Өткен айдың ортасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа облыстар құру туралы Жарлығына сәйкес Қонаев қаласындағы орталық коммуникация алаңында «Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» көшпелі мәслихат өтті. Бұл жиында көшелі мәселелер көтеріліп, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған тақырыпқа қатысты баяндама жасап, бірқатар маңызды сұрақтарға жауап берді. Олардың ішінде, әсіресе, облыс аумағындағы аса күрделі және күн тәртібінен түспей келе жатқан халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге байналысты маңызды мәселе де бар.
Өңір басшысының сөзінше, Алматы облысын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатындағы 62 жобаға 27,8 миллиард теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген. Әрине, бұл реттегі әуелгі міндеттердің бірі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету болғандықтан, көтерілген мәселе төңірегіндегі сұрақтар да аз болған жоқ. Аталған саладан басқа, газдандыру мен жолды жасау секілді инфрақұрылымдық салаларда атқарылып жатқан істер туралы да тілге тиек етті.
«Бүгінгі таңда газдандыруға жататын 294 елді мекеннің 147-сі газдандырылды. Көгілдір отынға облыстың 1 млн 114 мың тұрғыны қосылған. Биыл тағы 9 елді мекенді қосқанда көрсеткіш 69,4%-ға жетеді», – деген облыс басшысының сөзіне сүйенсек, жылдан жылға жолдардың сапасы артып, 2022 жылы облыс бойынша барлығы 731 шақырым жол жөнделген. Осы жылы жол инфрақұрылымының сапасын арттырып, жөндеу жұмыстарын істеуге 48,5 млрд. теңге бөлінген көрінеді. Жыл соңына қарай сапалы және қанағаттанарлық деңгейдегі жол көлемі 91%-ға жетеді деп жоспар бар екен.
Жақында ірі қалаларымызда су тапшылығы пайда болды, тұрғындар наразылығын білдіріп жатыр. Бұл да – орынды. Осы түйткіл – әкімдердің жұмысындағы нағыз олқылық. Оны тез арада түзету керек. Әкімдердің қолынан келмесе, тиісті шешімдерді қабылдаймын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
(Түркістандағы Ұлы құрылтайдағы сөзінен)
Расымен, бұл көңіл қуантарлық көрсеткіш. Бірақ осы орайда бүгінге дейін облыс аумағынының 92,7 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ол жыл соңына дейін ол 93,5 пайызға жететіні рас болса, «Неге облысқа қарасты барлық ауданның тұрғындары ауыз су азабын арқалап отыр?» – деген заңды сұрақ туады. Өйткені қай ауданға, қай ауылға барсаң да «Қайда барсаң да Қорқыттың көрінің» кебін киген елдің ауыз суға қатысты мәселесі шашетектен. Ойлап қарасаңыз, 92,7-93,5 деген пайыздық көрсеткіш әне-міне 100 дегенді меңзейді. Сонда облыс әкімінің ақпары жалған ба, әлде халықтың мүшкіл хәлдеміз дегені өтірік пе?
Бұл ретте аталған ақпаратты облысқа қарасты аудандардың әлеуметтік желідегі парақшасынан оқыған жұрттың да айтары да, жеткізер жанайқайы да аз емес. Мәселен, жақында Бесағаш тұрғындарымен ауыз су мәселесіне қатысты кездесу өткізген Талғар ауданының әкімі Таңат Есенкелдіұлы ауылды ауыз сумен толық қамтамасыз ету мәселесінде орын алған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында арнайы жобаның бар екенін алға тартқан. Осыған байланысты аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі былай деген еді: «Қазіргі уақытта, өкінішке қарай, сумен жабдықтауда проблемалар бар, дәлірек айтсақ, оның болмауымен. Ауыл тұрғындары суды «ТасҚұм» жеке мекемеден алады. Бұл жағдайды шешу үшін осы компанияның құбырларын «Талғар Су» мекемесінің балансына алуға болатын еді. Бірақ қазіргі уақытта бұл компанияның біршама қарызы бар. Бірақ ауылды сумен жабдықтау бойынша жоба дайын. Қазір жоба сараптамаға жіберіледі. Қаражат бөлінгеннен кейін жұмыстар басталады. Кездесу қорытындысы бойынша ауыл тұрғындары арасында осы мәселені шешуге көмектесетін білімі бар мамандар қатарынан арнайы топ құру туралы шешім қабылданды. Мәселе Талғар ауданы әкімінің бақылауында».
Қазір халықты ауыз сумен қамтудағы көрсеткіш 92,7%-ды құрап отыр. Биыл 62 жобаны іске асыруға 27,8 млрд. теңге қарастырылған. Жыл соңына қарай сумен қамтамасыз ету деңгейі 93,5% жетеді.
Марат Сұлтанғазиев,
Алматы облысының әкімі.
Ал Бесағаш ауылының әкіміне телефон соғып, WhatsApp желісіне жазып, мәселеге қатысты жауабын білмек болғанымызбен, еш мүмкіндік болмады. Өйткені аудан әкімімен бірге Бесағаштағы «Тас-құм» мекемесінің жай-күйімен танысудан қолы босамаған болу керек деп топшыладық.
Талғар ауданы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «17 маусым күні Талғар ауданының әкімі Таңат Есенкелдіұлы «Талғар Су» МКК өкілдерімен бірлесіп «Тас-құм» ЖШС су сорғы станцияларының сумен жабдықтау жүйесінің техникалық жағдайын тексерді. Тексеруде бірінші көтергіш сорғыға орнатылған су сорғының қуаты жеткіліксіз екендігі анықталды. Ауа райы жағдайына байланысты суды пайдалану көлемі артқан. Сондықтан ауылға дейін су жетіспейді. Талғар ауданының әкімі Т.Айдарбеков тапсырмасымен Бесағаш ауылдық округінің әкімдігі және полиция бірлесіп сумен жабдықтауды қамтамасыз ететін құбырларға заңсыз қосылған жеке сорғыларды анықтау бойынша рейдтер ұйымдастырады. Мәселені шешу үшін біз «Бесағаш ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы (Оңтүстік бөлігі)» ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобалаушы – «Инженерлік жобалау институты» ЖШС. Су тарату желілерін ұзындығы 42 шақырым. 2021 жылы жоба 2-ші көтергіш сорғы станциясы үшін жер учаскесінің болмауына байланысты теріс қорытынды алды. 2022 жылы құрылысқа арналған барлық жер учаскелері рәсімделді. 2022 жылдың 18 қазан күні экологиялық сараптамадан өтті. 12.06.2023 жылы магистралдық су құбырына сервитут салу бойынша жұмыс аяқталды. Жоба қайта сараптамадан өтуге дайындалады.
Сараптама қорытындысын алудың жоспарланған мерзімі – 2023 жылдың тамыз айының соңы. Қолайсыз жағдай үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз! Мәселені шешу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Алайда Бесағаштың тұрғыны Жұлдыз Ыбырайдың айтуынша, Бесағаштағы ауыз су мәселесінің туындағанына 10 жылдан асқан. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін шешімін таппаған басты мәселенің кесірінен жаңадан салынған тұрғын үй кешенінің тұрғындары зардап шегіп отыр.
«Шамалауымызша бұл тұрғынның осы ауылға келгеніне 10 жыл ғана болса керек, ал осыдан 20 жыл бұрын сол ауылды мекендеген тұрғын ретінде ауыз судың түйткілді мәселесінің түйіні тарқамай жүргеніне кемі 25-30 жыл болғанын айтқымыз келеді. Сол баяғы «Тас-құм» мекемесінің бітпейтін жырының салдарыннан аукыл халқы ауыз судың азабын тартып келеді», – деп ойымен бөлісті ауыл тұрғыны Жұлдыз Ыбырай.
Айтып-айтпай не керек, талай мәселе мінберде көтерілгенмен, кейде кейбірі жауапсыз қалып, уақытысында шешілмей жататыны жасырын емес. Ал аяқсыз қалған шаруалар жаңадан тағайындалған әкімнің жауапты ісіне айналады. Қарапайым халық әдеттегідей талабын айтудан шаршамайды. Әзірге жалғасып келе жатқан бұл үрдістің де бір үзілер күні болатын шығар деген ниеттеміз…
Жанбота СҰЛТАНМҰРАТҚЫЗЫ.
Талғар ауданы.