Райымбек пен Кеген аудандарының қиылысар тұсында өз дәуірінің қайталанбас қайраткері болған Аламан Мәмбетұлының 400 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Рухани шара Аламан би саябағының ашылуымен басталды. Саябақ ішінде бабаға арналған монумент бой көтерді.Тойға жиналған қауым ескерткіш алдындағы театрландырылған көріністі тамашалады. Өнерпаздар Аламан бабамыздың ерлік істерін, өнегелі сөздерін қайта жаңғыртып, көпшілікке паш етті. Ақындар жырдан шашу шашты.
Алқалы жиында сөз бастаған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев даңқты ерлердің ерлік істері жастарды отаншылдыққа тәрбиелейтіндігін айтып, жұртшылықты мерейтоймен құттықтады.
Білім беру ісінің озаты, Аламан бабамыздың мұрасын жинақтап жүрген зейнеткер ұстаз Нұр Малбеков айтулы тұлға туралы баяндамасын тебірене оқыды. Қоғам қайраткерлері – Тоққожа Естенов, Тұрарбек Асанов, Рысбек Сәрсенбайұлы, Ызғарбек Бектұрсынов, Босатхан Ұлдарбековтер Аламан бидің көрегенділігі мен жаужүректілігіне кеңінен тоқталып, өрелі істері жайында тың деректерді алға тартты. Салтанатты рәсімнен соң, баба рухына арнап Құран бағышталды.
Сондай-ақ айтулы шарада рулық анықтама, тарихи мәліметтер топтастырылған Жайна Нұрдостың «Көргені жақсы көш бастар» атты кітабының таныстырылымы өтті. Мерейтойға жиналған жұрт Алматы облыстық «Сүйінбай» атындағы филармониясының фольклорлық ансамблінің концертін, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева сынды танымал өнер иелерінің әндерін тамашалады.
Бұдан кейін Аламан би саябағы жанында бозкілемде балуандар белдессе, білектілер кір тасын ұршықша иірді. Белділер қошқар көтеруден алдына жан салмады.
Мерейтой ары қарай Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылының атшабарында өткен ат жарысына ұласты. Дүбірлі додада көршілес Қырғызстаннан және еліміздің барлық аймақтарынан келген қыл құйрықтылар бақ сынады. Жарыс жолына бәйгені бастап 55 құнан шықты. Бұдан кейін халықаралық деңгейдегі аламан жарысы басталды. Шашасына шаң жұқпайтын жүйріктер үзеңгі қағысып, құйрық тістесіп, іркес-тіркес болып көрермендер алдынан өтіп жатты. Бағы мен бабы қатар келген Қырғызстан өңірінің «Қаракер» атты жүйрігі мәре сызығын бірінші кесті. Бас бәйгеге тігілген су жаңа автокөлік көршілес елдің қанжығасына байланды.Сонымен қатар игі шарада жиналған көпшілікке ат құлағында ойнайтын жерлестеріміз теңге ілу, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарымызды дәріптеп, өнерлерін ортаға салды Аламан бабамыздың асында шапқан тұлпарлар ел есінде қалып, көрермендердің көзін тойдырды. Бабамыздың әруағы тіктеліп, ұрпақтары ата алдындағы парызын өтеді.
Өз тілшіміз.
Кеген ауданы.