ҚР Парламенті Мәжілісінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасы қаралуда. Онда жаңа қоғамдық институттарды енгізу, тұтынушылардың шағымдарын қарау рәсімін жеңілдету, сондай-ақ тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы дауды ерікті түрде шешуге ынталандыру құралдарын енгізу сияқты шаралар көрсетілген.
Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заң жобасының негізгі жаңалықтары туралы айтылды.
Заң жобасында ұсынылған түзетулер, ең алдымен, бизнестің жауапкершілігін арттыруға және халықтың, яғни әрқайсымыздың тұтыну құқығымызды қорғауға бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң жобасының негізгі аспектілері:
— Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша омбудсмен институтын (бұдан әрі – Омбудсмен) енгізу арқылы қоғамдық институттардың әлеуметтік-саяси ықпалын кеңейту.
— Омбудсмен институтының салалық мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеуге міндетті түрде қатысуы арқылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау қағидаты.
— Тұтынушылардың құқықтарын бұзатын немесе осындай бұзушылықтарға әкеп соғуы мүмкін жағдайлардың алдын алу.
— Қашықтықтан (электрондық) сауда сегментіндегі қоғамдық қатынастарды реттеу.
— Азаматтарды қабылдау және құқық қолдану практикасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру.
Қазіргі таңда тұтынушы көрсетілген қызметтердің немесе сатып алынған тауардың сапасына наразы болып, бірден сотқа жүгіне алмайды. Себебі Қазақстанда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 6-1-тарауы негізінде шағымдарды қараудың үш сатылы алгоритмі қолданылады. Бірінші, сатушы және дауларды сотқа дейін реттеу субъектілері деңгейінде. Егер жанжал шешілмесе, онда екінші кезеңде уәкілетті мемлекеттік органдарды қосуға болады. Тараптар толық түсінбеген жағдайда ғана сот органдары іске кіріседі.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» жаңа заң жобасы тұтынушыға өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды таңдау құқығын береді. Мәселен, өз қалауы бойынша сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға), тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне және қауымдастықтарға (одақтарға), омбудсменге, уәкілетті органға немесе өзге де мемлекеттік органдарға, сондай-ақ тұтынушылық дауды соттан тыс реттеу субъектісіне өз құқықтарын қорғау үшін жүгінуге болады.
Тұтынушы уәкілетті органға сатушыға тиісті талап қойылғаннан кейін бір ай мерзімде жүгіне алады, бұл ретте осы жағдайда уәкілетті органдардың қайсысына жүгіну керектігін анықтау қажет: әкімдікке, сауда министрлігіне немесе өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және ТКШ істері комитетіне. Мұның бәрі мәселенің мазмұнына байланысты болмақ.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының ұсынылған нормаларына сәйкес, сот тұтынушының заңда белгіленген талаптарын қанағаттандырған кезде, сот сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тұтынушының пайдасына айыппұл өндіріп алады. Бұл ретте оның мөлшері өндіріп алынған сомаға байланысты және талап қою сомасының жартысынан 20 АЕК-ке дейін немесе сомасы 90 АЕК-тен асатын талап қою үшін 10 пайызға дейін құрайды.
Айта кетейік, сатушылар (орындаушылар) Сіздің құқықтарыңызды бұзған жағдайда, кеңес алу үшін Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Қаскелең қаласы, Абылайхан көшесі, 329Б мекенжайы бойынша немесе E-otinish жүйесі арқылы жүгінге аласыз.
Нұрсұлтан ЖҰМӘДІЛ,
Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы.