Рас, Тәуелсіздігіміз үшін мың мәрте қуанып, мың мәрте көтеріліп сала береміз.Тәуелсіздігіміз арқылы түгенделген дүниеміз баршылық. Өз қолымыз өзімізге жеткендей жағдайымыз жоқ емес. Байыптап қана қараңызшы, арнайы автобустарымен ел мен жерді түгендеп, өнер сапарында жүретін ел ішіндегі халық театрлары – араға ұзақ жылдар салып қол жеткізген тілмен айтып жеткізгісіз қуанышымыздың бірі, өңірлер жақсылығының бірегейі. Міне, соның жайдары жарқын көрінісіндей, өз тұсында республикаға, Одаққа танымал болған Кеген ауданындағы Кеген халық театрының шаңырағы шырайлана түсті. Жайлы көліктерімен ауылдарды аралап, көрермендерінің көңілдерін көркейтіп қана жүрген театр ұжымын көріп бір қуанып, бір марқайып қаласың.Бүгінгі шертілер сыр да солар жайлы.
Шынында, аудандық Мәдениет үйінің жанындағы Кеген халық театрының қазіргі жағдайы жаман емес. Бүгінде Кеген ауданында 10 Мәдениет үйі,4 ауылдық клуб жұмыс істейді. Мәдениет үйінің басшысы Нұрман Оқас бастаған аудандық Мәдениет үйінің жанында Кеген халық театры, «Ереуіл» фольклорлық-этнографиялық ансамблі бар.
Театр құрамының дені жастар. Орталарында ақылшыларындай, бағдаршамдарындай, арқа сүйер асқар тауларындай болып Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Райымбек, Көксу аудандарының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Нағима Таласбаеваны ерекше атап өтсек болады.Әркезгі мұңын мұңдасып, жоғын жоқтасып, жақсылығымен жайнап, қуанышымен мерейленіп,осы күнге дейін бірге жасасып келді. Әлі де жасасып келеді десек, артық айтпаймыз. Ауданның өнері мен мәдениетінің тізгінін ұстап, басы-қасында жүрген азаматтардың алтынның көзі, асылдың сынығындай талант иесін жандарынан аулақтатқылары жоқ. Ұзынбұлақ ауылындағы «Ақбастау» деп аталатын Мәдениет үйі Кеңес Одағы тұсында салынған көрнекті,әдемі өнер ордаларының бірі болыпты. Қиуы кете бастаса да болмысы сақталынып қалыпты. Шағын өнер ұжымы Мәдениет үйін думанынан ажыратып, жүдетіп отырған жоқ. Соған қуанамыз.Рухани азығын жоғары қоятын ауыл тұрғындары, қарттары, ақ самайлы әжелері, қызғалдақтай бойжеткені мен бозбалалары, бала-шағасы ортаны толтырып тастады.
Кеген халық театры сахнада Мұхтар Әуезовтің әйгілі, шоқтығы биік «Айман-Шолпан» атты спектаклі көрерменге жол тарты. Көзіміз сонда, көңіліміз де сонда. Сахнаға бар жандарымен бейімделе түсіп, кейіпкерлерін сомдауға шынайы күш-жігерлерін, бойларындағы қабілет-қарымдарын жұмсауға тырысып жүрген жастардың өнерлеріне тәнті бола түстік. Әр оқиға, әр сәттің, әр дүниенің шынайы суреттелуі,бейнеленуі көңілімізді тоғайтты.
– Бағасы деген сол ғой, бір-бірімен ұштаса өрілген оқиғалардың әрбір түйінді тұстарында қол шапалақтап, құрмет көрсеткен көпшілік көрермен қауым қойылым аяқталған соң, театр ұжымына алғыстарын айтты. Театрдың жүгін көтерісіп жүрген жандарға шығармашылық табыс тіледі. Сахнада бір-бір кейіпкердің рөлін сомдайтын жандар бесаспап десе болғандай. Қойылымнан кейін домбыра тартып, ән айтып жұрт көңілін одан сайын мерейлендіре түседі. Бұл жолы да солай болды.
