Жақында Дәулет ауылында Қайнар ауылдық округі әкімдігінің 2023 жылдың соңғы 8 айында атқарған ісінің қорытындысын жасап, аудан әкімі Танат Айдарбеков халық алдында есеп берді. Аудан басшысы бірнеше ауылда атқарылатын негізгі жұмыстардан хабардар етті.
– Ағымдағы жылы Еламан, Қайнар, Көктал ауылдарына «Газ тарату мен жеткізуші газ құбырын салу» жобасын жүзеге асыру жоспарланды. Тапсырыс беруші – Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы. Еламан, Қайнар, Көктал ауылдарының сметасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары Еламан, Көктал, Қайнар ауылдарында басталды. Жаңалық, Дәулет ауылдары бойынша жекеменшік инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді аудан әкімі Танат Айдарбеков. Сондай-ақ аудан басшысының айтуынша, үшауысымды оқытуды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2023-2024 жылдары Жалғамыс ауылына 600 орындық, мектебі жоқ «Айғаным» ықшам ауданында 600 орындық мектеп салынбақ. Айғаным, Жалғамыс ауылдарында «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жұмыстар басталды. Жаңалық ауылындағы №37 opтa мектепке күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Одан бөлек Жаңалық ауылында жоспарланған жаңа мектепті салуға қажетті жерді дайындау мақсатында белгіленген аумаққа қоныстанған 12 үйдің жер телімін сатып алынғаны белгілі болды.
Алайда газ құбырын тартуға байланысты тұрғындар тарапынан айтылған мәселеге қатысты түйткілдің бүгін-ертең тарқайтыны күмән туғызады. Ол жайлы өткенде жазған едік. Онда Еламан ауылының тұрғыны Қоныс Алшынбеков жауапты адамдар дайын тұрған газ құбырын іске қосу жоспарын белгісіз себептермен жобадан алып тастағанын айтқан. Бұл жолы аудан атқамінерлер атап айтқан жобалардың қай жылы бітетінін нақты айта алмады. Сонымен қатар бұл ауылдың халқы ең болмаса фельдшерлік пункт салып беруді сұрағандарына да талай болған. Бала-шаға ауыра қалса, жетектеп Жалғамысқа жететін тұрғындар ондағы кезекті көп тосатындарына наразы. Ал жедел жәрдем деген аты болмаса, оның қандай бір жағдайда бұл ауылға дер кезінде жетуі мұңға айналған. Тұрғын сұрағына аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Тимур Ақмырзаұлы нақты жауап бере алмады. Өйткені медпункт салатын жер де дайын емес деген желеу бар.
Аталған округке қарасты Дәулет ауылының «Оңтүстік» ықшам ауданында бір де бір көше жоқ деген Мейрамбек Думанов тұрып жатқандарына 6 жыл болған ауылының адам жүрер жолдарына тас болса да төгіп берсеңіздер деген өтінішін жеткізді. Алайда аудан әкімі оның бүгін-ертең жасалмайтынын ашық айтты.
– Аудан бойынша 48 елдімекен бар, саяжайларды қоспағанда. Оның ішінде биыл бюджет қаражатының ең көп бөлігі Дәулет ауылына бөлінді. Бәрін бір жолда жасап бере алмаймыз. Келесі жылға қарастырамыз, – деп уәж келтірді.
Бұл жиында ауыл тұрғыны Нысанбай Мырзаев тағы бір өте өзекті мәселені көтерді.
– «Дені саудың – жаны сау» дейтін қазаққа бас амандығы қашан да маңызды емес пе! Ендеше оның бірі келіп, бірі кетіп жиі ауысып кететін дәрігерлерді тұрақтандыратын шара қолдансаңыздар, – деп орынды тілегін жеткізді. Өйткені бір барған дәрігеріне екінші рет барса, басқа дәрігерге тап болатын олар денсаулықтарына алаңдаулы. Бұл әсіресе түрлі аурумен есепте тұратындар үшін көп қиындық тудыратын түткілді мәселе екені анық.
19 жылдан бері ауыл тұрғын-дарының көңілінен шығып, қызмет етіп келе жатқан Әйгерім Ақатқызы секілді медбикенің жайын жеткізген қарттар қауымы оны қайтаруды сұрайды. Оның біліктілігі анау-мынау дәрігерден жоғары деген тұрғындар: «Өздерінің қандай дәрі ішетінін де осы қыз біледі, тіпті тамырымызды да одан басқа ешкім таба алмайды. Мұндағыларға барсаң бәрібір Әйгерімді шақыртады. Өйткені біздің тамырымыз өте нашар болғандықтан өзгелер инені де дұрыс сала алмайды», – деп ашулы. Ауыл белсенділері де Тамара Егізбекқызының негізсіз қудалауына ұшырады деген олар сүйікті медбикелерінің қазан айының бірінде ауылға қайта келеріне сенбейді. Оның сөзін белсенділер де бір ауыздан қолдады.
– Екі айдан кейін Әйгерім орнына барады деген. Біз соған Құдайдай сендік. Енді, міне, бәрі басқаша болып жатыр. Жастар келеді. Дұрыс олар біртіндеп үйренеді. Бірақ оларды үйрететін адам керек қой! – деген Закира Ахметова ауыл қарттарының айтар ойын растады.
