Кішісаз, Ботасаз бен Үлкенсаз жайлауларының жайын білмекке тауды бетке алдық. Жол талғамайтын жеке көлігін тізгіндеуші – «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Ахметжанов. Сапарды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Дүйсеналы Еңкелешев ұйымдастырды.
Ынтымақ ауылынан шыға бере ирелеңдеген қара жолмен қияға тарттық. Төрт дөңгелегі бірдей іске қосылған көлік тау-таспен ышқына өрге ұмтылады. Тік беткейге келгенде табанының астындағы қиыршық тастарды артқа шашып, үлкен тастарды бұлаңдай басып өтіп келеді. Екінші көлікпен ауылдың мал дәрігері Амантай Қарасартов ілесті. Тікенді беткейде тау көбелектері көлікпен жарысқандай біраз жерге дейін қатарласа ұшады. Айналаның көріністерін таспалауға ыңғайлы тұстарда тоқтай қалып, аудан әкімінің баспасаөз хатшысы Бақтияр Айталы аспанға дрон ұшырды. Суы қайнауға шақ қалған көлік қозғалтқышын да деміл-деміл суытып алуға тура келді.
Қожалық иесі мен сала маманының әңгімесі жолға шыққаннан басталып, ауыл шаруашылығының жай-күйінен біраз сыр тарқатты. Екеуі де саланың бүге-шігесіне дейін бес саусағындай білетін білікті маман. Дүйсенәлі Бұрышбайұлының осы ауданда зоотехник болып жұмыс істеп келе жатқанына 50 жылдан асқан. Ағамыз зейнет жасында болғанымен әлі де ат үстінде. Жетпістің ортасынан асқан деп ойламайсыз, өңі жас көрінеді, жүрісі ширақ, көзілдірік тақпайды. Көлікті де тау-тастпен шебер жүргізе білетініне өткен жылы Сарыжазық жайлауына апарғанында куә болған едік. Еңбек жолын мал шаруашылығында зоотехник болып бастағаннан бері мамандыққа адалдықтан айнымаған. 2003 жылдан бері, бұрынғыша айтқанда, ауданның бас зоотехнигі. 2010 жылы зейнеткерлік жасқа толғанымен, қызметін келісімшарт бойынша жалғастырып келеді. Өзі – облыстық газеттің талай жылдан бергі тұрақты оқырманы.
Ал Нұрлан Ұлатайұлы болса шаруашылықты ұйымдастыруда ұзақ жыл тәжірибе жинақтаған білікті басшы. Егін және мал шаруашылығын құстың қос қанатындай қатар самғатып келе жатқанына ширек ғасырдан асқан. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады, жергілікті мәслихаттың қатарынан бірнеше шақырылымының депутаты. Халық қалаулысы ретінде көптеген ортақ істің ұйытқысы болып келеді. Оған қоса биыл ауданның шаруа қожалықтары қауымдастығының төрағасы болып сайланыпты. Жайлауға баратын осы жолды ара-тұра жоғарыдан домалаған тас жауып қалып немесе нөсер жауын орып кеткенде мал иелерін ұйымдастырып, арнайы техника жалдап тазартудың басы-қасынан табылады. Кейде ауыл жігіттері өздері ұйымдасып, жолды тастан қолмен тазартады. Бұл жағынан алғанда Ынтымақтың жігіттері ынтымақты.
Биыл жайылымның шөбі жұтаң. Құрғақшылықтан даланың кенезесі кеуіп тұр. Оның үстіне біраздан бері ой мен қырды 40 градустық аптап күйдіріп барады. Шілденің шіліңгір ыстығынан жайлаудың төріне шықсаңыз арыласыз. Салқын ауа, шөптің жұпар иісі жаныңызды рақатқа бөлейтін жайлаудың жөні бөлек қой, шіркін! Мұндағы шөп ірі қараның аузы толатындай болмаса да, жолай кездескен малдың жүні жылтырап қоңды көрінді. Ауданда төрт түліктің біразы жылдағыдай жайлауға шығарылған. Бұл ауданның жайлауы кеңдігімен ерекше. Басы осындағы Қарғалы өзенінен басталып, аяғы сонау Ақтерек ауылы жақтағы Жамбыл облысының Қордай ауданына дейін созылып жатыр.
– Ауданда мал ұстайтын 23 ауылдық округ бар, соның 20-сының малы жазда жайлауға шығады. Тек Күрті аймағындағы Айдарлы, Бозой, Сарытауқұм округтерінің ғана жайлауы жоқ. Себебі Күрті ауданы таратылғанда оның құрамындағы осы ауылдарға тиесілі Үшқоңырдың басындағы Нар жайлауы Іле ме, әлде Қарасай ауданына ма, соған өтіп кеткен, – деді Дүйсеналы Еңкелешев.
