Ұлт руханиятының шырақшысы болып жүрген жандардың қашанда орны бөлек. Оларға ерекше құрмет көрсету мақсатында 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай, үлкен мереке ұйымдастырылады. Осы кезде әр аудандағы бұл салада атқарылған бір жылдық жұмыстарға баға беріліп, он екі ай көлеміндегі ерен еңбек сараланады. Бұл игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында үлкен жиын өткен. Оған облыс әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, мәдениет майталмандарына ақ тілегін жеткізіп, жақсы нәтиже көрсеткен жандарды марапаттап, мерейін өсірген.
Сол күні біздің ауданның абыройы артқан үстіне арта түсіп, алдыңғылар қатарынан табылған болатын. Атап айтқанда, аудандық мәдениет үйі «Үздік Мәдениет үйі» номинациясының жеңімпазы атанса, осы салада сан жылдар төңірегінде тер төгіп, талай жас талантты баптап, бағын ашып келе жатқан танымал әнші, Қалбибі Абдуллаева «Үзді мәдениет қызметкері» атағына ие болды. Қаржылай сыйлық пен сертификатты Амандық Ғаббасұлы аудандық мәдениет үйінің директоры Гүлжан Дүйсеноваға және Қалбибі Алпысбайқызына өз қолымен тапсырып, ризашылығын білдірген.
Әрине, бұл марапаттар ауданымыздың өнер өлкесіндегі ерен еңбегі еленуінің белгісі деуге толық негіз бар. Сондай-ақ, бұл жеңістер алдағы уақытта да қасиетті Қарасай жерінің рухани қазынасын жаңғыртып, бұдан да жоғары жетістіктерге жол ашары сөзсіз. Құттықтаймыз!