Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі егемен еліміздегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көптеген мәселелерді шешуге айқын жол ашқаны белгілі. Сондықтан да оны қазақстандықтар барынша ризашылықпен қарсы алды.
Қазіргі күндері бұл бастамаларды жүйелі жүзеге асыру бойынша жауапты орындар анықталып, бастапқы жұмыстар, іс-шаралар нақты айқындалып, мақсатты түрде атқарылуда.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру», «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту», «Шағын несие беруді көбейту», «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» деген бастамаларының, шын мәнінде, өмірлік мән-маңызы өте жоғары. Өйткені, осындай орнықты істер арқылы бүгінгідей жаһандану заманында халқымыздың тұрмысын жақсарту мен әл-ауқатын одан әрі арттырудың басым бағыттарын іркілмей ілгерілететін боламыз.
Осы орайда Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев «Мемлекеттің жаңа қадамдары бүкіл қазақстандықтарға, еліміздің барша азаматтарына игі әсер етеді. Қоғам өз тағдырын Қазақстанмен тығыз байланыстырып, болашағын жоспарлаудың тың мүмкіндігіне ие болады» деп атап көрсетті.
Иә, бұл бастамалардың тәуелсіз мемлекетімізді жаңа белестер мен биіктерге бастайтыны анық.
Тұрдақын ТҰТҚЫШБАЕВ,
Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судъясы.