Күні кеше елімізде Абай күні аталып өтті. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын. Абай күні ретінде дәл осы датаның белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы осы күні Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дата күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілді. Яғни, 10 тамыз – Абай хәкімге халықтық құрмет көрсететін күн.
Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз.
Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ. Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.
Абай күні еліміздің барлық аумағында, тіпті шетелдерде аталып өтілуде. Ұлы ақынды ұлықтаған күннен қарасайлықтар да тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, ауданның белсенді жастары әлеуметтік желілерде оның өлеңдерін оқып, Абай Құнанбайұлының қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, бұл күні рухани-ағартушылық іс-шараларды өткізу, оның шығармаларын оқу бойынша челлендждерді ұйымдастыру – әдебиет, өнер, көркем сөз әуесқойлары мен өңірдің басқа да тұрғындары арасында жақсы дәстүрге айналды. Оған қоса білім мекемелерінде ақынның өлеңдері, қара сөздері шырқалып, Абай өмірі туралы спектакльдер қойылып, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.