Саналы ғұмырларын елім деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан қарияларымыздың жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына екені рас. Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор.
Міне, осындай ұлағатты, қадірлі қарияларымыздың өмірлерін насихаттау мақсатында елімізде қазан айының бірінші күнін – Халықаралық қарттар күні деп жариялаған еді. Осы ретте жылда қазан айында ауданымызда аталмыш мерекеге орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сондай шараның бірі өткен аптада Райымбек ауылдық округіндегі Абай ауылында өткен еді.
Абай атындағы № 2 орта мектептің ғимаратында болған шараға Райымбек округі әкімінің орынбасары Қуаныш Қожахметов, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Ахмедсадықов мен ауданның құрметті ардагерлері қатысты.
Аталмыш кешке ауданымыздың құрметті ардагерлеріміздің аудан үшін атқарған еңбектерін жас ұрпаққа насихаттап, оларға құрмет көрсетіп, жақсы көңіл-күй сыйлауға бағытталған.
Мерекелік шараны мектеп директорының міндетін атқарушы Райкул Сасанова ашып, ардагерлер еліміздің алтын қоры, олардың мол тәжірибесі мен өмір жолы біз үшін аса құнды екенін тілге тиек етіп, егемен елімізде қарттарымызға қашанда лайықты құрмет көрсетілуі тиіс екенін айтып өтті. Сондай-ақ жылы лебіздерін округі әкімінің орынбасары мен аудандық мәслихат депутаты білдіріп, халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы қарияларымыз барында ел ішінде жөнсіз істер орын алмайтындығы жайлы айтты.
Қазыналы қарттарды Райымбек ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Леміс Әбдікерімов те құттықтады.
– Құрметті әріптестер, ардақты ардагерлер, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздер қоғамның түрлі саласында қызмет етіп, ауданымыздың дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар және әлі күнге дейін қосып келе жатырсыздар. Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Осы күнге дейін ауданымыздың қоғамдық өмірінен тыс қалмай, азаматтық ой-пікірлеріңізбен бөлісіп отырасыздар. Сіздердің зейнет жасынан кейін де осылай белсенді өмір сүргендеріңіздің қоғамымыз бен жас ұрпаққа берер тағылымы зор, – деді ол.
Шараға қатысқан аға буын өкілдері өз кезектерінде ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, өскелең ұрпаққа жақсы мен жаманның аражігін ажырататын өсиетті ақыл-кеңестерін берді. Елдегі ұлтаралық татулық пен саяси тұрақтылықтың сақталуын, қайғысыз күннің түгемеуін тіледі.
Мерекелік кеш әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Онда жас болсада өнерлі жезтаңдай әншілер мен дауылпаз күйшілер, мың бұралған бишілер өнер көрсетіп, жиналған қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.