Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Елбасымыз халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, әл-ауқатын арттыратын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялаған еді. Атап айтсақ, «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін, олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту» және «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» сияқты бастамалардың барлығы халық үшін үлкен берекенің бастауы болды.
Аталған басым бағыттардың жүзеге асырылуына «Нұр Отан» партиясы да үлкен үлесін қосуда. Осы орайда партиялық фракцияға мүше мәслихат депутаттары ауданымыздағы әрбір елді мекенде, мекемелерде, кәсіпорындарда, оқу орындарында жұртшылықпен кездесіп, бес әлеуметтік бастаманы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осындай іс-шараның бірі жуырда Керімбеков мектебінде өтті.
Басқосуды Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Әмина Абдраманова ашып, жүргізіп отырды.
Мұнан кейін аудандық мәслихаттың депутаттары Евгений Выйгай, Александр Богомолов, Ерлан Момбаев, Атлана Исаева сөйлеп, жиналғандарға Тәуелсіз Қазақстан Республикасын биікке шығарған, елі сүйген, елін сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл Қазақстан халқының көңілінен шыққан бес бастамасы жайында жан-жақты баяндап берді.
Халық қалаулылары өз сөздерінде бес бастамаға кеңінен тоқталып, олардың әрбірінің әлеуметтік мән-маңызын, әкелер пайдасын, көрсетер көмегін, жасайтын қолдауын анықтап, айқындап ашып айтты.
Сонымен қатар, аудандық мәслихаттың депутаты Айна Сексенбаеваның сенімді өкілі, «АлматыГазсервисХолдинг» АҚ инженері Ерлан Тойжан да сөз алып, бес бастама туралы ой-пікірін ортаға салды.
* * *
Осындай жиын Жандосов ауылдық округінде де өтіп, ол жерде сол округ бойынша мәслихат депутаты Қуаныш Баяманов та бес бастама жөнінде әңгімеледі.
Өз тілшіміз.