Тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы білімді жастар. Ақылды, ойлы, дарынды жастардан үмітіміз мол .Тұла бойларында түрлі өнердің сәулесі бар қабілетті жастарға қамқор болу, талпынған талабына қолдау көрсету аса маңызды.
Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылында «Келешек» деп аталатын балаларды дамыту орталығы бар. Дарынды балаларға арналған бұл орталық былтырғы жылдың қазан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Мұндай тамаша орталық Іле ауданына қарасты Байсерке ауылынан да ашылған еді. Бұған негіз қалаған Шынсерік Ұлан Ерсұлтанұлы атты азамат, таулы өлкенің бір перзенті. Ұлтын сүйер, ұлтының атадан балаға жалғасып келе жатқан қымбат қазыналы өнерін қадір тұтатын жетелі азамат осылайша аудан аумағынан дарынды жас ұрпақтың талабын ұштап, қабілеттерін дамытуға арналған орталықтардың ашылуына мүмкіндік жасады. Аталған орталықтар бүгінде 355 шәкіртті қамтып отыр. Дарынды балалар қолөнер, көркемсурет, би өнері, домбыра, көркем сөз бөлімдері арқылы білім алуда. Жалаңаш ауылындағы орталық Ж.Ермегияев атындағы орта мектептің жанындағы бұрынғы балалар бақшасының ғимаратына қоныстанған. Дарында шәкірттерге би өнерінен Айман Жұмаділова, көркем сөз және прозадан Гүлдана Тоқтыманова, қол өнерден Гауһар Ахметова дәріс беріп, өнер әлеміне балапандай баулып келеді.
Жалаңаш ауылына қарасты балаларды дамыту орталығындағы Болат Сәрсенбай жетекшілік ететін көркемсурет бөлімінің жұмысымен таныстық.
Болат Сәрсенбай – жоғары білімді, тұла бойына сан қырлы киелі өнер дарыған бесаспап, өлкетанушы азамат. Ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болған. Тумысынан суретшілік өнері бар. Жазу өнерінен де ауылы алыс емес. Ата-бабаларымыздың түп төркіні шежіресіне, өлкетануға арналған бірнеше кітаптың иесі. Суретшілік қырының өзі бір кітапқа жүк боларлық. Өткен жылдан бері А. Нүсіпбеков атындағы орта мектепте менеджер жұмыс істейді. Балаларды дамыту орталығында Болат Сәрсенбай жүргізетін көркемсурет бөлімінде 40 бала дәріс алып жүр. Алды 14 жаста болса, кішілері мектеп есігін ашқан балапандардан құралған. Қыл қалам өнеріне талпынған балалардың соңғы 3-4 айдағы қадамдары жаман емес. Сурет өнерінің қыры мен сырына жап-жақсы қаныға түскен. Нәзік саусақтары қаламға төселе бастаған. Айта кетейік, «Мәңгі жаса – жаңғырған Ұлы Далам!» атты республикалық рухани әрі патриоттық байқауының көркемсурет жанры бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы байқауға қатысқан Асыл-ай Нүсіпова мен 8 және 9 жас аралығындағы байқауға қатысқан Адина Манатқызы бас жүлделі болыпты. Ақнұр Нұрақын, Дарын Әжахмет, Бектас Қасабек І дәрежелі дипломдармен марапатталған. Шәкіртерінің сурет өнеріне деген талаптарын ұштап, үміттерін үкілей білген ұстаздың ерен еңбегі еленді. «Көшбасшы педогог» дипломына ие болып қайтты.
– Шалғай ауылдардан осындай орталықты ашып берген Ұландай азаматқа айтар алғысымыз шексіз. Рас, өмірдің өзі дәлелдегендей, таланттардың дені ауылдан шығады. Басқаны айтпағанның өзінде таулы өлкенің киелі топырағынан шыққан Қазақстанның халық әртістері Нүкетай Мышбаева, Алмахан Кенжебекова, Есмұхан Обаев, Досжан Жанботаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері, қайраткерлері Сұлушаш Құлжабайқызы, Салиха Қожақова, Рамазан Стамғазиев, Қанат Құдайбергенов, Жоламан Әміров, суретші Жеңіс Кәкенұлы, Руслан Дайырбеков секілді көптеген сан-салалы өнер майталмандары ауылдың киелі, қастерлі топырағынан шықты. Осы таланттардың ізін жалғайтын жастардың жолын, бұлақ көздерін ашу – үлкен игілік. Ежелден осы күнге жалғасып келе жатқан асыл мұра, ұлы өнеріміздің алдындағы азаматтық парызымыз, – дейді қыл қалам шебері Болат Сәрсенбай.
