Мемлекеттің дамуына бірден-бір кедергі болатын сыбайлас жемқорлық екені жасырын емес. Қоғам дертіне айналған бұл құбылыс әлемнің көптеген елінде кездесіп, сол мемлекеттің саяси ахуалына, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда даму үдерісіне тежеуші күшке айналуда.
Жемқорлық жайлаған елдің арасында Қазақстанның бар екені айтпасақ та белгілі. Өйткені оған себеп болатын факторлар жетіп артылады. Пара алу мен пара берудің дәлелі бірқатар салада байқалуда. Соның ішінде білім саласын айрықша атап өтуге болады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі үш жылда біздің елде білім беру саласын дамытуға 12,1 трлн теңге бөлінген, ал бұл 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет шығысының 28%-ын құрайды. Одан бөлек білім саласындағы қызметкерлердің табысы артқаны белгілі. Соған қарамастан ақша жымқыру фактісі азаймай тұр Аталған агенттіктің тағы бір дерегінше, тек Жетісу облысында қалалық білім бөлімінің қызметкерлері 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңгені ұрлаған. Қылмыстық топқа басшы және екі білім беру мекемесінің бухгалтерлері, сондай-ақ 13 мектеп бухгалтері кірген.
Мұндай қылмыстық жүйе елдің көп өңірінде анықталған. Бюджет жымқырудың тәсілі қарапайым. Атап айтар болсақ, қызметкердің жалақысына оның лауазымына қарағанда әлдеқайда көп ақша аударған, жалақы мүлдем мекемеде жұмыс істемейтін адамдарға төленген, бір емес бірнеше азаматтарға ақша аударымдары жүзеге асқан және «өлі жандар» болып танылатын туыстары мен жақындарына аударған.
Жоғарыда аталған дәйекті ақпараттардың легін жалғастыра берсек келтіретін факттер таусылмайды. Бұл ақша аудару тәсіліне тұсау болу үшін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен уәкілетті органдар арасында «Жол картасына» қол қойылды.
Жемқорлық жүйесі бұзылмаған елдің ішінде Қазақстан бар болғандықтан, онымен күресудің жолдары бар. Десе де жүзеге асыруға келгенде нәтижесі көңіл көншітпейді. Тіпті, біздің мемлекет ТМД елдері арасында бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттің негізгі қағидаларын анықтайтын «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңын қабылдады.
Айналып келгенде, жемқорлықтың жолын кесу әрбір адамның қолында. Әділдікті, ақиқатты сүйе білген азамат бұл дерттің өршуіне тосқауыл бола алады. Заңды қатаң сақтап, оны жауапты органнан талап етсе, сыбайластықтың серіктестері сирейді. Сонымен қатар, отбасылық тәрбиенің де маңызы зор. Үйдегі балаға ненің жаман, ненің жақсы екенін, шындықты сүюге баулыса, өскенде ол баладан жемқор адам қалыптасады дегенге сену қиын. Сондықтан қоғамды адалдыққа үйрету керек.
Біздің елде пара алуды тоқтату мақсатында адамдарға дәлелді факт үшін адамдарды ынталандыру тәсілі ойластырылған. Яғни, жемқорлыққа қатысты нақты дерек болса, хабарлаушы тұлғаға сыйақы беріледі. Бұл да жемқорлық жоюдың бірден-бір тәсілі.
Сыбайлыстығы жоқ елде даму үдерісі үдейтіні анық. Қарапайым мысал ретінде Сингапур елін айтуға болады. XX ғасырда бұл қоғам дертіне қарсы жаңа модел ойлап тапты. Мәселен, 1965 жылы тәуелсіздігін алған Сингапурде парақорлық белең алған. Кез келген мәселе пара беру арқылы ғана шешіліпті. Алайда аталған елді бірнеше жыл басқарған Ли Куан Ю мұндай бассыздықты қолға алып, арнайы жоспар әзірлеген. Алдымен заңдарды қатаңдатты. Соттық жүйенің тәуелсіздігін жоғарылатты. Шенеуніктердің жалақыларын өсірді және олардың іс-әрекеттері регламенттелді. Сыбайлас жемқорлықты тергеу бойынша дербес Бюро құрылды. Бастысы, шағын және орта бизнеске есік ашып, олардың дамуына кедергі болатын түрлі әкімшілік кедергілерді жойды. Жолға қойылған тынымсыз жұмыстар уақыт өте келе нәтижесін берді. Қазіргі таңда Сингапур елі әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің үздік ондығына кіреді.
Заңның үстемдігі орнамайынша, заңсыздық болатыны ақиқат. Сондықтан қоғам құлдарамау үшін жайлаған жемқорлықпен бәріміз күрескен жөн. Әділдік бар жерде даму, өсу, өркендеу орын алатынын ұмытпайық.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.