Бүгінгі таңда қолымыздан келгенше жақсылық жасауға талпыну – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Аллаға шүкір, арамызда әрдайым осыны ойлай жүретін, жақсылығын қамдай жүретін жандар бар. Сондай жандарды ойлай ұйқысынан оянып, қолынан келсе, қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмек жасағысы келетін адамдардың барын жоққа шығаруға болмайды.
Кеген ауылында тұратын Қуаныш Мұқанбекқызындай асыл ана осындайда әрдайым көш басында тұрады. Анамыздың жұдырықтай ғана жүрегі ел мен жер деп соғады. Өзі өмір сүрген ортасындағы көп балалы аналарға, жетімдер мен жесірлерге бүйрегі бұрып тұратын жан. Жалғыз басты қарттарына қамқор адам. Қолында бар болса, сондай жандарға көмек қолын созуға әзір. Мүмкіндігі келгенінше айналасына шуағын шаша, жан жылуын, жақсылығын тарата жүргенді қалайды. Кәсіпкерлік саласы бойынша аудан көшін бастап жүрген сондай еңбекқор жан. Ғұмыр бойы адал еңбегін сенімді серік етіп келеді. Өзгелерден де адалдықты, әділдікті, шындықты талап етеді. Өйткені, тура жолынан таймаған қарымды қаламгер, жалынды журналист, майдангер Мұқанбек Естеновтің атына кір келтірмеген перзенті. Көпке арналған игі дүниелерімен өз тұсында Райымбек ауданының Құрметті азаматы атанды. Кеген ауданында кәсіпкерлік сала бойынша «Жыл адамы» болды.
Қуаныш ананың Кеген ауылындағы тек қана бір күнгі жақсылығын айтайықшы. Қыстың суығында балапандары тоңбасын, үйлерінің жылылығы, берекесі кіріп отырсын деген жылы ниетімен 10 отбасыға 1-1 тоннадан көмір түсіртіп берген еді. Өмірдің өзегі нан ғой, ауылдағы 56 отбасыға өз қолымен пісірген аппақ, дәмді нандарын тегін таратып берді. Бұл жүрегі мейірім-шапағатына толы ананың игілікті істерінің бір парасы ғана. Бәрекелді! Бір Алламыз әр күнгі ісіңізге дем беріп, қуат беріп, аман-есен айналаңызға шуақ сыйлап жүре беріңіз! Жасыңыз жүзге, құшағыңыз ел мен жұрттың алғысы мен батасына толсын!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.