23 мамырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активінің жиналысы болып, онда облыс әкімі Амандық Баталов ауданның бұрынғы әкімі Махаббат Бигелдиевтің басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылғанын хабарлады.
Алдымен Амандық Ғаббасұлы Қарасай жерінің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлкен үлесі, аймақтың барлық көрсеткіштер бойынша облыста әрдайым алдыңғы орыннан көрінуіне қол жеткізгені үшін Махаббат Садуақасұлына рахметін айтты.
– Махаббат Садуақасұлы облыс әкімінің орынбасары болғанда, бірнеше ауданды басқарған кездері өзін білікті басшы, білгір жетекші, ұтымды ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Оның алдағы уақыттарда да жаңа қызметінде жүктелген міндеттерді абыройлы атқаратынына, ортақ игіліктің артуы жолында елеулі еңбек ететініне сенемін, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, Қарасай ауданының әкімі қызметіне тағайындалған Жандарбек Далабаевты жиналғандарға таныстырды.
Амандық Ғаббасұлы ауданның жаңа басшысының жұмысына жоғары баға беріп, негізгі өмір және еңбек жолын және көп жыл мемлекеттік қызметте, оның ішінде, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім басқармасының басшысы, Жамбыл ауданының әкімі болғанын атап айтты, сондай-ақ, алдағы уақытта ел игілігіне арналған еңбегіне жемісті жетістік тіледі, осы орында да жоғары биіктерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Мұнан кейін аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубек Қыдыралиев сөйлеп, қарасайлықтардың Махаббат Садуақасұлына деген зор алғысын жеткізіп, Жандарбек Ермекұлына жаңа жұмысында сәттілік тіледі.
– Махаббат Садуақасұлы қасиетті Қарасай жерінің алға басып, абыройлы болуына көп күш-жігерін жұмсап, елеулі еңбек етті, – деді атап айтқанда Қоғамдық кеңестің төрағасы. – Ол кісіге басыңыздан бақ, астыңыздан тақ кетпесін, дейміз. Ал, енді Жандарбек Ермекұлын да біз жақсы білеміз. Тәжірбиесі мол, үлкен еңбек жолынан өткен білікті жетекші, білімді басшы ретінде танимыз. Ендеше, қазыналы Қарасай жеріне қош келдіңіз, дейміз!
Жиналыста Махабат Садуақасұлы алдағы кезде де енбегінің ел игілігіне арналатынын жеткізіп, облыс басшысына көп рахметін айтты. Сол сияқты жаңа тағайындалған Жандарбек Ермекұлы да өзіне көрсетілген үлкен сенім үшін алғысын білдірді.
Актив жиналысының соңында Амандық Ғаббасұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында мүдделі әңгіме қозғап, бірқатар өзекті мәселелер жайында, атап айтқанда, Елбасымыз дүниеге келген Қарасай ауданын келешекте де ілгерілету, елді мекендердің тазалығы мен жол сапасын жақсарту туралы тапсырмалар берді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.