Әйел – отбасының ұйытқысы. Ол қай кезеңде болмасын бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Бірақ, бүгінгі заманда бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербеткен әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналып, қысым көретіндігі, соққыға жығылып, өз құқықтарын білмеуі қоғамдағы маңызды проблеманың біріне айналып келеді. Осы мәселеге тосқауыл болу мақсатында елімізде оның ішінде Іле ауданында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Мәселен жуырда, аудандық кітапханада аудандық әкімшілігінің «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі» комиссиясымен бірлескен жоспарға сәйкес Іле АПБ ЖПҚ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторымен кездесу өткізілді. Оған аудандық кітапхана ұжымы, Аналар кеңесінің төрайымы Г.Жабиева мен кеңес мүшелері қатысты.
Кездесу барысында «Әйел. Қо-ғам. Заң» тақырыбында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жасалған құқықбұзушылықтар мен қылмыстар бойынша әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктердің қатаңдатылғаны айтылды. Әр округте ақпараттық түсіндірме жұмыстары жыл басынан тұрақты, әлеуметтік желілер арқылы жүргізілетіндігі, онда Қонаев қаласында зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әйелдерді қорғау орталығы қызмет атқаратыны, байланыс телефондары жарияланатындығы жеткізілді.
Сонымен қатар ауданда әйелдердің құқықтарын қорғауға қатысты атқарылып жатқан іс шаралардың нәтижесі зерделенді. Аналар кеңесінің осы бағыттағы жұмыстарға өз үлестерін қосуды жандандыру мәселесі де алға қойылды.
Бұған қоса алқалы жиында көп қыз-келіншектер ұялғандықтан құқық қорғау органдарына арызданбайтындығы жайлы айтылып, осы ретте шараға қатысушылар зорлық-зомбылыққа немқұрайлы қарамауға, оны үнсіз қалдырмауға, отбасылық жанжалдан жапа шеккендерді сөкпеуге, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге шақырды.
Жиын соңында Іле АПБ ЖПҚ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұмып қарасақ бұл өз кезегінде орны толмас өкінішпен аяқталуы мүмкін екенін айтып, біріге жұмыс жасаудың маңыздылығы зор екенін жеткізді.
Айта кетейік, мұндай шаралар тағы да жалғасын таппақ. Отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ажырасу фактілерін азайту бойынша жоспарлы іс-шаралар құрылған. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсету мәселелері уақытылы жүзеге асырылмақ.
Өз тілшіміз.
Іле ауданы.