Шамалған ауылында орналасқан Үшқоңыр ауылдық ауруханасы келесі жылдан бастап аудандық аурухана ретінде халыққа қызмет көрсететін болады. Бұл туралы ақпаратты аудан әкімі Жасұлан Естенов осы аптада жергілікті халықпен өткен жиын барысында жеткізді.
Аудан басшысының айтуынша, бұл ұсынысты тұрғындар осыған дейін есептік кездесулерде айтқан. Бұқара халықтың бұл өтініштері ескеріліп, Алматы облыстық денсаулық басқармасына жолданған. Нәтижесінде аталмыш басқарма тарапынан қолдау болып, алдағы екі-үш айдың көлемінде ауылдық аурухана аудандық дәрежеде халыққа қызмет көрсетпек.
Жасұлан Тоққожаұлының мәлім ектен ақпаратын Қарасай аудандық ауруханының бас дәрігері Алмат Чорманов растап, округ халқына медициналық мекемеге қатысты атқарылып жатқан жұмыстың жай-жапсарын түсіндірді.
– Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында Шамалған ауылының алғашқы көмек көрсету орталығын жақында аудандық ауруханы ретінде ашу жоспарда бар. Қазіргі уақытта қажетті құжаттар жағы реттелуде. Келер жылдың қаңтар немесе ақпан айында облыс әкімінің тиісті қаулысы шығады. Бұл медициналық орталық аудандық болып табылған жағдайда, оның хирургия, травматология, урология сияқты бөлімдері ашылады. Оған қажетті мамандар бізде жеткілікті, – деп түсіндірді ауданның бас дәрігері Алмат Тұрсынжанұлы.
Айта кетейік, Шамалған ауылының алғашқы көмек көрсету орталығында барлық клиникалық-диагностикалық көмек көрсету қызметтері қамтылады. Сондай-ақ оған Шамалған, Бірінші Май, Жандосов, Әйтей ауылдық округтерінің тұрғындары тіркеледі.
Ал аудан орталығында орналасқан Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық аурухана әдеттегідей тұрақты емделушілеріне қызмет көрсетуін жалғастыра береді. Тек Шамалғандағы мекеме аудандық болып өзгертілгенде Қаскелеңдегі аурухананың кейбір медициналық қызметтерінің жүктемесі азаяды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.