Жамбыл ауданындағы Халық ақыны Ү.Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінде саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған шағын экспозициялық бұрыш бар. Онда солақай саясаттың кесірінен жазықсыз жазаланған ұлт зиялыларынан Ұзақбай Құлымбетов жайлы да біраз дерек келтірілген. Осы орайда мұражайға келушілерден Ұзақбай Құлымбетов пен Үмбетәлі ақынның арасында қандай байланыс болған деген сұрақ жиі туындайды. Біз мұны Үмбетәлінің жиен немересі, әрі аталған музейдің директоры Әуелбек Ысқақовтан сұраған едік.
– Әуелбек Мұсаханұлы, қазақтың маңдайына біткен талай асылдың өмірін жалмаған 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетов пен атаңыз бірін-бірі жақсы таныған екен. Сіз мұны қашан білдіңіз?
– Ия, ол кісі Үмбетәлі ақын екеуі аралас-құралас болған екен. Мен мұны кейіннен білдім. 1970 жылдардың басында біздің ауылға Болат Карабалин мен Жібек Нөсербаева деген ұлағатты ұстаздар Талдықорған жақтан көшіп келіп, мектепте сабақ берді. Ол кезде ауылымыздың аты Киров болатын. Бір күні біздің үйге мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жібек апай келді. Ондағы ойы Үмбетәлі атаның ұрпақтарымен танысып, мектепте ақын жайлы кездесу кешін өткізбекші екен. Мен ол кезде Алматы қаласындағы №9 мектеп-интернатында оқитынмын. Менің ептеп өлең жазатынымды, әрі ҚазПИ-дің, яғни қазіргі Абай атындағы Педагогикалық университеттің Көркемсурет-графика факультетінде оқитынымды елден естіпті. Бұл 1979 жыл болатын. Сол жолы Жібек апаймен бірігіп Үмбетәлінің 90 жылдығын мектепте керемет қылып өткіздік. Ал 1980 жылы мен оқуымды бітіріп, осы ауылға мұғалім болып оралдым. Сол кезден бастап Жібек апай және күйеуі Болат Карабалин ағаймен етене араласып кеттік. Сөйтсем, Болат ағай Ұзақбай Құлымбетовтың кенже ұлы екен.
– Болат Қарабалиннің тегі басқа ғой, неге екенін өзінен сұрадыңыз ба?
– Ұлтымыздың маңдайына біткен талай тұлғалар жазықсыз жаланың құрбаны болды ғой. Ұзақбай атамыздың да өмірі қиылып, отбасының тағдыры тәлкекке ұшыраған. Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлы 1937 жылы ұсталып, 1938 жылдың наурызында 47 жасында «Халық жауы» деген жаламен бірнеше адаммен атылған. Оларды халқымыз «оққа ұшқан 19 комиссар» деп атаған. Денелері Іле ауданындағы Боралдай сайына, жергілікті халық «Қандысай» атап кеткен жерге апарып тасталған. Ұзақбай Құлымбетовтың ұрпақтары да көп жыл бойы теперіш көріпті. Әкелерінің есіміне қара күйе жағылған соң балаларының тегін Карабалин деп өзгертуге мәжбүр болған. Болат ағайдың айтуы бойынша әкелері атылған соң көрген қиындықтарын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Шиеттей бала-шағаны аналарынан айырып, Қарақалпақстанға жер аударып, ал аналары, Ұзақбайдың жары Әйіш апаны халық жауының әйелі деп 10 жылға Ақмоладағы «Алжир» түрмесіне қамаған. Ұзақбай Құлымбетов 20 жылдан кейін ғана 1958 жылғы 22 сәуірде КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Балалары – Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат сол қоғамның қатыгездігін қатты сезінген. Қайда барса да жаудың баласы деп кеудеден итерген. Жетімдер үйіндегі жоқшылық пен жетіспеушілікті, оқудан шығарылып, жұмысқа қабылданбаған кемсітушілікті бастан өткізсе де, кек сақтамай мықты азаматтар болып қалыптасты. Олардан қазір Орынша апамыз ғана арамызда.
– Ұзақбай мен Үмбетәлі қашан кездескен?