– Мен – Әйгерім Ахатқызымын. Қазір ғана Талғардан келдім. Осы уақытқа дейін халықпен тығыз жұмыс істеп келемін. 20 жылдық еңбекөтілім бекер күйіп кете ме? Соңғы жейдемді сатсам да Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына кіремін. Жұмыстан шығарса шығарып жіберсін. Мен бірақ шындыққа көз жеткізбей тоқтамаймын. 19 жылдан бері тұрып жатқан жерімді босат деп отыр. Ол жерге жөндеу жұмыстарын да өзім жасағанмын. Барлық керек-жарақтарымды сол жерге жасап алдым. Енді мен бір аптаның ішінде қайда, қалай көшіп үлгеремін? Жолдасым да аурушаң. Өзі – осы медпунктте тазалықшы, күзетші. Барлық ұсақ-түйек жұмысты өзі атқарады. Ал алатыны – бар болғаны 70 мың теңге. Екі балам бар. Қайда барып күн көрейін? – деп көзіне жас алған медбике аудан әкімінің қыбалдауына жете алмай жүргенін де атап өтті. Бұл ретте шұғыл шешім қабылдап: «Ертең 10.30-да келіңіз. Сізді жеке қабылдаймын. Жеке компанияның ішкі жұмысына араласа алмаймын, бірақ заңсыз қуып жатса, сотқа, прокуратураға жүгініңіз» – деген Танат Айдарбековтің қам көңіл жанның бір жыртығын жамауға қолдан келгенше көмек қыларына сенеміз.
Ал Тереңқара ауылының мұңын жеткізген Ринат деген тұрғынның көтерген мәселесі тіптен жаға ұстатарлық.
– Тереңқара ауылында тұрып жатқаныма 9 жыл болды. Балаларымызды Төңкеріс ауылындағы мектепке тасып оқытып келеміз. Ауылға мектеп салғызып берсеңіз. Автобус деген аты болмаса, бірінің үстіне бірі мініп барады. Үстіндегі киімдерінен де түк қалмайды. Әр ауылға берілген бір-бір шағын автобусқа балалар сыймайды. Менің түсінбейтінім, Төңкерісте мектеп болса да, жанына тағы мектеп салынып жатыр. Бір ауылға екі мектеп не керек? Неге Тереңқарадан, Көкдаладан, Каменкадан, Сақтаннан т.б. 4-5 ауылдан 800 баланы Төңкеріске тасып оқытады? Төңкерістің өзінде, білуімізше, 500 бала бар. Сонда 1300 бала бір мектепте оқиды. Осы ауылдарға ортақ қылып Тереңқарадан мектеп салғызып берсеңіз. 4 жылдан бері осы мәселемен жүгіріп жүрмін. Аталған ауылдарда да әлеуметтік аз қамтылған отбасылар бар. Олардың балаларына тіптен қиын болып барады. Алдағы 5-10 жылымыз тағы бала тасумен өтетін сияқты, – деген Ринат есімді тұрғынның сөзін растаған тағы бір адам тасымалданып оқып жатқан баланың саны 800 емес, 1200-ге жуық екенін тілге тиек етті. Ал оның сыртында өзге ауылдарға бары оқитын балалардың саны да біршама екенін жеткізді.
– Бір жолда 40-50 баланы неге салып алады? Бізге қосымша автобус шығарып беріңіздер. Мәселемізді айтып бармаған жеріміз жоқ. Бар-жоғы 7 автобус. Дегенмен Талғар ауданына рақмет. Еңбекшіқазақ ауданының балаларын да осы аудан тасып оқытып келді. Енді де сіздерден көмек сұрауға мәжбүрміз, – деген тұрғын жанайқайын жеткізді.
Мәселеге қатысты жауап берген аудан әкімінің орынбасары Жанболат Әнуарбекұлының сөзіне сүйенсек, алдағы жылы Талғар ауданына қарасты ауылдарға 4 мектеп салу жоспарланған. Тереңқарада мектеп салуға арналған 1,5 га жер дайын тұр. Оны да халық күтіп отыр. «Ал Тереңқара ауылын сіздердің сұраныстарыңызбен келесі жылы қарастыруға болады…» деген сенімнен гөрі күдігі басым жауап айтылды.
Ал ауыл мектебіне толассыз келетін тексерулерден мезі болған ұстаздар қауымының: «Бала оқытамыз ба, әлде тексерулерге әр жолы құшақ-құшақ қағаз дайындаймыз ба?» деген жанайқайы бір төбе.
Айта кетейік, қай ауылды алып қарасаң да мәселесі шаш етектен. Оның ішінде жол, ауыз су, газ, мектеп мәселесінен бөлек, интернет мәселесі де ушығып тұр. Алып қала Алматының іргесіндегі ауылдарда қалыптасқан мұндай жағдайларды көргенде алыс аудандардың тау-таудың қуысында отырған ауылдарының халі нешік деген ой еріксіз оралады. Өйткені бұл біз барған ауылдардың алғашқы және соңғы мәселесі емес…
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.
Талғар ауданы.