Кітап дегеніміз – бүгінгі ұрпақтың өздерінен кейінгі өскелең жасқа қалдырған рухани өсиеті. Адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Заман алдыға жылжып, технологиялар қаншалықты дамығанымен әрбір білімді адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта екені сөзсіз.
Осыған байланысты бүгінде кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін ескере отырып, елімізді көптеген ауқымды істер жүзеге асырылуда. Сондай шараның бірі таяуда аудан орталығында орналасқан С.Жандосов атындағы Қаскелен кәсіптік-техникалық колледжінде ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның бейсенбісі күні аталмыш білім мекемесі «Парасатты оқырман» жобасы аясында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясын өткізді. Оған Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылымен ауданымызға қарасты қала және ауылдық округтердегі колледждердің кітапханашылары қатысты. Шараның мақсаты кітапхананың кітап қорын әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасын нығайту және жастарды кітап оқуға баулу.
Шараны ашып, жүргізген С. Жандосов атындағы Қаскелен-кәсіптік техникалық колледждің кітапханашысы Гүлшат Калилаева кітаптың құндылығы жайлы ой қозғап, келген қонақтарға алғысын білдіріп, арнайы дайындалған көрмемен таныстырды. Оның барысында келушілердің назарына кітапхана ғимараты, пирамида, торт сияқты кітаптардан жасалған әртүрлі инсталляцияларды тамашалады. Сондай-ақ колледж кітапханасындағы бірқатар қызықты кітаптармен таныса алды.
Мұнан кейін акцияның негізгі бөлімі бастау алып, аталмыш колледжде бүгінде білім беріп жүрген Айман Өрісбаева талай жыл ел үшін еңбек еткен жазушы әкесі Өрісбай Құдайбергеновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып, сол кісінің бірқатар кітаптарын сыйға тарту етті. Баспасөздің майын ішкен дерліктей тәжірибесі өте мол журналист, он жылдан артық Қарасай ауданының «Naqty» (бұрынғы «Заман жаршысы») газетін басқарған Өтесін Құбиевтің ұлы Рүстем Құбиев те аталмыш акцияға үлесін қосып, әкесінің шығармашылығы жастардың қолына жетсін деген мақсатпен оның жазған кітаптарын сыйлады. Ұстаздарынан қалыс қалмай, бұл күні шараға өз үлестерін колледж студенттері де қосты. Олар кітапхана қорын Ілияс Есенберлиннің, Сара Латиеваның, Фариза Онғарсынованың кітаптарымен көбейтті.
Акция аясында шараға арнайы шақырылған кітапханашылар да құр қол келмей, өздерімен танымал қазақ танымал ақындардың шығармаларын, кейбір салаларға байланысты пайдалы кітаптарды тарту етіп, ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екендігін, өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы да осы кітапта жатқандығын айтып, студенттерді кітап оқуға, сол арқылы білімдерін жетілдіруге шақырды.
Қызықты да танымды өткен шара соңында Гүлшат Жалғасқызы барлық қатысқан қонақтарға алғысын білдіріп, кітап құндылығын терең түсінетін жандар кітап қорын молайтуға үлесін қосып жатса, нұр үстіне нұр болартынын тілге тиек етіп, алдағы уақытта да бұл шара жалғасын табатындығын айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.