Алматы облысы Райымбек ауданында «Damu» инновациялық оқыту және дамыту орталығының салтанатты ашылуы өтті. Орталықты менти Назира Қанапияева ашты.
Назира Қанапияева 2022 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 5 миллион теңге сомасына қайтарымсыз грант ұтып алды. Алайда ол тек қажетті қаражатқа ие болу жеткіліксіз екенін түсінді. Кәсіпкерге білім, өзіне және өз ісіне деген сенім қажет болды.
Осы себепті ол Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлік бағдарламасына қатысуға өтінім берді.
Қатысуға ниет білдіргендердің ішінен 12 менти іріктеуден өтті. Солардың бірі Назира болды. Оқу осы шілдеде басталды және 6 айға созылады.
Естеріңізге сала кетейік, бұл қызмет «Мен кәсіпкер» құралының Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының бағыты бойынша көрсетіледі. Жобаның мақсаты – іскер әйелдерді бизнес жүргізу дағдыларына үйрету, масштабтау және дамыту, бағдарлама шеңберінде бизнес жүргізуге сүйемелдеу, оқыту және тәлімгерлікке баулу. Бұл қызметтердің барлығы өтеусіз негізде көрсетіледі.
«Damu» орталығы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында орналасқан. Орталық заманауи жабдықтармен жабдықталған, білім беру, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша жұмыс істейді. Орталықтың ерекшелігі оқытудың арнайы инновациялық әдістемесін пайдалану болып табылады, сондай-ақ робототехника кабинетін ашу жоспарлануда.
Ашылу салтанаты Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевтың сөз сөйлеуінен басталды. Әкім тұрғындарды осы қуанышты оқиғамен құттықтады.
«Бұл орталық біздің балаларымыздың шығармашылығы мен қабілеттерін анықтап, ашады, олардың қандай да бір қызметті таңдауға деген ынтасын қалыптастырады дегенге сенемін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Шәкірттер әрқашан есімдеріңізді асқақтата берсін!», – деді Берік Дүйсенбаев.
Назира өз сөзінде бағдарлама тәлімгері Бақытгүл Ельчибаеваның ментилердің әрқайсысына қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл сол керек серпінді Бақытгүл ханым берген. Ал бағдарлама аясындағы түрлі семинар-тренингтің арқасында Назира қаржылық сауаттылықты, бизнесті дұрыс жүргізуді және стратегиялық жоспарлауды үйренді.
Болашақта менти Алматы облысының түкпір-түкпірінде Орталықтың бірнеше филиалын ашқысы келеді және өз мақсатына міндетті түрде жететініне сенімді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Райымбек ауданы.