Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұны келін болатын болашақ қыздарымыз терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жаңа шаңырақтың табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабаларымыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпағын өрбітіп-өркендетіп, кеңейтуші ырысы, құт-берекесі санаған.
Жақында Ұмтыл ауылдық округіндегі Мерей ауылдық Мәденет үйінде «Абысын-ажын» атты байқау өтті. Келіндердің ізеттілігін, инабаттылығын бағалап, жас ұрпақ бойындағы жан сұлулығымен қатар салт-дәстүріміздің қалып-тасуына, заман талабына сай ұлттық өнер мен өнегеге баулу, танымдық қабілетін арттыру байқаудың басты мақсаты. Осындай тамаша іс-шараны Ұмтыл ауылдық округінің демеушілігімен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Көлді ауылы бөлімше-сінің төрайымы Зәмзагүл Қапанқызы, Мерей ауылдық Мәдениет үйінің ұжымы ұйымдастырды.
Бұл сайысқа Ұмтыл ауылдық округ әкімінің орынбасары Кәмшат Қасымбекова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Алматы облысы төрайымы, көп балалы ана, алтын алқа иегері Ләйлә Дәулетқызы, ақын Шарипа ана қостаған қазылар алқасы төрағалық етті. Тартысты әрі қызықты өткен байқау бес кезеңінен тұрды. Оның алғашқысында «Сәлем берсең саулық аласың» деп келіндердің сәлем салуы, ел-жұртпен амандасуы, таныстыру сыналды. Одан кейін олардың ас әзірлеу қабілеттері сарапқа салынды. Қазіргі уақытта әлдилеп бала ұйықтатуды ұмытқан жас аналар арасында осы дәстүрді жаңғырту үшін қатысушыларға бесік жыры айтқызылды. Келесі кезекте келіндер салт-дәстүрлердің насихаттауға арналған көріністер қойып, байқаудың соңғы бөлімінде түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берді.
Сайыстың қорытын-дысына сәйкес, бірінші орынды Ұзақовтар әулетінің келіні Гүлім Асқарова мен Тоқбаевтар әулетінің келіні Аида Шалабаева иеленді. Ал, екінші орынға Амировтар әулетінің келіні Әйгерім Серікбаева мен Даңғыл әулетінің келіні Жанар Ахметова лайық деп танылды. Жүлделі үшінші орынды Отарбаевтар әулетінің келіні Манар Изгалиева мен Атагелді әулетінің келіні Гаухар Дандибаева алды.
Байқау жеңімпаздарына Ұмтыл ауылдық округі әкімінің атынан Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.