Былғары қолғапты серік еткен Райымбек ауылындағы «Райымбек» спорт клубының шәкірттері жақында байрақты бәсекеден үздік атанып келді. Осыған дейін жасөспірімдер түрлі жарыста ауданның, облыстың намысын қорғап келсе, осы жолы Өзбекстан елінде өткен халықаралық турнирде мықты екендерін тағы дәлелдеді. Анығын айтқанда, жоғарыда аталған спорт клубтың басшысы, жаттықтырушы, ҚР Спорт шебері Бауыржан Жанатұлының боксшылары командалық есеп бойынша І орынға ие болды.
Бұл турнирде жарыс қожайынынан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің жас боксшылары да шаршы алаңда өнерлерін көрсетті. Төрт күнге созылған спорттық бәсекеде Бауыржан Жанатұлының шәкірттері қарсыластарына дес бермей, 23 алтын, 2 күміс, 4 қола медальді қанжығаларына байлады. Осылайша көршілес мемлекеттерден басым түсіп, команданың көрсеткен үздік нәтижесімен І орыннан көрінді.
Жүлделі оралған жас боксшылар мен олардың тәлімгері Бауыржан Жанатұлын Райымбек ауылдық округінің әкімі Елжан Туленбаев бастаған әкімдік қызметкерлері және балалардың ата-аналары ерекше ықыласпен күтіп алды. Жеңімпаздарды құттықтап, қуаныштарымен бөлісті
Айта кету керек, бұл халықаралық жарыс Өзбекстан елінің Наманған облысына қарасты Чуст қаласында өтті. Турнирде 2007-2016 жылғы жасөспірімдер бақ сынады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.