Мәліметтерді жатқа білетін маманның аузынан қажеттілерін түртіп алып отырмыз. Бұл аудан ұсақ мал, ірі қара және жылқы санынан облыста алдыңғы орында. Алты айдың есебі бойынша қой-ешкінің саны ауданда бүгінде 1 миллион 205 мыңнан асыпты. 143 мыңдай ірі қара бар, оның 68 мыңы сауын сиыр. Төрт түлікті түгендей кетсек, 53 мыңға жуық жылқы, 786 бас түйе бар. Сондай-ақ 581 мыңнан аса құс өсіріледі. Қой, сиыр, жылқының шамамен 40 пайызы қазір жайлауларда. Мәселен, ірі қараның үштен бірі, қойдың тең жартысы тауда десе болады. Биылғы жарты жылда ет, сүт өндіру көлемі белгіленген межеден асыра орындалыпты.
Сай-саладан өтіп, бел-белестен асып Кішісаз жайлауына жеттік. Жол бастаушы ағалар осындағы жер-су атауларымен таныстырып келеді. Ақбастау, Төрбастау, Ойбастау, Бұққан, Аспанқора, Тасқаша, Құрттыбастау, Елікбастау сияқты әрбір сай-сала, төбе, тепсең, белдің өз атауы бар. Мұнда негізінен Ұзынағаш ауылдық округіне қарасты шаруалар қоныстаныпты. Марат Қожағұлов, Асқар Гасимов, Данияр Жангелдин, «Мұратбек» шаруа қожалығының иесі Ержан Қалабаев, «Айтбек» қожалығы, Азамат Қонысбаев сияқты азаматтардың иелігіндегі малдары жайлап жатыр. Таужапырақ қаулай өскен бұл маңда тігілген оннан астам үй көзге шалынады. Құрттыбастауда соның бірі «Ынтымақ» шаруа қожалығының малшысы Жанат Жакулинді жолықтырдық. Қой, сиыр, жылқы бағады екен. Шаруашылық иесі тарапынан жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалғанын, бағымындағы малы ит-құстан аман екенін айтты. Мұнда қазақтың киіз үйінің пішінімен сүйегі темірден жасалған үй тігіліп, мал қамайтын тор қоршау керілген. Қажетті электр қуаты шағын күн батареясынан алынады. Сондай үйдің бірен-сараны Мыңбаев пен Үлгілі ауылдарының қожалықтарына тиесілі. Кішісаздың шығысы Үшқоңыр жайлауымын шектеседі, ортасын Қарғалы өзені бөліп тұр.
«Бұрынғы кеңшар, ұжымшар кезінде бұл жерді Ұзынағаштың №1 фермасының малы жайлайтын. Онда 16 отар қой бар еді, бір отарда 500-600-ден қой болатын. Ойбастауда кеңшардың 100 биесі сауылып, сүті екі түйеге артылып, күн сайын 8 пләк қымызды Ұзынағаштағы асханаға апарып өткізетін. 1961 жылы жол салынғаннан кейін қымызды автокөлікпен тасыды. Жайлауға дейінгі шабындықтың барлығына шалғы түсетін. Қазір мұнда түгелдей жекешенің малдары. Кейбір малшының қарауында мың, тіпті 2 мыңға дейін қой бар», – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы.
Майбұлақ сайындағы бастаудан салқын су ішіп, әрі жылжыдық. Қарсы бағытта мотосеклмен келе жатқан азамат тоқтап, сәлем берді. Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны, «Дулат» шаруа қожалығының төрағасы Дастан Есенғазиев екен. Бұдан жоғарырақта, Көктөбенің етегіндегі Сарыбай сөресінің тұсына қоныстанғанын айтты. Жайлауға 600-ге жуық қазақы тұқымды қойын шығарыпты. Әңгіме барысында оның шопандар әулетінен екенін білдік. Кезінде атасы Ұларбек 40 жыл кеңшардың қойын бағыпты. Ақтылы қойды өз төлі есебінен өсірген алдыңғы қатарлы аға шопан дәл осы орында отырыпты. Өкінішке орай 1981 жылы астындағы атына найзағай түсіп, қайтыс болған. Атасының жұртында енді немересі атакәсіпті лайықты жалғастыруда. Қойшы үйінің маңында Дастанның ауылдас досы Шыңғыс Исаев пен малшысы Мұрат Бәйкені жолықтырып, шаруа жайын сұрадық. Екеуі де осы қожалықта жұмыс істейді. Биыл шөптің шығымы төмен, тауда да күн ыстық, шегіртке көп екенін айтты. Расында да тынымсыз шырылдап, көк майсада қадам аттаған сайын бірнеше шегіртке жан-жаққа ыршып түседі. Шыңғыстың отбасында үш баласы бар, бұйырған нәсібін осы шаруашылықтан тауып жүр. Ал қырғыз ағайын Мұрат болса тәжірибелі шопан, қой бағудың асқан шебері. Таудың арғы жағындағы еліне барып тұрады. Белгіленген тәртіппен, әрине. Қажетті құжаттарын көрсетіп застава арқылы өтеді. Әйтпесе тәртіп қатаң, шекара қоршауына тиіп кетсе екі жақтан да сақшылар дереу жетіп келетінін айтады.
