Күз келіп, жаңа оқу жылымен бірге шешімін таппай келе жатқан ескі мәселелер де бой көтереді. Солардың бірі – жатақхананың жетіспеушілігі. Жалпы, бұл жыл сайын қайталанатын жағдай.
Біздің ауданымызда мұндай мәселе жоқ болғанымен, жатақхана жағдайы жылда назардан тыс қалмайды.
Аптаның сәрсенбісі күні облыстық және Жамбыл мен Қарасай аудандарының мәслихат депутаттары ауданымыздағы жатақханалардың дайындығын тексерді. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен шара барысында халық қалаулылары алдымен Шамалған ауылдық округінде орналасқан Үшқоңыр су шаруашылық колледжіне тиесілі жатақхананың жағдайын көрді. Депутаттарды ғимаратпен таныстырған колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Илиясованың айтуынша, жатақханада 404 орын бар. Алайда мұнда тұратын студенттер аз болғандықтан, бос орындарда колледж мұғалімдері, дәрігерлер, жас мамандар тұрады. Ғимараттың ауласы мен ішінде 16 бейнебақылау камералары орнатылған. Қауіпсіздік шаралары толығымен сақталған.
– Біз әрдайым студенттерімізге барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Бөлмелердің тазалығын және де қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаймыз, – дейді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Жатақханадағы әр бөлме екі секцияға бөлінген. Оның ішінде төсектерден бөлек студенттерге қажетті киім мен аяқ киім қоятын және жеке заттарға арналған аласа шкафтар, айна, тамақ ішетін үстел, сондай-ақ жатақхана ішінде білімгерлер үшін кір жуатын бөлме, дәмхана, асхана, оқу залы, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы, жуыну бөлмесі бар. Жалпы тексеріс барысында халық қалаулылары Үшқоңыр су шаруашылық колледжі жатақханасының жағдайын жақсы деп бағалап, ол бойынша ешқандай қатаң ескертулер жасамады.
Түстен кейін мәслихат депутаттары Шамалғандағы кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжін, Қаскелең қаласындағы С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық және Мәдениет колледждерін аралады. Тексеріс барысында халық қалаулылары жуынатын бөлмелердің ескіргенін, бірқатар жатын төсектерінің тозғанын байқап, колледждердің басшылықтарына ескертулер жасады.
Жалпы тексеріс барысында студенттер үшін қолжетімділігі зерделеніп, кемшіліктер бойынша ескерту мен тиісті ұсыныстар айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.