– Болат ағаның әңгімесінен Ұзақбай атамыз халық жауы болмай тұрып осы біздің қазіргі Үмбетәлі ауылына келгендігін, 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнерінің онкүндігіне баратын Жамбыл бастаған ақындарды өз үйіне жатқызып дайындағанын естідім. Оның ішінде Үмбетәлі де бар екен. Құлымбетовтың біздің ауылға келгендігі жайлы Үмбекеңнің шәкірті, Халық ақыны Әсімхан Қосбасаров та айтқан еді. 1930 жылдардың басында сол кездегі Киров колхозы, қазіргі Үмбетәлі ауылына Құлымбетов пен Мирзоян келгенде ол кезде жас ақын Әсімхан Қосбасаров былай деп өлең арнаған:
Жасасын Мирзоян мен Құлымбетов,
Басқарған барлық елді күлімдетіп.
Кешегі қой соңында жүрген қазақ,
Айдады тракторды дүрілдетіп.
Бұл өлеңді мен Әсекеңнің өз аузынан естіген едім, есімде қалыпты. Енді Болат ағайдың айтуынша, Ұзақбай атамыз Үмбетәлі ақынды Алматыдағы үйіне шақырып бірнеше мәрте қонақ еткен. Ол жайлы кейін Болат ағаның анасы Әйіш апа айтып, ұлына мынадай өсиет қалдырыпты: «Болат балам, сендер көшіп барған ауылда Үмбетәлі деген атақты ақын тұрған. Ол кезінде сенің әкең Ұзақбаймен жақсы араласқан азамат еді. Шамаң келсе сол ақынның ұрпақтарын тауып, араласуға тырыс, – деген екен.
– Әйіш ананың өсиеті орындалған екен ғой?
– Иә, сөйтіп тағдырдың тәлкегіне түскен Құлымбетов пен Үмбетәлі ұрпақтары туған бауырдай болып кеттік. Әйіш апаның айтқаны келіп, біз Ұзақбай атаның ұлы Болат ағамен жақсы араластық. Кейіннен осы Болат ағаның туған әпкесі, Ұ.Құлымбетовтың қызы, белгілі жазушы-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың жары Орынша апаймен де араласудың сәті түсті. Ал енді репрессия құрбаны Ұ.Құлымбетовтың ұрпақтарының әкелерінің «халық жауы» деген жаламен атылып кеткеннен кейінгі адам төзгісіз тағдырларын ешкімнің басына бермесін. Ол жайлы Орынша апайдың «Тағдыр» атты кітабынан көз жасыңды көл қылып оқуға болады.
– Экспозициялық бұрыш қалай ашылды, онда қандай жәдігер бар?
– Үмбетәлі музейіндегі репрессия құрбандарына арналған шағын бұрыш кейіннен, осы Болат Карабалин ағаның ұлы Сұңқар Карабалиннің демеушілігімен ашылды. Онда тағдырдың тәлкегіне түскен Құлымбетовтер әулетіне қатысты бірқатар заттар бар. Мәселен, жары Әйіш апаның тәлкекті жылдары өзінің ұстаған, қолының табы қалған ұршығы тұр. Әкесін халық жауы деп атып тастап, баласы Болатқа жақсы оқығаны үшін Сталиннің берген грамотасы да осында қойылған. Орынша апайдың «Тағдыр» атты кітабы, кейіннен Құлымбетов пен Үмбетәлі ұрпақтарының бірге түскен тарихи фотосуреттері жинақталған. Құлымбетовтың келіні, орденді ұстаз Жібек Нөсербаеваның тарихи заттары да қойылған. Кезінде Қазақ Республикасы үкіметін басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетов жайлы көлемді «Тағдыр» кітабының бірінші бөлімінде оның өмір жолдары мен еліне сіңірген еңбегі жайлы көптеген зерттеушілердің мақалалары жарияланған. Екінші бөлімінде Ұ.Құлымбетовтың қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалинаның бастан кешкен қиындықтары, босқынға ұшыраған ұрпақтың тағдыры арқылы бүкіл қазақтың басына түскен нәубет баяндалады.
Бұдан былай қазақтың ешбір ұрпағы заманның тәлкегіне түспесін деп тілеймін. Ұзақбай мен Үмбетәлі аталардың таныстығы, ұрпақтарының байланысы осындай.
– Әңгімеңізге рахмет!
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суретте: Ү.Кәрібаев музейіндегі жәдігерлер.
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы.