Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азамат әрбір ісіне аса зор жауапкершілікпен қарағаны жөн-ақ. Сәл ұстанымнан мүлт кетсе, оның абыройы мен атқарған жұмысына, ол істеп жүрген мекемеге сын болары анық. Осы ретте аудан әкімдігінің мәжіліс залында Алматы облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Төлеген Кенжебековтың қатысуымен арнайы кездесу болып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров жүргізген жиынға бөлімдер мен мекеменің басшылары, басқа да мамандар қатысты. Басқосу барысында Қарасай ауданның мемлекеттік қызметшілерімен Әдеп Кодексінің нормаларын сақтау және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төлеген Жолмырзаұлы мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі әдебі туралы, олардың беделін арттыру, мемлекеттік қызметшілерге деген халық сенімін нығайту мәселелері жайында жан-жақты әңгіме қозғады. Әдеп Кодексіндегі қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне, мемлекеттік жұмыс тізгінін ұстағандардың тек қызмет барысындағы ғана емес, жұмыстан тыс уақыттарда өзін-өзі ұстау стандарттары туралы жиналғандарға тағы бір мәрте айтып өтті. Сондай-ақ соңғы кездері елімізде мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен болған жағымсыз оқиғаларды тілге тиек етіп, қызметшілерді жұмыстан тыс уақытта мұндай жағдайға тап болмауға шақырды.
Жиын соңында Төлеген Кенжебеков жоғарыда айтылғандардан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен мемлекеттің, қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің алдын алу бойынша мемлекеттік қызметшінің ұстанымдары мен жұмыс жүргізе білу қабілеті туралы мемлекеттік құқықтық жұмыстар жайлы да түсіндірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.