– Мен бұл балалармен үш айдан бері суреттің қыр-сырын меңгертіп, үйретудемін. Ал, үшінші сыныптағы Адина екінші жыл қатысуда. Ол былтыр А.Нүсіпбеков атындағы орта мектеп-гимназиясына осы Жалаңаш ауылынан барып жүріп «Шабыт» көркемсурет үйірмесіне қатысқан болатын. Қазір басқа шәкірттермен салыстырғанда, екінші жылдық білімі бар шәкірттің бүгінгілермен арасындағы айырма білініп тұрады. Сурет өнеріне төселе түскен, бойындағы байқағыштық қабілеті де жетіле түскен. Тез бағдарлайды. Әр штрихтардан көркем әлемді шығара алады. Екінші таңдаулы шәкіртім Нүсіпова Асыл-ай бұл қыздың бойынан да көп қасиеттерді байқадым. Әр салған кезінде, жалпы тапсырма бергенімде, ол оны өзіндік жеке стилінде жазуға тырысады. Кескінді бастағанда да әр штрихына сенімді әрі тез бітіреді. Мүндай шәкірттермен жұмыс істегенде шаршамайсың. Бойыңа бір үлкен қанат біткендей, жұмыстан қуанышты ләззат алып қайтасың. Екеуі де республикалық байқаудан бас жүлде алды. Ойлаймын бұл үлкен істің алды. Екеуінде керемет болашақ күтіп тұр деп айта аламын, – дейді Болат ағамыз күлімдей тіл қатып.
Біз сөз етіп отырған Болат Сәрсенбай – он саусағы өнеріне толы ғажайып жан. Қыл қаламынан шыққан туындыларына бей-жай қарай алмайсың. Сурет өнерінің қыры мен сырын бір адамдай меңгеріп алған. Бұл туралы кітап әлемімен де, әлемдегі және Қазақстандағы атақты суретшілер, олардың шығармашылық жетістіктері, қыл қаламдағы ғажайыптары туралы жақсы біледі. Сурет өнері, сурет әлемі туралы сағаттап әңгімелесуге дайын. Болат ағамыздың қағазға салған, ағаштарға кесіндеген туындыларының бәрі өмірден алынған шынайы. Көрермендерін тамсантпай қоймайды.
– Болат Жапсарбайұлы, Сіз көп жыл бойы мемлекеттік қызметте болдыңыз, ол жерден кетуіңізге не себеп болды?
– Мен жалпы шығармашылықтың адамымын. Басында үш жыл ғана жұмыс істеп көрейін деп кіргенмін. Уақыт өте келе қарасам, 25 жыл өтіп кетіпті. Сосын ойланып шешім қабылдадым. «Өмір деген тым қысқа, артыңа қалдыр бір нұсқа» демей ме, өмірім босқа өтпесін деп суреттер салайын, шығармашылықпен айналысайын, менің өмірлік мүддем осы еді ғой, –деп ойланып, өзгеріс жасадым. Қызметтен бас тартып, мектепке келдім. Көзім көріп жүр-ғой, қазір ауылда суретшілік мүлде кенжелеп қалыпты. Балалардың суреттерін көрсең, алты жасарлық деңгейде мүлде дамымай қалған. Мынандай табиғат әлемінде суретші болмау деген үлкен қиянат. Кезінде ауылдан қаншама мықты суретшілер шығып еді. Жан- жаққа кеткені бар, өмірден озғаны бар ешкім қалмапты. Содан бірлі-жарым талпыныстар жасадым. Шәкірттерім он бестей болды, мүмкіндіктер аз, қысылып жүргенде, «Келешек» балаларды дамыту орталығы ашылды. Бұл маған жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Осы үшін Ұлан Ерсұлтанұлына өз атымнан және ата-аналардың атынан көп рахметімді айтамын. Ел ішіндегі дарынды шәкірттердің жайын ойлаған азаматқа бір Алламыз шапағатын тигізсін, – дейді Болат ағамыз ризашылық сезімімен.
