Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты Үмбетәлі ауылындағы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектебінде жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылды. Бұл – төтенше жағдайлар саласы бойынша Жамбыл ауданында бірінші болып ашылып отырған кадет сыныбы.
Жастарды азаматтық қорғаныс бағытында оқытатын кадет сыныбы өз жұмысын жаңа оқу жылымен бірге бастады. Мұнда барлығы 29 оқушы бар, оның 15-і қыз, ал 14-і ұл бала.
Кадет сыныбының салтанатты ашылуына Алматы облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Д.Қасымов арнайы келіп, ұстаздар мен оқушыларға құттықтау лебізін білдірді. Шараға сондай-ақ Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Ерсін Жағыпаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова және басқа да аудан азаматтары қатысты.
Кадет сыныбының басты мақсаты – оқушыларға азаматтық қорғау органдарының қызметі мен ережелерін, талаптары мен жауапкершілігін тереңдете ұғындыру. Оларды жас құтқарушылар мен өрт сөндірушілер ретінде алғашқы даярлықтан өткізу. Оқу үрдісі кезінде арнайы киім үлгісін киетін жас өрендер мұнда әскери тәртіпке дағдыланып, салаға қатысты заң талаптарын біліп шығатын болады. Алдағы уақытта Жамбыл ауданында осындай кадет сыныптарын басқа да жалпы білім беру мекемелерінде ашу жоспарда бар екені белгілі болды. Төтенше жағдайлар органының қызметкерлері оқушыларды азаматтық құтқаруға арналған құрал-саймандар мен арнайы өрт сөндіру көлігінің жұмысымен таныстырды.
Шара соңында Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектебінің директоры Оксана Майлыбаева кадет сыныбының ашылуына атсалысқандарға мектеп ұстаздары мен шәкірттері және ата-аналар атынан алғыс білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы.