Республика күніне орай Жамбыл ауданының Қопа жазығында 100 шақырымдық Аламан бәйге өтті. Еліміздің Ұлттық мерекесіне арналған айтулы шараға жиналған жұртшылық бұл күні ат жарысынан бөлек ұлттық ойындардың да көрігін қыздырды. Спорт бәсекесінде топ жарғандарға қомақты жүлде қоры тігілді.
Бұл күні ауданның солтүстік-батыс шетіндегі сары дала бір сәтте ұлан-асыр тойға айналды. Әдетте мұнда адам аяғы сирек басатын, ұшқан құс пен жүгірген аң ұшырасып, төрт түлік еркін өріп, тыныштық орнаған қойнауы құтты мекенде ән-жыр қалықтады. Аламанның дақпыртын күні бұрын естігендер тымық жатқан Қопа жазығына таңертеңнен бастап жан-жақтан ағылды. Ат жарысын қызықтауға келгендердің көңілі шат. Жағалай киіз үйлер тігіліп, ортада дала сахнасы қанатын жайған. Шараны Жамбыл ауданы әкімдігінің және Алматы облыстық бәйге федерациясының қолдауымен ұлттық ат спортына жанашыр азаматтар өздері ұйымдастырыпты. Мерекеге жиналған көпшілікті аудан әкімінің міндетін атқарушы Ақниет Туматаев, аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстың және ауданның Құрметті азаматы Әскербек Абаев құттықтап, шабандоздарға сәттілік тіледі.
Ұлттық ойындар шымылдығы ауыл ақсақалдарының ақ батасымен түрілді. Дүбірлі додаға жан-жақтан жүйріктерін баптап әкелген ат иелері, шабандоздар мен қылқұйрықтар дауыс үдеткіштен жеке-жеке таныстырылды. Жүз шақырымдық бәйгеге негізінен Алматы, Жамбыл, Жетісу және бірді-екілі өзге де облыстардан барлығы 70-тен аса ат қатысты. Жарыс қазіргі күнгі болып жүрген шеңберді айнала шабу тәртібімен емес, бабаларымыздың баяғы жолымен, яғни тіке бағытта өтті. Құйрық-жалы сүзілген сәйгүліктердің тізгіні ауданның солтүстігіндегі сонау Күрті жазығындағы Қаншеңгел ауылынан жіберіліп, батыстағы Қопа ауылы маңындағы сөреге дейін көсіле шапты. Ерекше атап өтерлігі – бабадан жалғасып келе жатқан аламанның тарихи жерлерден өтуі. Батыр бабаларымыз осынау кең жазықта ақ найзасын қолға алып, тұлпар мініп, ту алған. Азаттық соғысының куәсі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен жер, ықылым замандардан бергі тастағы бедер-белгілер сақталған әлемге әйгілі Таңбалы шатқалы осы маңда. Жарысты ұйымдастырушылар мемлекетіміздің мерейін тасытатын ұлттық мерекеде осыны ескергенге ұқсайды.
Жүз шақырым жерден ат келгенше көрерменді құр қаратып қоймай, түрлі спорттық ойындар бәсекесі ұйымдастырылды. Қазақша күрес, қол күресі, ләңгі тебу, арқан тартыс, қошқар көтеру, қыз қуу сияқты ұлттық ойындардан жарыстар қызып жатты. Бұқаралық спорт түрлерінде «сен тұр, мен атайын» дескен жүзге тарта шымыр жігіттер әр қырынан өзара күш сынасты. Мұнда сол аймақта ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес Жамбыл облысының Қордай ауданының азаматтары да белсенділік танытты. Мықтыдан мықты шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қашықтағы Қаншеңгел ауылынан тізгін босатқан бәйге төрт сағат дегенде Қопа ауылында өз мәресіне жетті. Нәтижесінде 1-ші болып Жамбыл ауданы Дегерес ауылының тұрғыны Еркін Айдынның «Білезік» атты сәйгүлігі келіп, 2 миллион теңгені қанжығасына байлады. Бабы келіскен жирен тұлпар 100 шақырымды 4 сағат 12 минутта еңсерді. Ал жүлделі 2-орынға Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны, ардагер атбегі Орынтай Әмірғалиевтің «Бойтұмар» атты тұлпары ие болып, 1 миллион теңгені ұтты. 3-орынға да осы аудандағы Суықтөбе тауының етегіндегі Кеңсай ауылының тұрғыны Ержан Маямеровтың «Қарагер» атты сәйгүлігі ие болып, 600 мың теңгені жеңіп алды. Сондай-ақ аламанда 4,5,6,7,8,9-орындарда келген тұлпарлар үшін де ат иелері мен шабандоздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жиналған көпшілік дала сахнасында аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасын тамашалады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.