Кез келген адам істеген қылмысы немесе құқық бұзғаны үшін заң алдында жауапты болатыны белгілі. Олар үшін лайықты жаза да қарастырылған. Алайда кінәлі деп танылған азаматтардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі бар екенін ескеру керек. Ол – пробация. Яғни, оны әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі деп қарауға болады.
Ресми дерекке сүйенсек, Қарасай аудандық пробация қызметінің есебінде бүгінгі таңда 700-ге жуық азамат тіркеуде тұр. Әрбірінің заң алдында лайықты кінәсі және тиісті жазасы бар. Дегенмен аталмыш уәкілетті органның талабына көнбей, жүктелген міндетті менсінбеушілікке салынатындар да аз емес. Олар үшін заңның қатал жазасы барын ұмытпаған жөн. Жақында осындай пробациялық бақылаудан жасырынған азаматтың ісі ашық сот отырысында талқыланды.
Аудандық соттың ғимаратында өткен сот процесіне Қарасай аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған біраз азаматтар арнайы шақыртылды. Ал сот ісін оған төрағалық етуші судья Ралат Болатқан жүргізді. Сондай-ақ соттың құрамында Қарасай аудандық прокуратураның аға прокуроры Әлия Каисова, қорғаушы және пробация қызметі бөлімінің өкілдері болды.
Сот отырысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталушы, Қызылорда облысының тумасы, 1993 жылғы Қ.Мыңбайдың бас бостандығынан шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры Ернар Махановтың ұсынысы қаралды.
Белгілі болғандай, осы жылдың сәуір айында ҚР Қылмыстық Кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағына сәйкес, яғни, тонау фактісі бойынша Қызылорда облысының тумасы, кінәлі деп танылған Қ.Мыңбайға 3,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Осылайша оған 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылу және пробациялық бақылау белгіленген. Алайда сотталушы Қарасай аудандық пробация қызметінің бөліміне есепке тұруға келмеген. Заңға бағынбаған кінәлі азаматқа кейін Қарасай аудандық сотының Қаулысымен іздеу жарияланыпты. Нәтижесінде Қарасай аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы кезінде сотталушыны Алматы қаласының маңындағы «Барлық» базарында ұстаған.
Осылайша аталған ашық сот отырысында Қарасай аудандық пробация қызметінің бөлім бастығы заң алдында жауапты азаматтың жазасы қайта қаралып, яғни, бас бостандығынан шектеудің өтелмеген мерзімін дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру жөнінде ұсынысы қаралды.
Өз кезегінде сот ісіне төрағалық еткен судья мән-жайдың анық-қанығын білу үшін айыпталушы азаматтың пікіріне құлақ асып, неліктен пробация қызметінің бөліміне келмеу себебін білуге тырысты. Сотталушы Қ.Мыңбайдың айтуынша, өзіне тағылған айыптан хабары болғанымен, пробация қызметінің есебіне тұру міндетін түсінбеген. Бұл жайтты ол өзінің білімсіздігімен байланыстырып отыр. Сонымен қатар, ешқайда қашпағанын айтып, биыл туған інісінен айырылып, сырқаты бар әкесіне қамқор болу үшін туған жеріне барғанын мәлімдеді.
Айыпталушының қорғаушысы жоғарыда аталған азаматтың басындағы жағдайды ескере отырып, судья Р.Болатқаннан пробация қызметі бөлімі бастығының ұсынысын қанағаттандырмауын өтінді. Алайда сотқа төрегелік етуші судьяның оқыған Қаулысы қорғаушы күткендей болмады. Анығын айтқанда, сотталған Қ.Мыңбайға қатысты ұсыныс қанағаттандырылып, оған қатысты іздестіру шаралары тоқтатылды. Осылайша заң алдында жауапты азаматтың бас бостандығынан шектеу жазасы өтелмеген 3 жыл 5 күн мерзімі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Сот процесінен кейін Қарасай аудандық прокуратурасының аға прокуроры Әлия Каисова сотталушының кінәсіне қатысты пікір білдіріп, пробация қызметі бөлімімен бірлесе атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– Ашық сот процесінде Қарасай аудандық пробация қызметі бөлімінде тұрған сотталған тұлғаларға жаза өтеу тәртібін бұзу нәтижесінде тағайындалған, яғни, бас бостандығынан шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруы туралы көрсетілді. Жалпы бүгінгі таңда Қарасай аудандық прокуратурасы мен пробация қызметі бөлімі бірлесіп, сотталғандардың тұрғылықты мекенжайлары, жұмыс орындары бойынша тексерістер жүргізуде. Сотталған тұлғалар арасында тәуекел тобына жататын адамдар анықталып, қайталама қылмыс жасамау үшін алдын алу жұмыстары атқарылуда, – дейді Қарасай аудандық прокуратурасының аға прокуроры Ә.Каисова.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.