«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша берілетін несиеге биыл Алматы облысынан 9 аудан үміткер болуда. Оларға бөлінген қаражаттың сомасы – 8,3 млрд 267 млн теңге. Бір апта бұрын дәл осы жобаның шарттары мен ерекшеліктерін түсіндіру үшін ауданымызға «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерал Бейсембаев пен Алматы облыстық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Дияс Шаяхметов арнайы келіп, аудан әкімдігінде кездесу өткізді.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сансызбаев жүргізген бұл жиынға қала мен ауылдық округтердің әкімдері, орынбасарлары және ауылшаруашылығы саласына жауапты мамандар қатысты.
Алдымен «Қонаев» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерал Төлегенұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген қаржының қалай жұмсалатынына тоқталып, жан-жақты түсіндірді. Айтуынша, облыс бойынша алғашқы транш, яғни, 2,3 млрд теңге бөлінген. Енді алдағы ІІ жартыжылдықта қалған бюджеттің есебінен қаржыландыру басталады. Несиенің жылдық пайызы – 2,5%.
Ал Алматы облыстық мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Дияс Амангелдіұлы жоғарыда аталған бағдарламаның бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, олар: жеке қосалқы шаруашылықты өсімдік шаруашылығы үшін пайдалану; мал шаруашылығы және құс шаруашылығы үшін пайдалану; елді мекендерден тыс жер телімдерін пайдалану; кооперативтер құру және жинақтау; жеке кәсіпкерлікті дамыту.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына 21 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейін кез келген кәсіпкер және кооперативтер (кемінде үш қатысушы) қатыса алады. Тіпті, несиені өз ауданында рәсімдеп, жұмысын басқа аудандарда жүргізуге болады. Қарыз алушыға арналған шарттары келесідей: ҚР Салық заңнамасына сәйкес салық органдарында тіркелуі тиіс; несие тарихының бұзылмауы маңызды. Яғни, екінші деңгейлі банктер алдында мерзімі кешіктірілген берешектің болмауы, бюджет алдында берешектің болмауы қажет; қызмет ерекшеліктеріне қарай қажетті инфрақұрылымның болуы керек (жер телімдері, малға күтім жасау жөніндегі орынжайлар т.б.)
Жиын барысында округ әкімдері мен мамандардың тарапынан түрлі сұрақ қойылды. Бағдарламаны түсіндірушілер оған жан-жақты жауап беріп, алдағы уақытта аудан ішінде бірнеше округте тағы кездесу ұйымдастыруға дайын екендерін жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.