1 маусым Балаларды қорғау күніне орай ауыр тағдырды арқалап жүрген бүлдіршіндерге арналған «Сәуле Сапар» оңалту орталығының ашылу рәсімі «Khama parк» мейрамханасында салтанатты жағдайда аталып өтілді.
Сыңғыр күлкілі сәбилеріміздің барлығы бақытты болуға лайықты. Өкінішке орай, қоғамда өздігінен жүгіріп, секіріп ойнай алмайтын балдырғандар да бар. Ортадан жырақ қалған балалар ерекше күтім мен қолдауға зәру. Кейбіреуі үнемі медициналық қызметкер мен педагогтың назарында болуы тиіс. Шын мәнінде, жинаған қаражатын басқа бизнес көзіне салса тезірек ақтап алатынын білсе де, осындай игілігі мол іспен айналысуды жөн көрген кең пейілді жандардың еңбегі зор. Аталған орталықты ұйымдастырып, жұмысын жүргізуге ұйытқы болып отырған, кең пейілді, Сәуле Рахимжанова атты құрылтайшы, міне, солардың қатарынан. Осыдан 10 жылға жуық уақыт бұрын ол «Сәуле Рахимжанова оңалту орталығы» атты балаларға арналған қолжетімді орталықты ашқан. Бүгінде мекемедегі жұмысы қызу жүріп жатыр. Ондағы маман әрбір жұмысқа ыстық ықыласы мен үлесін қосып, әр баланың жағдайының дұрыс жасалуын өз назарында ұстайды. Ата-аналардың ризашылығына бөленіп отырған орталық жақында «Сәуле Сапар» атауымен мемлекеттік бағдарлама аясында грант ұтып алып, бүлдіршіндерді емдеп, қарауға мүмкіндік алды. Бөлінген қаражат аясында 24 баланың денсаулығын оңалтып, медициналық педогогикалық-психологиялық көмек көрсете алады.
Күні кеше аталған орталықтың ресми түрде ашылуы болып, оған облыстық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының және оның аудандағы бөлімінің өкілдері, аудандық мәслихат депутаты Атлана Исаева қатысты. Аталған шара барасында орталықтың құрылтайшысы Сәуле Рахимжанова мекемеден ем қабылдап жүрген балаларға дастархан жайып, мерекелерімен құттықтады. Сонымен қатар, демеушілердің көмегімен алынған сыйлықтар мен тәттілер де балаларға таратылды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.