Ара балының мың сан ауруға ем болатын қасиеті бар екені көпшілікке таныс. Тіпті, бала күнімізде ара шағып алса, аталарымыз «шаққанының өзі шипа, енді қыста ауырмайсың» деп жұбататын. Табиғатынан ерекше жаратылған араның қызыққан жанды өзіне баурап әкетер қасиеті өз алдына бір ғылым дерсің. Ал, оны өсіріп, баптап, балын алсаң, толағай табысқа кенелерің хақ. Қыры мен сыры көп кәсіпті меңгеріп, өнімді еңбек етіп жүрген омарташының бірі – Кеген ауданы Саты ауылының тұрғыны Сейсенбай Баймырзаұлы.
Қазақта «Бал ұстаған бармағын жалайды» деген сөз бар. Ара шаруашылығын тәп-тәуір меңгерген ол балдың түр-түрін өндіріп, оны сатып көптің алғысына бөленіп жүр. Айта кетейік, кейіпкеріміздің аталған кәсіпті дөңгелетіп отырғанына бар болғаны үш жылдан енді асыпты. Өз шаруашылығын бар жан-тәнімен жақсы көретін омарташы бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласынан алыс болмаған. Яғни, ұзақ уақыт бойы Сейсенбай ақсақал қырыққабат және сәбіз өсіріп, егіншілікпен айналысқан. Кейінгі жылдары совхоздар мен колхоздар құлағаннан кейін, «Төске» деп аталатын шаруа қожалығын құрып, ауыл шаруашылығымен айналыса бастады. Бұл салада да ол көптеген жетістікке жетіп, жайылымдық жерлерді сатып алып, малдың барлық түрлерінің санын көбейтті. Кез келген іске бар ынтасымен кіресетін Сейсенбай Баймырзаұлы қай жұмысты бастаса да алға өрлетеді. Осы жолы ол омарташылық кәсіпті қолға алып, қәдімгі бал араларын өсіріп көрсем деген ниетпен бастап кетіпті. Осыдан шамаман үш жыл бұрын жер учаскесіне 20 ара ұясын салып, омарта құрған. Оның сыйымдылығы – 200-300 мың бал арасы. Мұнымен шектеліп қалмайтын іскер омарташы, орналасқан аумағын кеңейтіп, ара ұяларының санын 40 данаға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.
Бұл кәсіпті бастамас бұрын кейіпкеріміз ара асырауды тек өзге ұлттың өкілдеріне ғана тән қасиет деп ойлайтын. Десе де осы кәсіпті бастауына кейіпкеріміздің бұрын-соңды көріп, білмеген дүниені іске асыруына дастарханынан үзілмейтін балға деген құмарлық себеп болса керек. Бір жағы табиғи таза өнімді тұтынуды да көздейді. Осылайша ойда-жоқта омарташыға айналып шыға келеді.
– Отбасымызбен балды жақсы көреміз. Жиі тұтынатындықтан соны өзіміз өндірсек қалай болады деген ой келді. Осылайша омарташылыққа бет бұрдық. Бастапқыда ара шағып, өзімізге де, өзгеге де зиян келтірмейміз бе деген қорқыныш болды. Сонда да тәуекел еттік. Ара өсірудегі қажетті дүниелерді ғаламтор желісі арқылы зерттедім. Сөйтіп алғашқы қадам жасадым. Бастапқыда бұл ісімізді ешкім білмеді. Көршілер арасында «қаптаған ара қайдан келген?» деген сынды әңгімелер жүрді. Кейін арнайы жәшігін әзірлеп, нақты іске кіріскен кезде білді ғой. Ал, алғашқы өнім шығара бастағанда жан-жақтан сұраныс артты, – дейді ол.
Оның айтуынша, ол өзінің омартасында австралиялық бал араларын өсіреді және өткен жылы тағы 10 неміс арасын сатып алды. Мамыр айынан бастап аралар бал шығара бастайды. Бір омартадан бір маусымда орта есеппен 50 кг бал алуға болады, ал ірі ара шаруашылықтары 230 кг-ға дейін таза бал жинайды. Бұл шынымен де жақсы пайда әкеледі. Өйткені ара шаруашылығы өнімдері әрқашан үлкен сұранысқа ие. Сондықтан тұтынушылар алдында үлкен жауапкершілікті сезінген Сейсенбай Баймырзаұлы тек қана таза, табиғи, сапалы балды шығаруды алдына мақсат етіп қойған. Оның бал аралары теңіз деңгейінен 1500-2000 метр биіктікте Көлсай, Саты, Таушелек сияқты көркем жерлерден бірнеше шақырым жерде тұрады. Бұл аңғарлардан аралар мыңдаған гүлдердің балшырындарын әкеледі. Олар тозаң жинайтын арша, алдер, жусан, жабайы таңқурай, Қаражидек шырынына тартылады екен. Мұндай тозаңның көптеген емдік қасиеттері бар.
