Жүйрік ат, қыран құс ежелден ердің серігі. Біздің туған Тәуелсіз Отанымыздың көк байрағындағы қыран құстың келбеті – азаттығымыздың айбыны ретінде бейнеленген. Бұл ұлттық құндылығымыздың жарқын да жайдары көрінісі.
Бүркіт – қаршыға тұқымдасына жататын үлкен құс. Ол біздің қоршаған ортамыздағы ең ірі қыран саналады. Бүркіттің сиреп бара жатқаны көңілімізге қаяу түсіргендей болады. Дегенмен, құстың патшасы, көк тәңірі саналатын бүркіт биік тауларымызда өмір сүріп келеді. Бүркіт – текті әрі киелі құс, жеті қазынамыздың бірі. Бүркіт деп аталатын адам аттарының да ұшырасатыны бекер емес. Қыран бүркіт – мықтылықтың, қайсарлықтың, еркіндіктің белгісі. Дәл осынау үшкір ілмек тұмсықты, ұзын қанатты, орасан күшіне толы тырнақты, қоңырқай түсті киелі де қастерлі құсты балапанынан баулып, қолына қондырып, аялап ұстап, көркейте өсіріп жүрген құсбегілер әр өңірден сирек те болса ұшырасып тұрады. Соның өзі көңілімізге үлкен демеу.
Әрине, бүркіттей құстың қатары азайып бара жатса да, бүркітші азаматтар қатарының сиремеуін жан-жүрегімізбен қалаймыз.
Аспантаулар өлкесіндегі құсбегілердің бірі – Дәулетбақов Жанболат Сәрсенбекұлы. Жанболат ағамыз Кеген ауданындағы Ақай ауылында тұрады. Жалпы, атбегілік, құсбегілік қанмен келетін, даритын қасиет. Біз сөз етіп отырған Жанболат ағамыздың әкесі Сәрсенбек қария өз тұсында ел аузына іліккен, жұрт назарын аударған әйгілі атбегі, құсбегі, он саусағынан өнері төгілген шебер ұста, зергер болыпты. Күмістен соққан, ұлттық нақыштағы ою-өрнекті сақина, білезіктері көнекөз жандарда сақтаулы. Ел мен жердің шежіресіне де жап-жақсы қанық қария Кеңес Одағының тұсында ұсталығымен қатар бүркіт бағып, баулып, түлкі аулап қансонарда жақсы сәттерін өткізген екен. Өзі көрсең көзің тоятындай, түр-тұлғасы келіскен, қапсағай ірі денелі, кесек бітімді атамыз жараулы жүйрік тұлпарымен, қолына қыран құсын қондырып шыға келгенде жұртшылық риза көңілдерімен қарасып қалатын. Аты алысқа тараған құсбегі баптаған бүркітімен, жараулы тұлпарымен талай-талай мәрте облыстық, республикалық дүрмекті бәсекелерде бас жүлдені еншілеп, мерейлі болған. Құсбегі, атбегі, саятшы қария туралы кезінде арнайы деректі кино түсіріліпті. Оның бәрін ешкім ұмыта қойған жоқ. Сәрсенбек атамыздың қазаққа тән қасиеттері бүгінде ел аузында аңызға бергісіз әңгіме болып шертіледі. Жақында ғана Сәрсенбек қарияға құрмет көрсетіліп,халықаралық турнир де өткен еді.
Сол кездегі бала Жанболат әкесінің қасынан бір елі қалмай жүріп, көп нәрсені үйренді. Қызығы, шарапаты өз алдына қиындығы мол, ауыртпалығы бір басына жетерлік құсбегілікті баласына басы бүтін тілемесе де, «Қолайларыңа жақса өз замандарыңда көрерсіңдер. Мен сендерге бүркітші бол демеймін. Ат ұстағаннан, жүйрік баптағаннан жаман болмайсыңдар» – дейді екен.
Тойған қозыдай құлдыраң қаққан Жанболаттай ел ағасының ауылдың қарадомалақ баласы әкесінің қасынан қалмай жүріп көп нәрсені үйренді. Жылқыға жақын болып өсті. Құсбегіліктің де қыры мен сырын жадында түйіп қалуға тырысты. Қара шаңырақтарына әрдайым жараулы аттар, арнайы орынға қондырып қоятын бүркіт көрік беріп тұратын. Жанболат аға өз тұсындағы Кіші Жалаңаш, қазіргі академик Ақай ауылының бір перзенті. Осындағы орта мектептің түлегі. Отан алдындағы борышын абройлы атқарып келгеннен кейін осы ауылдағы «Көлбастау» ұжымшарында еңбек еткен. Сан-салалы жұмыстарына араласқан. Қой бақты, жылқышы да болды. Әкесіне тартқан биік те мығым денелі жігіт 2000 жылдардан бері қарай құсбегілікпен айналысып келеді. Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Қарақия деп аталатын таудың құзар биігіндегі бүркіттің ұясынан алған «Кереку» атты ұябасар бүркіті бар.
– Бүркіттің бір жасары – балапан, одан кейінгісі – қантүбіт, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк түбіт деп аталып кете береді. Менің бүркітім көктүбіт жасында. Оны аңға салу – төзімділікті, іскерлікті, асқан шеберлікті қажет етеді. Жалпы, әкемнен көргенім, үйренгенім, жаныма түйіп қалғаным көп пайдасын берді, – дейді кейіпкеріміз ашыла әңгімесін айтып.
Текті, киелі құсын қолына қондыра бағып-қағып жүрген Жанболат ағамыздың жетістіктері аз емес. Оның біріне өзіміз де куә болдық. Өткен жылы Райымбек ауданындағы Қайнар ауылдық өңіріне қарасты Лабасы тауының етегінде өткізілген «Салбурын » атты халықаралық құсбегілер жарысында Жанболат Дәуқабақовтай құсбегі азаматымыздың «Керекуі» жүлделі 4 орыннан көрінді. Саятшылардың «Салбурын» деп аталатын топталып аң аулауын білдіретін бәсекеде мерейлі болған Жанболат аға арнайы дипломмен, медалмен, қаржылай сыйлықпен марапатталды. Ол осыдан бірсыпыра жыл бұрын Еңбекшіқазақ ауданындағы Сөгеті өңірінде өткен бүркітшілердің республикалық жарысында жүлделі І орынға ие болғаны бар.
– Бүркітіміз негізінен ет жейді. Күз маусымындағы қазан айынан бастап ақпан айының ортасына дейін аңға саламыз. Негізі қырдан қашқан түлкіні құры жібермейді. Киелі құсымыз ақпан айының аяғынан бастап, күзге дейін түлейді. Жап-жақсы ет алып, қоңданып аңға салуға жарамды болып тұрады. Өңірімізде құсбегілікті үйренсем, көрсем деген жастар жоқтың қасы. Егер ықыласты жандар болса үйретуден жалықпас едім, – дейді Жанболат Сәрсенбекұлы.
Біз сөз етіп отырған Жанболаттай ағамыз – Ақай ауылындағы өнегелі отбасының иесі. Жұбайы Гүлмария екеуі екі ұл, үш қызын өсірді. Қыздарын қиясына қондырып жүрген жайлары бар. Рас, Жанболат ағамыздың өзі айтқанындай, өлкемізде құсбегілер де сирек ұшырасады. Сондықтан оларға ауыл, аудан, облыс тарапынан лайықты назар аударылып, қолдау көрсетілгені ләзім. Өйткені, ежелден алтын арқауын, жібек жолын үзбей осы күнге жеткен қымбат қазына, ұлттық құндылығымызды аялай ұстап, жоғалтып алмауымыз аса қажет.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.