Қарашаның 5-і, жексенбі күні елімізде қанатқақты жоба бойынша бірнеше аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлау жүйесін жетілдіру мақсатындағы саяси науқан Қазақстанның 45 ауданын қамтыды. Пилоттық жобаны іске асыруға Алматы облысында екі аудан –Балқаш және Жамбыл аудандары таңдалған болатын.
Әкім сайлауы өткізілген сол 45 ауданның, нақтылай кетсек 42 аудан мен 3 қаланың ішінде сайлаушысының саны ең көбі жағынан Алматы облысының Жамбыл ауданы көш бастады. Жамбыл аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Жақсылық Қарымбаевтың айтуынша, ауданда сайлауда дауыс беру құқығы бар азаматтардың саны – 105 895. Осынша адамның өз сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін 5 қарашада аудан аумағында барлығы 77 сайлау комиссиясы келушілерді қабылдады. Аудандағы жалпы сайлау комиссияларының мүшелерінің саны – 534 адам.
Жексенбі күні таңғы сағат 07.00-де басталған дауыс беру үрдісінде күні бойы іркіліс болған жоқ. Аудандық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, халықтың белсенділігі жоғары болды. Мәселен, күндізгі сағат 10.00-ге дейін аудандағы жалпы сайлаушылардың 11,7 пайызы өздері тіркелген сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасаған. Жақсылық Сұлтанұлы бұл аралықта сайлау учаскелерінде ешқандай тәртіп бұзушылық, заңсыздықтардың болмағандығын айтады. Ал сағат 16.00-де Жамбыл ауданында сайлаушылардың 48 пайызы дауыс беріп үлгерді.
Біз сол күні аудан орталығы Ұзынағаш ауылындағы С.Бердіқұлов атындағы орта мектебінде орналасқан №267 сайлау учаскесіне барып, жұмысын көрдік. Осында құрылған сайлау комиссиясының төрағасы Ақмарал Аққұлиева дауыс беру сайлау заңнамасына сәйкес өткізіліп жатқанын айтты. Дауыс беру таңғы сағат 07.00-де басталып, алғашқы жарты сағаттың ішінде 53 адам таңмен таласа дауыс беріп үлгерген. Келушілер қарасы бірте-бірте көбейе түсіп, сағат тілі 9-ды соққанда 513 сайлаушы өз таңдауларын жасаған. Ал 11.00-ге дейін дауыс беру орнына 963 адам келіп, жалпы сайлаушылардың 33 пайыздан астамы дауыс бергенін көрсеткен. Осылайша кешке дейін мұнда адам аяғы толастамаған.
Мұндай есепті сайлау комиссиясының хатшысы Жұлдыз Қалдыбай жүргізіп отырды. Оның айтуынша, аталған сайлау учаскесінде дауыс беру құқығы бар 2905 сайлаушы тіркелген. Оның 15-і денсаулық жағдайларына байланысты үйден дауыс беруге өтініш еткен. Оларға арнап жылжымалы жәшік жабдықталған. Жәшікті комиссия мүшелері үйлеріне апарып, Заңға сәйкес дауыс беру бюллетенін салғызуға тиіс. Төраға мен хатшыны қоса есептегенде 9 адамнан құралған осындағы сайлау комиссиясы мүшелерінің әрқайсысы өз міндеттерін тиянақты атқаруға ден қойған. Маңызды саяси шараның өту барысын тәуелсіз бақылаушылар қадағалады.
Осы сайлау учаскесінде дауыс беру үшін Мәдина, Дильяр есімді қызы мен ұлын ерте келген отанасын сөзге тарттық. Өзін Зайтунам Якупова деп таныстырған ол:
– Бүгін біздің ауданның әкімі сайланады. Бұл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін ауданның әкімін халық сайлаған емес, оны жоғарғы жақ тағайындайтын. Енді бұл лауазымға лайықтымын дейтіндер қызметке халықтың қалауымен қол жеткізбек. Бұлай болуын әділетті шешім деп ойлаймын. Сондықтан маңызды саяси шарадан қалыс қалмауды жөн санап, өзім қалаған кандидатқа дауысымды бердім. Өзім аудандық орталық ауруханада орта буын медицина маманы болып жұмыс істеймін. Халықтың қалауымен сайланған әкіміміз ауданымыздағы денсаулық сақтау саласының дамуына оң ықпалын тигізеді деген сенімдемін, – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны З.Якупова.
Аталған сайлау учаскесі орналасқан мектептің ауласы бұл күні мерекелік шат-шадыман күйге бөленді. Мұнда «Мен – елімнің ертеңімін» атты іс-шара өткізіліп, жас өнерпаздар ән салып, би биледі. Сондай-ақ «Бауырсақ пати» шарасы ұйымдастырылып, келушілерге шай мен дәмі тіл үйірер бауырсақ ұсынылды. С.Бердіқұлов атындағы орта мектеп – аудандағы ірі білім ұясының бірі. Мектеп ғимаратында №266-шы тағы бір сайлау учаскесі орналасқан. Онда да аудан әкімінің сайлауы осындай тәртіппен өткізілді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.
Суретте: №267 учаскелік сайлау комиссиясы; сайлаушы З.Якупова екі баласымен; «Бауырсақ пати» шарасына атсалысқандар.