Биыл екінші рет кәсіби мерекелердің қатарына қосылған 24 қазан — Кітапханашылар күніне орай Астана қаласындағы «ҚазМедиа» телерадиокешенінде мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысып, Қазақстанның әр өңірінен келген кітапханашыларға «Мәдениет саласындағы үздігі» төсбелгіні, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыс етті. Олардың қатарында біздің жерлесіміз, Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұлдархан Өтеева да бар. Ол «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері атанып, мәртебесі өсті.
Ұлдархан Қаханқызы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін «тарих және кітапханашы-библиограф» мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Күрті ауданының кітапханасында кітапханашы болып бастаған. 2001 жылдан бері Қарасай аудандық кітапханасында кітапханашы, әдіскер, одан кейін әдіскерлер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2017 жылы аудандық кітапхананың директоры болып тағайындалды. Кітапхана саласында 37 жылы қызмет етіп келе жатқан Ұлдархан Өтеева мәдени көпшілік шараларды шебер ұйымдастырушы, өз мамандығының білгірі атанып, кітапхана саласының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.