– «Балдың барлық ауруға ем екені белгілі. Ол медицинада нақты дәлелденген. Тіпті, олардың ұяшықтарын да кәдеге жаратуға әбден болады. Ол халық емінде қолданылып жатады. Жалпы, балдың құрамында пайдалы элементтер көп. Ал араның денесінде химиялық заттар бар. Балды қыста ауырып қалғанда пайдалануға болады. Балдың асқазанға да жүрекке де пайдасы зор. Трасса бойында бір литріне 2-ден 2,5 мың теңгеге дейінгі бағада балда емдік қасиеті болатынына, таза екендігіне күмәнім бар. Өйткені оның құрамында әртүрлі қоспалар болуы мүмкін. Мәселен, мендегі өндірілетін балдың литрін мен 5000 теңгеге сатамын және сапасына толықтай кепілдік бере аламын, – дейді омарташы Сейсенбай аға.
Омарташылық кәсіпті меңгерген отбасы көктем шыға салысымен тоғайлы аймақтарға барады. Онда шеңгелі мол аумақтар таңдалады. Жантақ пен жоңышқа гүлдеген тұста араларды егістік алқаптарына жіберіп алмау қатаң қадағаланады.
Аралар да өздерінің бірнеше ауру түрлерімен ауырады. Біздің жердегі аралар көбіне іш ауруымен ауырады деседі. Тағы бір ерекшелігі, олар темекі мен ішімдіктің, әтірдің иісін жақтырмайды. Жанына жақындаған адамда осы аталған иіс болса ашуланып, тарпа бас салады. Үнемі қозғалыста болады. Содан да болар, оның ұясының ішінде қысы-жазы 30-35 градус температура сақталады. Міне, жоғарыдағы біз білмейтін тың мәлімметің бәрін кәсіпке ден қойған Сейсенбай аға құлшыныспен әңгімелеп берді.
– Араның тағы бір ерекшелігі – тазалықты жақсы көреді және асқан шебер. Тазалықты жақсы көретінін ұяның ішінен бір араның өлексесін, болмаса басқадай қоқыстарды кездестірмейсің. Ал, шеберлігі – біз жиектемесін жасап, бетіне арнайы жабыстырғыш дәкесін бекітіп қоямыз. Соның үстіне аралар алты бұрышты етіп бал жинайтын ұяшықтарын өздері өріп шығады. Бұл жұмыстары адам қолымен жасаса да, мұндай мінсіз шықпас еді,– деген омарташы аралардың осындай ерекше қабілетін де тілге тиек етті.
Көз алдымызда аралар осы мезгілден бастап бал жинау үстінде. Мамыр айының ортасынан бастап тамыз айына дейін жиналған балды алуға мүмкіндік бар. Бір ұядан аптасына 6-7 келі бал алынса, бір маусымда 100-200 келіге дейін бал қолға тиеді. Есептей беріңіз! Егер ойластырылған жоспарлар жүзеге асырылып, бал өнімінің көлемі 2-3 тоннаға дейін ұлғаятын болса, онда ол Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға және Қырғызстанға бал сатуды жолға қоюға ниетті. Сейсенбай Баймырзаұлы араларды, үлкен баққа қамқорлық жасай отырып, балалары мен немерелерін жерге еңбекке баулып келеді. Саты ауылындағы үлгілі отбасының отағасы ретінде ол жұбайы Гүлнармен бірге төрт керемет қызы мен ұлын тәрбиеледі. Кішкентай кезінен бастап оларға адал жұмыс істеуге және адал ақша табуға үйретті. Кейіпкеріміз біздің қазақ жастарымыз ара шаруашылығын оқып, оны мамандыққа, өте тиімді бизнеске айналдыруды армандайды.
– Мен бұл кәсіпті қолға алғанда толағай табысқа кенелсем деген жоқпын. Құдайға шүкір, балаларымның бәрін үйлі-жайлы қылдым. Өзім де заманымда еңбегіммен халқыма абыройлы болдым. Енді осы кәсібім жанданып кетіп жатса тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетсем деймін. Және базарға бара қалсаң, түрлі қоспамен жасалып келген сырттың өнімдерін аламыз. Осыны да ескеріп, аудан халқын табиғи таза өніммен қамтамасыз етсем,– дейді Сейсенбай аға.
Тыңнан басталған шаруашылық түріне қызығушылық танытушылар көп көрінеді. Омарташы үйренемін деушілерге де үйретуге дайын екендігін айтты Иә, қызығы мен шыжығы көп ара шаруашылығы дамып, нарықта Кегеннің балы саудаға салынып жатса, шынымен де, керемет болғалы тұр. Бұл кәсіпті бастаған омарташының еңбегі табысты боларына сеніміміз мол.
Сонымен қатар, балдың емдік қасиеттері де өте жоғары. Расында, бал қуаты жоғары азық. 1 келі бал адамға 3250 ккал. қуат береді. Бал адам ағзасын дәрумендермен, ақуызбен, ферменттермен, т.б. тіршілікке қажетті заттармен байытады. Сондай-ақ, балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге қолданады.
Түйіндер болсақ, омарташының міндеті тозаңдандыру. Бұл кәсіппен айналысқан адамның бай болатындығына еш күмән жоқ. Сондай-ақ, физикалық қимыл-қозғалыс, табиғат аясында көшіп-қону, бал өнімдерін тұтыну омарташының денсаулығына зор пайдасын тигізіп, қарапайым адамдарға қарағанда ұзақ жасайтындығына кепіл болатындығын ұмытпау қажет.
Бұрым ОРЫНБАСАР.