Кеген халық театры туралы мөлтек сыр. Аталған театр өткен ғасырдың 1968 жылы Б.Иманбалановтың жетекшілігімен құрылған болатын. Ол заманымыздың заңғар жазушысы, драматург М.Әуезовтің «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» драмаларын қойып, сол арқылы «Халық театры» деген құрметті атаққа ие болған. 1971 жылы халық театрларының республикалық байқауында Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», «Қаргөз қарындасым» атты спектакльдерімен І дәрежелі дипломмен марапатталған. 1975 жылы Эстонияда өткен халықаралық «Таллин-75» конкурсында І дәрежелі дипломға ие болды. 1977 жылы ІІ Бүкілодақтық театр фестивалінде драматург О. Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасын көрсетіп кіші алтын медальге ие болса, 1987 жылы ІІІ Бүкілодақтық фестивалда «Даладағы дүбір» қойылымы арқылы фестивальдың лауреаты атанды, үлкен алтын медальмен марапатталды. Республиканың Мәдениет министрлігі театрға автобусты сыйға тартты. Халық театры құрылған уақытынан бері қарай үлкенді-кішілі 45 пьессаларды сахнаға шығарды. 2011 жылы М.Мақатаевтың туғанына 80 жыл толуына орай С.Жарқынбековтің «Астанаға көктем келді» атты қойылымын сахнаға шығарды. Бұл туынды көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Қарқара көтерілісінің 95 жылдығында М.Жанәділовтің «Ереуілтөбе ерлері» атты спектаклін көпшіліктің назарына ұсынды.Кеген халық театры сол қалпында, осынау мерейлі атағына сай деуге әбден негіз бар. Оның қазіргі құрамындағы талантты жастардан күтер үмітіміз мол. Театр туралы сөз еткенде көзі тірі немесе бүгін арада жоқ өнер иелерін айтпай кетуге болмайды. Ерлі-зайыпты ҚР Мәдениет қайраткерлері атанған Тоқтарбай Бірімжанов пен күміс көмей әнші Жаңыл Сабаншиева театрға көп еңбек сіңірді. Райымбек ауданының құрметті, қадірменді қариялары саналатын Жұмаш Әлдибеков пен Нағима Таласбаева 1970 жылдардан осы театрда тұрақты еңбек етті. Айтбек Сайлыбеков, Нұрлан Дүкенбаев, Үсен Беркімбеков, Бақыт Тәлімбекова, Күләш Қыдырбекова, Серік Рушанов, Зоя Қозыбақова, Ахметжан Талпаңбаев, Қанат Нұрдәулетов, Берік Салқынбаев, Меруерт Түстікбаева, Күләйхан Бапанова,Ләйла Әбілғазиева, Айнұр Разова,Асылбек Жаналиев, Бақытгүл Нұрқасымова, Тұрғанбек Құныпияев, Тұрғын Мұқажанов тағы басқалар Кеген халық театрының өсіп-өркендеуінде өз қолтаңбаларын қалдырды.
– Театрымыздың жалпы жағдайы жақсы. Жастарымыз сахнаға үйреніп келеді. Театрдың базасы да жақсы. Бұрыннан бар дүниенің бәрін көздің қарашығындай сақтап келеміз. Бұл біздің жұмысымызға лайықты дем берері даусыз. Аудан аумағындағы ауылдарды аралаған соң облыстағы аудандарға жол тартсақ деген ойымыз бар. Халық театры бар аудандардан тәжірибе алмасқымыз келеді. Олар өнер сапарымен бізге келсе, жақсы болар еді, – дейді театр жетекшісі Кәдірбек Сүлеймен жақсы ойын ортаға салып.
Рас, «Бармасаң, келмесең жат боларсың» деген де сөз бар. Облыс аумағындағы халық театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасқаны, істерін байытқаны керек-ақ. Мұндағы жақсы дүниені ондағы жұртшылық көріп жатса, нұр үстіне нұр болмақ. Қорыта айтқанда, Кеген ауданы Кәдірбек Сүлеймен басқаратын Кеген халық театры шеберліктерін шыңдау үстінде. Көпке жақсы танымал Аршын Нұрбақыт, Нұрым Байбала, Ақмарал Сүлеймен, Дидар Асанов, Айым Тілеукеева, Ермек Ділдәбек секілді өнерпаздардың халық театрындағы орындары бөлек.
Оларды әрдайым өнер сапарлары алға шақырады. Олар кереметтей сұлулығына толы тау жолдарымен өздерін асыға күтер көрермен қауыммен қауышуға асығады. Өздерін күткен, өнерін тосқан жандар баршылық. Театр ұжымы үшін осыдан асқан қуаныш жоқ. Өнер әлемінде биіктерден көріне беріңіздер деп сәттілік тіледік.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.