Адам өмірінің қадір-қасиеті өмір сүрген жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады. Осындай саналы ғұмыр кешкен, өмірден өтсе де артына өшпестей із қалдырып, өмірі ерлікке толы болған асыл жандардың бірі – Күлән Қожанқызы.
Алматы облысы Шелек ауданы Малыбай ауылында сонау сұрапыл соғыстың қайнаған тұсында, әкесі Қожан соғысқа аттанған соң 1942 жылдың 28 мамырда дүние есігін ашқан Күлән апамыз талдырмаш кезінен тағдыр теперішін көп көрген. Балалық балдәурені сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген ол кішкентайынан анасына қолдау, артынан ерген жалғыз інісімен сіңілілеріне қамқор болып, олардың өмірден өз орындарын табуына атсалысқан.
Еш қиындыққа мойымай, жаны жадыраған жаздай, өмірі өнегелі, еңбегі берекелі болып, жақындарының жадында есімі мәңгі жазылып қалған аяулы Күлән апамыз көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.
1959 жылы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін арман қуып Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. Жоғарғы оқу орнын оқып жүріп, сол кездері қазақтың Ауылшаруашылық институтының инженерлік факультетінде білім алып жүрген болашақ жары Марат атамызбен танысып, араға көп уақыт салмай, сол кісімен шаңырақ көтерген. Алайда тағдырдың қатал жазуы болар небәрі 23 жасында жан жары өмірден өткен. Артында екі кішкентай қызы қалды.
Өмірлік жолдасынан ерте айырылған Күлән Қожанқызы еш мойымай, өмірдің қиындықтарына табиғатынан салмақты болмысы мен қайсарлығының арқасында мойынсұнбай қат-қабат қиындықты жеңіп, ілгері жылжып, оқуын жалғастыра жүріп, кішкентай екі қызын аяққа тұрғызған. Соңынан ерген сіңлілері Айтан мен Гүлдарияны, інісі Серікті өзі оқыған институтқа әкеліп оқуға тапсыртқызған. Бұдан кейінгі жылдары анасы екеуі іні-сіңлілерінің жоғары білім алып, отбасы болып, өмірден өз орындарын табуына, қарапайым еңбек адамы Күлтан әпкесінің ұл-қыздарының да білімді, тәрбиелі болып, алдыңғы легінің жоғары білім алуына барынша көмек көрсеткен.
Алғаш еңбек жолын Жаңашаруа ауылындағы орта мектепте ұстаздықтан бастаған. Кейіннен өмірінде көп қолдау көрсеткен әріптес ағасы Әділ Кенжебекұлының ұсынысымен, Асы саға ауылындағы мектепке ауысқан. Мұнда жұмысына деген жуауапкершілігі мен еңбекқорлығынын арқасында ұстаздар арасында жақсы беделге иә болды. Алматы қаласындағы облыстық білім көтеру институтында республика ұстаздарына арнап панорамалық сабақтар өткізіп, нәтижелі еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ ССР-інің методист-мұғалімі» деген құрметті атағын иеленді. Бірнеше мәрте СССР, Қазақ ССР Құрмет грамоталарымен марапатталған. Әр жылдары сабақ берумен қатар, жаңадан құрылған Қабылов қой совхозының шаруашылық жұмыстарына да белсене араласып, оқушылар бригадасымен каникул кездерінде совхоздың дақылдарын өсіріп, баптап өткізуге көмек көрсеткен. Күлән Қожанқызынан тәлім-тәрбие алған қаншама шәкірттер еліміздің түрлі салаларында биік лауазымдарда қызмет етуде.
Талабы жоғары ұстаз, білікті маман бола тұра, зейнетке шыққан кезде де білім саласынан қол үзбей, «Әжелер алқасының» құрамында болып, өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды дарытуда білімі мен тәжірибесін қолданып, жас ұстаздарға тәлімгер бола білген.
Күлән Қожанқызының қыздары өзі сияқты ұстаздық жолын қуғанын айта кету керек. Әрбірі білім саласының дамуына үлкен үлес қосып, үздік атанған жандар. Үлкен қызы Бәтес Маратқызы біраз жылдар Еңбекшіқазақ ауданының білім бөлімінің басшысы болып, жақында зейнетке шыққан, ал кіші қызы Бану Маратқызы бүгінде ауданымызға қарасты Ұлан аулындағы орта мектепте директор лауазымында қызмет етуде. Апамыздың немерелері де бүгінде жетекші салаларда еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтар. Мәселен, немересі Жәнібек Илиясұлы бүгінде Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында сот әкімшісі, тағы бір немересі Рауан Бақытбекұлы Алматы облысының мамандандырылған Табиғат қорғау прокуратурасында орынбасар болып қызмет етуде.
Тағдырдың қиындығына мойымай, ауылдастарының құрметіне ие болған ардақты апамыз жалпы екі қызынан 7 немере, 13 шөбере сүйген.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.