көпжылдық шөп тұқымы себілді.Шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары үй іргесіндегі жерлеріне 335 га картоп, 9 га сәбіз егілді.
– Көшелеріміз заманға сай асфальтталып, жарықталып, тазалық мәселесі де ретке келіп қалды. Жанымызға батып жүрген бір мәселе осы еді. Ағымдағы жылы ауылдық округ аумағында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының ұсынысы бойынша Кеген ауылы Атыханұлы көшесінде №18, 7, 9, 22, 24 үйлердің шатыры ауыстырылып, сырты темір сайдингпен қапталып, кіреберістеріне толықтай ішкі әрлеу жұмыстары кешінді түрде жүргізілді. Бұл көп қабатты тұрғын үйде тұратын жандарды үлкен қуанышқа кенелтіп отыр, – дейді Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов.
Бәрекелді! Бұл шын мәнінде ауыл үшін жасалып отырған үлкен игілікті шаруа екені даусыз. Сонымен қатар Темірлік ауылындағы су резервуарындағы судың алдыңғы жылдары қатуына байланысты қосымша топырақпен қымталып, сыртқы аумағы бетон плиталармен қоршалды. Кеген ауылындағы балалар ойын алаңын ауылдық округ мамандары жасаған ақаулық актіге сай, сапалы материалдардан жасалынған ойын жабдықтары орнатылып, алаңға сапалы ковролан төсеніші төселді. Халық үшін жасалып жатқан игілікті шаруалар.
– Мен ауылдық округ әкіміне сайланатын кезде округке қарасты Түменбай ауылының тұрғындары ауылдың маңындағы аруақтар мекенін, ата-бабаларымыз, бауырларымыз жатқан жерді қоршатып беруге көмектесуімді сұрап еді.Бұл жұмыс та орнымен шешілді, – дейді Руслан ағамыз.
Бәрекелді! Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды», – деген аталы сөз бұрыннан бар. Әсілі, оны ойында ұстаған, назарына алған жандар жаман болмайды. Осылайша Русландай азаматтың қолына алуымен Түменбай ауылының жанындағы 1,1 шақырым көлеміндегі аруақтар мекені уақытқа сай арнайы қоршаулармен қоршалып, ретке келтірілді.
Русландай азамат Кеген ауылындағы мерекелік шаралар өткізілетін орталық сахнаны қайтадан жасатуды қолын алған жайы бар. Орталық алаңдағы сахнаға жоғары сапалы тостаған тастар төселініп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Жастар саябағы мен Райымбек көшесі бойындағы аллеяға 3,8 млн теңге қаражатқа 57 балқарағай отырғызылып, жасыл желектерді суғару үшін 560 метр су құбыры тартылып, түнгі жарық шамдары кейінгі үлгідегі шамдарға ауыстырылды. Аллея мен жастар саябағы толық ретке келтіріліп, халықтың демалатын орнына айналды. Аудан орталығындағы адамдар көп жиналатын бірден-бір орынның айшықты болғаны дұрыс-ақ. Ауыл әкімі бастаған игілікті шаруаға сәттілік тіледік.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.
Суретте: Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов.