«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңы күшіне енгеннен кейін Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі модернизацияланады және медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі.
Халық саны артып, денсаулық сақтау саласына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын азайып барады. Дәрігер жетіспейді, мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда орын тапшы, медициналық қызмет сапасы да сын көтермейді. Салдарынан азаматтарымыз медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке тым көп қаражат жұмсайды. Бізде денсаулық сақтауға жұмсалған жалпы шығынның 40 пайызы (немесе 640 млрд. теңге) қазақстандықтардың қалтасынан шығады. Былайша айтқанда, 18 млн. қазақстандықтың әрқайсысы жыл сайын 36 мың теңгені өз қолымен емдеу мекемелерінде қалдырып отырады деген сөз. Ал, халықаралық ұйымдардың талабы бойынша азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындары 20 пайыздан аспауы тиіс. Сонда ғана ол елдің денсаулық сақтау жүйесі тұрақты болып табылады. Оның үстіне, бұл мемлекеттің Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы талаптары бойынша бәсекеге қабілетті саналатын 30 елдің қатарына қосылуына кедергі келтірмек. Үкімет бұл бағытта бірқатар іс-шараларды қолға алды. Соның бірі — денсаулық сақтау саласын қайта реттеу бағдарламасы. Бұл бағдарлама медицина бизнесінің мемлекеттік тапсырысқа қатысу тәртібін жеңілдетті. Нәтижесінде халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін жеке меншік ұйымдар саны артты. Жалпы, Үкімет осы бастаманың арқасында: жеке меншік клиникалардың инфрақұрылымы есебінен медқызметтің қолжетімділігін арттыру, азаматтарың қалтасынан шығатын шығынды қысқарту және бәсекелестікті дамыту сынды маңызды үш міндетті шешіп отыр. МСҚ 2017 жылы тұңғыш рет кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алды. Сатып алу процесіне ұсынылған өзгерістердің және медицина бизнесімен жүргізілген жұмыстың арқасында мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет білдірген жекеменшік клиникалар қарасы көбейді. Нәтижесінде, 2018 жылы Қазақстан бойынша 602 жеке меншік медицина мекемесі тегін қызмет көрсетіп жатыр. Бұл мемлекет есебінен халыққа қызмет көрсететін емханалар мен клиникалардың 40 пайызына жуығы және бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 170-ке артып отыр. Өкінішке орай, мемлекет тарапынан кепілдік берілген тегін медқызметті жеке меншік клиникаларда алуға болатынын екінің бірі біле бермейді. Қазақстан бойынша мемлекеттік клиникаларды қоса есептегенде 1380 медицина ұйымы халыққа тегін қызмет көрсетеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіретін қызметтердің көптеген түрлерін азаматтар аталған емдеу мекемелері арқылы ала алады.
Статистикаға сүйенсек, жұртшылық созылмалы ауруы әбден асқынып, шұғыл көмек қажет болғанша дәрігерге қаралмайды. Елімізде жыл сайын 3 миллионға жуық адам ауруханаға түседі. Соның 68 пайызы немесе 1,9 миллионы — дәрігер көмегіне ауруы әбден асқынғаннан кейін жүгінгендер. Яғни, әрбір 10-шы отандасымыз өміріне қауіп төнген кезде ауруханаға түседі деген сөз. Тіпті, тегін көмек көрсетілген күннің өзінде олар бағасы қымбат болып келетін күрделі процедураларға қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады. Шын мәнінде, тиімділігі жоғары, көп шығынды қажет етпейтін диагностикалық процедуралар арқылы мұның бәрінің алдын алуға болады. Биылғы жылы республика бюджетінен денсаулық сақтау саласына бөлінген 917 млрд теңгенің 318 миллиарды емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілді. Соңғы кезде қатерлі ісіктің көбейіп кеткені шындық. Обырдың өршуі мен одан болатын өлім-жітімнің алдын алуға көмектесетін арнайы скринингтік бағдарламалар бар. Әр адам күн сайын қан қысымын өлшеп, қажет болса гипотензивтік дәрілерді қабылдап отырса — инсульттен сақтануға болады. Ал, қандағы холестерин мөлшерін бақылауда ұстауды бәріміз жас күнімізден әдетке айналдыруымыз керек. Бұл жүректің ишемиялық ауруы мен инфаркттен сақтайды.
Бір сөзбен айтқанда, жоспарлы ем шұғыл көмектен әлдеқайда арзанға түседі. Мысалы, жүректің ишемиялық ауруымен ауыратын науқасқа аортокоронарлық шунттау отасын жасау қажет делік. Дәрігерге уақтылы қаралып, жоспарлы түрде ота жасатқан жағдайда 1,5-1,8 млн теңгеге түседі. Ал, ауру асқынып, шұғыл ота жасалатын болса операция құны 2 есе артады…
Т. ДЖАНСЕНГИРОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының
халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің басшысы.