Біздің кейіпкер бала кезінен кітап оқып, білім әлемімен санасын сусындатып, ой-өрісін кеңітіп, таным көкжиегін арттырып өскен азамат. Жетісу өлкесінің, оның ішінде Аспантаулар өңірінің өлкетануына қосып келе жатқан үлесі, еңбегі өз алдына бір төбе. Таулы өлкедегі таңбалы тастарды, қастерлі орындарды жақсы біледі. Оның мән-жайын кәдімгі археолог ғалымдардай зерттей жүреді. Керектісін қойын дәптеріне түрте жүретін жақсы қасиеті тағы бар. Оның қолынан шыққан кітаптарының берері көп.
– Бүгінгі шәкірт, ертеңгі ел үстар азаматтар туралы не айтасыз?
– Бала деген жас шыбық сияқты, қайда иісең, сол жаққа иіліп кете береді. Бұл жерде санасы сергек ата-аналарға да разымын. Балаларының болашағын ойлап осы «Келешек» балаларды даму орталығына бергеніне. Алла Тағала адамға шексіз мүмкіндіктер сыйлаған. Адам миының белсенді жұмыс істеуі нейрондарға байланысты. Ғалымдардың пайымында адам есейген кезде минутына 56 нейрондар өліп отырады екен. Бұл логикалық ойларға тікелей қатысты. Адам өзінің шамасын асыра, не тым төмен бағалайды, осыдан кемелдікке жетпей жатады. Ал, психологтардың есебінде адамдардың 2 пайызы ғана ойлана алады екен, 3 пайызы ойлана аламын деп ойлайды. 95 пайызы мүлде ойланбайды. Бізде адамдардың көбі логикалық ойлап дағдыланбаған. Егер ойлап дағдыланса, кез келген адам жетістіктерге жетер еді. Қарау бар да көру бар. Он адамның бәрі қарайды. Бірақ біреуі ғана көре алады. Байқампаздық қасиет — суретшілерге тән. Кез келген бала да суретшілер секілді байқампаз болады. Үлкендер ойлайды балалар ештеңе білмейді деп. Бірақ балалар бәрін байқап отырады. Тіпті үлкендер көре алмайтын нәрселерді көре біледі. Міне, біз осы қасиетін одан ары дамытуға үлес қосамыз. Сурет салу арқылы осы қасиеттің көзі ашылады. Сурет салу біреулерге жәй бір ермек болуы мүмкін. Бірақ баланың тұлғалық дамуына кеңістік ашылады. Оқушыларға келсек, оқушы шәкірт, сурет әлеміне келгенде оның қыры мен сырына қанығады. Бүкіл әлемдік түзулікті судан алуды үйренеді. Не себепті екеніне назар аударады. Ауа заңдылығына қарап, перспективаны ажыратады. Бәрі ұстасып жатқан ғылым. Желдің соғысынан логикалық түйіндер жасайды. Жапырақтың сарғайуы, бәрінде уақыттың ізі жатады, соны ажыратады. Осындай логикаға негізделген іс-әрекеттердің бәрі, баланың тұлғалық дамуына жетелейді. Оқушы мүмкін ертең шынайы суретші болмаса да, барлық әрекеттердің жүйесін ажыратып, дұрыс іс-әрекет жасауға дағдысы болады. Осы қасиетімен ертең қандай істі қолға алмасын, дұрыс шешім жасап, оны аяғына жеткізе алады. Бұл оған жеке табыстар әкеледі. Ал қызығушылын ұстазы дамыта жетелей берсе, ол үлкен талант иесі болып шығады. Оған ата-анасы да мүдделі болуы керек, – дейді кейіпкеріміз ойлана тіл қатып.
«Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деп Абайдай дана бабамыз өзінің қара сөздерінде жазып кеткеніндей, ғасыр жаңарып, сан жылдар өтсе де, қандай қиын күндер бастан өтсе де киелі өнер жасай береді. Кезеңге, ұшқыр уақытқа қарай жаңарып, жайнап, толығып-молығып, түрлене, кемелдене түседі. Бұл өмір заңдылығы. Келешегінен күтер үміт мол. Ел ішіндеге тұмба бұлақтардың көзін ашуға ынта-ықыласын құлатқан азаматтан айналайық!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Жалаңаш ауылы.
Кеген ауданы.
Суретте: «Келешек» атты бабаларды дамыту орталығына қарасты көркемсурет бөлімінің тәлімгер ұстазы Болат Сәрсенбай мерейлі шәкірттерімен бірге.