Өткен аптада Қарасай аудандық орталық кітапханасында Алаштың үні болған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени «Қазақ» газетінің 110 жылдығы атап өтілді. Іс-шараға Қарасай ауданының Құрметті азаматы Қызжібек Әбдіғали, «Ақпарат саласының үздігі» Жасұлан Мәуленов, ардагер-ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі» Ақлима Көсемова, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы, «Нақты» газетінің ардагер тілшісі Берікбай Елеусізұлы сияқты ауданға танымал жандар қатысты.
Алғашқы сөз кезегін А. Көсемова алып, аталмыш газеттің негізін қалаушы, ғалым, ұстаз, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы және оның ерлігі жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, ұлт көсемімен бірге газет құру үшін жазушының саяси серіктері Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов жайлы деректерді жеткізді.
Сондай-ақ шара барысында ардагерлердің тарапынан «Қазақ» газетінің шығу кезеңі, қалыптасуы, тарихта алатын орны және газет жанашырлары мен көтерген мәселелері туралы әңгіме өрбіді.
Айта кетсек, газеттің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында жарық көріп, аптасына бір рет шығып тұрды. Газетті Ресей аумағында оқып жүрген студенттерден бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаздырып алушылар қатары көбейе берді. 1915 жылдан бастап аптасына екi рет шыға бастады. Алғашында таралымы 3 000 данамен шыққан басылым кейін тарихшылардың болжауынша, 8 000 данадан асты.
Қорыта айтқанда, «Қазақ» газеті жарық көрген уақыт ішінде өзі көтерген міндетті табысты орындап, ұлттық-демократиялық даму жолындағы алға қойған мақсатын орындап шыға алды. Бұл басылым қазақ қоғамының өз мүддесі, құқықтары мен бостандықтары үшін күресте топтасуында маңызды рөл атқарып, ұлттық сананы оята білді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» бола алған Алаштың газеті халық жадында үнемі жаңғырып, тәуелсіз еліміздің тірлігімен бүгін де сабақтасып тұратынына еш дау жоқ.
Батыржан ЖҰМАДІЛОВ.