Мемлекеттік Рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, тәуелсіздігін, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін құнды белгілері болып саналады. Биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 31 жыл толып отыр. Осыған орай өткен аптаның жексенбісінде аудан көлемінде «Мемлекеттік Рәміздер – Ұлттық мақтанышым» атты ауқымды патриоттық іс-шара өткізілді. Оған аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров бастаған ауданымыздың әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің ұжымдары, спортшылар, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік Рәміздерді ұлықтауға арналған шара барысында алдымен әрдайым байрағымыздың көкте желбіреуін жақсы ырымға балап жүретін ауданымыздың Ауған соғысы ардагерлерінің бастамасымен шеру өтті.
Әрі қарай мереке концерттік бағдарламаға ұласып, онда жиналған тұрғындардың алдында аудан әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, Тәуелсіздігіміздің айбары саналатын Мемлекеттік Рәміздердің мәртебесі асқақтай беруін тілеп, жылы лебізін білдірді. Мұнан кейін аудан өнерпаздары концерттік бағдарламаларын қойып, патриоттық әндер айтып, би билеп жиналған көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мұнан бөлек іс-шара аясында аудандық әкімдіктің және өзге де мекемелердің қызметкерлері, аудан спортшылары мен жастары Мемлекеттік Гимнді орындады. Осылайша, олар өздерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне деген құрметтерін көрсетті.
Айта кетейік, аталмыш шара аудан көлемінде өтіп, Гимнді барлық ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметкерлер бір мезетте орындады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.