Біздің Тәуелсіз мемлекетіміздің негізі шалғайдағы ауылдардан басталады. Қаласы мен даласын тең асыраған ауылдардан айналайық! Шүкір, қазір ауылдардың бірлі-жарым түйінді мәселелері шешіліп, жағдайлары жақсарып келеді. Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ ауылдық округіне қарасты Жалаулы деп аталатын шағын ауыл бар.
Бір аңыз әңгімелерде Райымбектей батыр бабамыз кезекті шайқасты жауларын тізе бүктіріп, осы жерге жалауын тіккен екен дейді. Жалаулы – тарихи құндылығына толы өңір. Өткен ғасырда дәл осы ауылдың іргесінен алтын табылып, атағы алысқа кеткен. Дәл осы қасиетті топырақтан Қазақстанның Халық Әртісі Досжан Жанботаев пен қаламгер Досан Жанботаев шыққан. Жалаулының елі-жұрты арайлана атқан таңдарын қарсы алып, күнделікті шаруаларымен айналысып жатқан жайлары бар.
Тәуелсіздігіміздің шапағатындай Жалаулы орта мектебінің ғимараты салынған. Ауылдың басты көркі де, келбеті де осынау білім ордасы. Мұнда жүзден аса оқушы бар. 27 мұғалім дәріс береді. Ауылдың орталығында әріптестік негіздегі «Аружан» балалар бақшасы жұмыс істейді екен. Онда бір топ негізінде балапандар мектеп алды тәрбиесін алуда. Бұдан бөлек медициналық пункт жұмыс істейді.
– Бұл Жалаулы ауылы кезінде «Ұзынбұлақ» асыл тұқымды шаруашылығының 4 фермасы болды. Қой, жылқы, сиыр бәрі өсірілді. Шын мәнінде, айналасын асыраған майлы-құтты ферма еді. Мал азығы да біздің өңірден дайындалатын. Мұнда 150-ден аса отбасы тұрды. Қазір сексендей отбасы қалды-ау деймін. Былтыр ауыз су жүйесі жасалған. Іске қосылған. Шындығы керек, ауылдың етек жағында отырған бізге кейде су келмей қалады. Дұрысталып кететін шығар деген үмітім мол, – дейді ауыл қариясы Асанбек Жексенов.
– Бізді көп жылдан бір мәселе толғандырып келеді. Шаруашылық тұсында жасалған жолдарымыз мүлде есікіріп кетті. Көктем мезгілінде, жаңбырлы күндері көшедегі жолдарымызбен жүру қиындап кетеді. Мүмкіндік болып жатса, ауылдағы негізгі бір орталық көшедегі жол жасалса, дұрыс болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Қайыпжан Сәрсенбиев.
Ауыл тұрғындарының жағдайлары жақсы. Төрт түлік малдарымен жандарын бағып, ырыстарын кіргізіп, тұрмыстарын түзеп келеді. Жолдары жасалуға жоспарланғанын Жалаулы ауылының тұрғындары естісе бір қуанып қалатын болды. Лайым жақсы күндеріміз алда болсын!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.