Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Болашақ жастарды жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу аға буынның қоғам алдындағы борышы. Жақында Кеген ауданы Алғабас ауылдық округінде «Ұрпақ тәрбиесі – болашақ тірегі» атты кездесу болып өтті.
Аталған кездесуге Кеген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Тоғжан Қанатқызы, Кеген аудандық аналар кеңесінің төрайымы Бақытгүл Демежанқызы, Кеген аудандық маслихат хатшысы Алмасбек Нөкербанұлы және жастар қатысты. Қазақ руханиятынан сыр шертетін ойталқы әңгімелер айтылды. Өткен мен бүгін, бүгін мен болашақ жайлы терең мағыналы ойлар өрбіді. Жастардың руханиятына өзек болатын келелі оқиғалар айтылды. Сұрақ-жауап беріліп, аудиториямен пікір талас ортаға салынды. Айта кетейік, «Бүгінгі таңдағы қазақ жастарының болмысы қандай?, Болашаққа бағдарымыз қандай?» – атты сұрақтарға толық жауап беріліп, жастарға берері мол кездесу өтті. Кездесу соңында естелік суреттер түсірілді. Алдағы уақытта аталған тақырыпта басқосулар мен жүздесулер кең көлемде жүргізілетін болады.
Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие бере отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат мұраларын жастардың санасына сіңіру басты мақсатымыз. Ұлт болашағы жастардың қолында.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.