Осыдан бір апта бұрын Қарасай ауданына арнайы жұмыс сапарымен Алматы облысының мәслихат төрағасы Талғат Байеділов келіп, ауданның қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен танысты.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен бірқатар облыстық басқарманың, аудандық бөлімнің басшылары қатысты.
Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Ескендірұлы алдымен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауының маңыздылығына тоқталды. Одан бөлек Мемлекет басшысының Алматы облысына жасаған іссапары барысында айтылған тапсырмалары мен ұсыныстары жайлы сөз етіп, оның орындалуы үшін бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
Сондай-ақ бұл жиында аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы аудан бойынша осы уақытқа дейін әр салада атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта жүзеге асатын істерге қатысты ақпарат берді. Одан бөлек аудан әлеуетін арттыру бойынша ауқымды жобаларға тоқталып, оның экономиканы көтеруге септігі болатынын да түсіндірді.
Өз кезегінде халық қалаулылары сөз алып, бірқатар өзекті мәселені қозғады. Мәселен, Самат Толықбайдың айтуынша, Шалқар ауылында дәрігерлік-амбулатория әлі күнге дейін жоқ. Тіпті, 10 жылдан асып кеткен. Аудандық мәслихаттың депутаты халыққа қажетті әлеуметтік нысанның қашан болатынын сұрап, тікелей сауалын жолдады. Ал дәл осы саланы қадағалайтын аудан әкімінің орынбасары Р.Атшабаров қазіргі уақытта аталған медициналық мекеменің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын және келесі жылы құрылысын бастау жоспарда бар екенін жеткізді. Бұл жайттан хабардар болған Талғат Ескендірұлы аудан басшылығына аталған мәселені қадағалауды тапсырды.
Тұрғындардың өтінішін арқалап, сұрақ қойғандардың қатарында облыстық мәслихат депутаты Махаббат Бигелдиев пен аудандық мәслихат депутаты Қаныбек Айтжанов та болды. Ел сенімін арқалаған азаматтар жұртты алаңдатқан Шамалған ауылындағы өнер мектебі мен газдың тарифіне қатысты мәселені қозғап, облыстық мәслихат төрағасынан олардың оңды шешілуіне ықпал етуін сұрады.
Жиында сөз етілген тағы бір жайт – Елтай ауылында салынатын сүт-тауар фермасы. Бұл жобаның артықшылығы жайлы Қарасай аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жанат Исағұлов жан-жақты түсіндіріп, бүгінде оның жер теліміне қатысты мәселе туындағанын айтты. Осылайша Жанат Молдағұлұлы облыстық мәслихат төрағасы Т.Байеділовтен дәл осы жобаның іске асуы үшін оған қатысты проблеманы облыстық деңгейде көтеру керектігін айтып, ел игілігі үшін оны біржақты реттеп беруін сұрады.
Талай жайттың мәніне үңілген төраға барлық мәселе міндетті түрде назарда болатынын айтып, облыс тарапынан шешуге қолдау болатынын жеткізді.
Жиын соңынан кейін Талғат Ескендірұлы аудандағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен Қаскелең қаласындағы «Өнер мектебі» ретінде ашылатын ескі ДОСААФ ғимаратына қатысты мәселемен танысты. Одан кейін Іргелі ауылдық округіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан 2000 оқушыға арналған мектептің қазіргі жай-күйіне мән беріп, құрылысының неге баяу жүріп жатқанына мән берді. Сондай-ақ, мәслихат төрағасы аталған тұрғын үй кешенінің жылу жүйесін тексерді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.