Асқар тау әкелер
Әке сен, жансың биік, дана тұлғаң.
Мейірім,нұры менен жаратылған,
Бар әлемнің, жақсылығын
бойға жыйған,
Менің әкем, мен үшін, дара туған.
Әке сенің жүзіңнен қуат алам.
Жанарыңның жылуы шуақтанған,
Өзің барда,, ғажайып көрінеді,
Шынайы боп, көзіме мына ғалам, – деп ақын жырлағандай, мынау бір қонақ өткінші өмірде әкелердің орны бөлек. Заманның тыныштығын, ұрпағының бейбіт те шат күнін армандайтын әкелерге жетер ештеңе жоқ?! Олардың ақ тілеулі пейілі мен көңілі жаныңды жадыратады. Жылы жүрегі мен кең құшағы көңіліңді жаз етеді. Әкелердің тілеуімен айнала нұрланып, жылы сөзімен төрткүл дүние, шаңырағың жайнап сала береді.
Жақында Кеген аудандық Мәдениет үйінде болашақ ұрпаққа берері мол игі шара өтті. Айта кетейік, «Әке көрген оқ жонар..!» атты аудандық әкелер форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру. Отбасының қамқоршысы, ақылшысы, қорғаны, ұрпақ тәрбиесіндегі жол көрсетушісі, сүйеніші Әке екендігіне басымдық беру арқылы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу. Форумға аудан басшылығы, мекеме басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен қариялары және еліміздің болашағы – жас өрендер қатысты.Форумда аудандық Мәдениет үйінің кіреберісіне ұлттық қолөнеріміздің туындыларына, жауһарларына арналған тамаша көрме ұйымдастырылды.
Әр ауылдық округтен келген әкелердің қолынан шыққан түрлі-түрлі қол өнер бұйымдары, бөлменің сәні мен әрін кіргізетін заттар көз тартты.
Бергені мен берері мол шараның шымылдығы Сабырбек Жауғаш атамыздың ақ батасымен ашылды. Шараның алғы сөзін аудан әкімінің орынбасары Қабылбеков Кеңес Күнесбайұлы бастап, артынша Алғабас ауылының қариясы Смағұл Дәлібаев атамыз жалғастырды.
Сонымен қатар С.Серкебаев атындағы орта мектептің директорының орынбасары Қызыр Әбжанбаев, Тұйық ауылының қолөнер шебері Фархат Сатыбалдиев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков, Ұзынбұлақ ауылының қариясы Марат Тақабаев, Жастар ресурстық орталығының қызметкері Әділет Шүкен, І.Жұмағұлов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Жайықбек Аян, Ө.Жаңабаев атындағы орта мектеп оқушысы Жанкелді Мейрхат сынды көпті көрген қарияларымыз бен ел ағаларымыз және көзінде жалыны бар жастарымыз форумда сөз сөйлеп, лебіздерін білдірді. Әрбірі тақырыптың айналасында пайымды пікірлерін білдіріп, мұндай іс-шаралардың маңызы жоғары екенін айтты.
Жиын соңында аудандық кәсіподақ төрағасы Көпжасар ағамыз, ауданымыздың найб имамы Нұрбол мырзалар өз ойларын ортаға салды. Олар отбасындағы әкенің рөлін айтып, тәрбиелік мәні бар, тағылымды пікірлерімен бөлісті.
Осы форумды өз сөзімен ұйымдастырушыларының бірі, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман қорытындылады. Келген қонақтарға алғысын жеткізіп, іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.