Сыбайлас жемқорлық – әлемнің кез келген елінде тамырын жайып, оның саяси және экономикалық дамуына тежеу болып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Бұл құбылыс өкінішке орай біздің елімізді де айналып өтпей, қазіргі таңда кең етек алып келе жатыр. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің дамуына елеулі қауіп төндіреді. Осы ретте тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали ағымдағы жылдың шілде айында өзінің Мемлекет басшысына берген баяндамасында сыбайлас жемқорлықпен күрес жіті қолға алынып, бүгінде барлық қажетті жұмыс атқарылып жатқандығы жайлы айтып өтті. Оның мәлімдеуінше, биылғы жылдың алты айында 130 нысанға талдау және мониторинг жүргізіліп, жемқорлықты жоюға қатысты 1000-нан астам ұсыныс енгізілген. Жыл басынан бері елімізде 1000-ға жуық сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс тіркелді, 700-ден астам адам әшкереленді, оның 98-і түрлі деңгейдегі басшылар. Сотқа дейінгі аяқталған тергеу амалдарының нәтижесі бойынша 232,6 миллиард теңге өтелген.
Жалпы, 1,5 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 860 миллиард теңге көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған. Бұдан бөлек кәсіпкерлік, білім сияқты жемқорлық орын алған өзге де салаларда тексеріс жұмыстары жүргізіліп, заң бойынша қажетті шаралар қолданылған.
Әрине, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз тарапынан жемқорлық мәселесін шешу жолында барынша жұмыс атқаруда. Алайда елімізде кең етегін жайған бұл індет түбегейлі тоқтау үшін қоғамның барлық күш жігерін біріктіру керек. Себебі жемқорлық туралы айтқанда тек пара алушыларды жою арқылы жеңуге болмайды. Ол үшін пара беруге ниетті жандардың да санасына саңылау түсіріп, жегі құрттың етек жаюына өзінің де ықпал етіп отырғанын жан-жақты түсіндірген маңызды.
Адамдардың көбі пара беру мен сыбайластықты түсінбейді. Алайда пара алу мен пара берудің қылмыстық жауапкершілігі тең деп айтуға болады. Жемқорлықпен күрес ең алдымен адами фактордың таным-түсінігіне, рухани кемелділігіне байланысты. Біздің қоғамда көп жағдайда жемқорлықты мемлекеттік қызметшілер, полиция және денсаулық саласының өкілдерімен байланыстырды. Десе де адамдардың көбі жемқорлық өздерінен басталатынын түсінбейді және түсінгісі де келмейді.
Нақтырақ айтқанда, адамдар көп жағдайда әрбір салада қызмет етіп жүргендердің барлығы өз ортамыздан шыққан азаматтар екенін ұмытып кететін секілді. Ата-бабамыз әрбір жақсы да жаман да қылықтар отбасынан басталатындығы жайлы бекер айтпаған ғой.
Бүгінде адамдар ауруханада болсын, халыққа қызмет көрсету орталықтарында болсын жалпы кез келген жерде кезекте тұрмау үшін немесе құжаттарын тезірек жасату үшін сол мекеменің қызметкеріне ақша бере салады. Жұмысқа орналасу, жеке кәсібін бастау, баласын балабақшаға, мектепке, жоғарғы білім ордасына беру кезінде де құжаттармен жүгіргеннің орнына пара бергенді жөн санап кеткен. Осындай кезде адамдар өзінің өсіп келе жатқан баласының санасында қандай ой қалыптастыратындығын жақсы түсінеді, бірақ туындаған мәселеге ұзақ уақыт бөлгісі келмегендіктен, оны оңай жолмен шешуді, яғни пара беруді жөн көреді. Өзінің құқығын қорғағаннан, мемлекеттің заңын білгеннен гөрі бәрін ақшамен шеше салады. Айналып келгенде біз өзіміз қолымызбен болашақ ұрпақты жемқорлыққа үйретіп отырмыз деуге болады.
«Басқалар да береді ғой, маған неге беруге болмайды» деген сәттен-ақ біз жемқорлықтын өсуіне жол береміз.
Сондықтан біз сана-сезімімізді өзгертуіміз керек, миымызда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруымыз қажет. Жол полициясына немесе жұмыс берушіге пара бергенше, өзіміздің құқығымызды қорғауды үйренген жөн емес пе?
Бұл айтылғандардың бәрі қарапайым, бәріне белгілі нәрселер сияқты. Алайда, егер біз елімізде күннен-күнге өсіп келе жатқан індетті тоқтатқымыз келсе, онда өзгерісті өзімізден бастауымыз қажет. Заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі біздің қолымызда екенін түсінуіміз керек.
Себебі адам өзгермейінше, қоғам ешқашан өзгермейді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.