Көктөбенің басына шығып, айналаға көз салдық. Төмендегі елді мекендер алақандағыдай көрінеді. Ұзынағаш пен Қайназар, Жаңақұрылыс, Қарғалы иек астында жатыр. Әріде Үмбетәлі мен Қасымбек ауылдары көлбеңдейді. Солға қарай Қарасу, Жамбыл, Қарақыстақ болып жалғасып кете береді. Төбеде жанға жайлы салқын самал еседі. Осында кеңес заманында темірден орнатылған биік үштаған сол күйі әлі тұр. Оның не мақсатпен қойылғаны бізге беймәлім. Дайын тұрған құрылғыны байланыс операторлары пайдаланып, өздерінің антенналарын орнатса, бәлкім ұялы телефон байланысы жақсарар ма еді деген ұсыныс-пікір естідік малшылар тарапынан. Несі бар, көптің игілігіне қызмет етсе, ол да орынды емес пе.?
Көктөбеден ары Ботасаз жайлауына келдік. Бұл – Қарғалы ауылдық округіне қарасты жер. Ауасы ерекше таза, гүлдің хош иісі мұрын жарады. Үш сайдың қосылған тұсында Қарғалы өзені ағараңдайды. Ботасаздан жоғары –Үлкенсаз жайлауы. Сонда Бесқоныс асуы бар. Одан оңға қарай Құмбел көрінді. Бұрын көшкенде қойды Құмбелге бес күн айдайтын болғандықтан асу Бесқоныс аталыпты. Құмбелге бару қиын, тік қия, жол жоқ. Оған қазір ешкім бармайды. Бұрын жүкті түйеге артып көшіп баратын. Құмбелден арғы жер атауы – Қарасаз.
«Бұрын мұнда Киров колхозының шабындығы болатын. Киров ауылы қазір Үмбетәлі атында. 1958 жылы Әбіләхат деген жылқышы қызы Райханның Мәскеуде өткен қыз қуу ойынында 1-орын алып келуіне арнап осында той жасады. Сонда біз де үй тіктік. Сол қызы Грузияда да ұлттық ат спорты ойындарына қатысқан. Кейін күйеуге шығып, Үңгіртас ауылында мұғалім болды. Сол ұлан-асыр той есімде қалды. 1961 жылы Хрущев Қазақстанға келіп, Алматы атшабарындағы ат жарысын тамашалаған. Сонда Қонаев атамыз оған сәйгүлік сыйлағанын көрдім. Ал бағана өзіміз көрген Сарыбай сөресі ол да тарихи орын. Сарыбайдың асында атжарыс болып, атты сонау көз ұшындағы жазықтағы Мыңбаев ауылы жақтағы қырқадан жіберіпті. Мұндаға дейін 25 шақырым шамасында болар, оның үстіне өр. Нағыз тұлпардың тұлпары ғана шыдайды. Сөреге қазақ пен қырғыздың аты қатар жетіп қалғанда, біздің ат сүрініп, бәйгені қырғыздар алыпты. Кейін ел азаматтары «Айдосұлы Сарыбай би сөресі 1891 жыл» деген жазуы бар ескерткіш тұрғызды», – дейді Дүйсенәлі Бұрышбайұлы ел мен жердің өткенінен сыр ақтарып.
Ботасаз бен Үлкенсазда қоныстанған он шақты үй – Шолаққарғалы ауылдық округінің шаруа қожалықтары. Атай кетсек, Ботасазда – Мамед Қасеновтың «Қасен» шаруа қожалығының 2 мың қойы мен 100 бас ірі қарасы бағылады. Әнуар Нұрбековтың «Мәрия-2» шаруа қожалығының 100 бас ірі қарасы да осында. Ботасаздың арғы жағындағы Сарысайды Бақыт Қалмақбаевтың «Қалмақбай» шаруа қожалығының 150 сиыры мен 150 қойы және Жаңылбек Асаубаевтың мың қойы жайлаған. Ал Үлкенсазды – 120 бас ірі қараны тәбіндетіп отырған Мұрат Сембаевтың «Сембай» шаруа қожалығы, 80 сиыр шығарған Асқат Тасболатовтың «Үмбетәлі» ЖШС, 100 ірі қарасын баққан Жұмаш Рақымжанов қоныс етіпті. Сонымен қатар әрқайсында 100 бен 200 бас аралығында ірі қарасы бар Исағали Рақымжанов, Нұрбол Сырбаев, Секен мен Азат Жиенқұловтар осында үй тіккен.
Жайлауға шыққандар мұнда ауа райына, жердің отына байланысты қоңыр күзге дейін, шамамен қыркүйектің аяғы, қазанның басына дейін отырады. Өйткені әдетте күзгі жаңбырдан соң жер қайта көктейді. Ал төмен жақта қазір жайылым жоқтың қасы. Жаппай көшіп баратын болса малдың аяғымен-ақ шаңы шығады.
Суреттерді түсірген: автор.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.