Жаз мезгілінде табиғат аясында демалу үшін адамдардың көптеп баратын орындарының бірі – Қарғалы ауылының өр жағындағы тау етегіндегі сайлы беткей. Мұнда сарқырай аққан өзен бойы жанға жайлылығымен тартымды. Айналаның табиғатын тамашалап, мұздай суға түсіп, ағаш көлеңкесінде тынығушылар қарасы бұл күндері мезгілде үзілмейді.
Алайда сақтық шараларын сақтамаса, көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда да қайғылы жағдайларға соқтырған өрт, одан басқа да қауіптер кез-келген сәтте орын алуы мүмкін. Осыған байланысты Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен осы ауылдағы Ұзын-Қарғалы өзенінің бойында демалып жүрген адамдарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осында арнайы келген қызметкерлер азаматтардың демалысы кезіндегі өрт қауіпсіздігі және суға түсу, шомылу кезіндегі қауіпсіздік іс-шараларын сақтау тақырыбында әңгіме жүргізді. Атап айтқанда су айдындарындағы қауіпсіздік, қайғылы оқиғаларды болдырмау, отты қараусыз қалдырмау, кетерінде міндетті түрде шоққа су құйып сөндіру төңірегінде айтып, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау жөніндегі арнайы жадынама парақшаларын таратты.
Рейдке аудандық төтенше жағдайлар гарнизоны, Ұзынағаш ауылында орналасқан № 28237 әскери бөлімінің мамандары, аудандық полиция бөлімі, осы аймақтағы шекара қызметі, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және еріктілер – жалпы саны 37 адам қатысты. Аталған іс-шараға 4 техника мен 5 мініс аты тартылды. Төтеншеліктер мұндай профилактикалық жұмыстардың жаз мезгілінде жүйелі түрде өткізіліп тұратынын айтады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.