Жақында Талғар қалалық №25 мектепте «Тарихы терең Талхиз» атты ғылыми конференция өтті. Іс-шара басталмас бұрын арнайы келген қонақтар «Талхиз» мұражай-кабинетімен танысып, кітап көрмесін тамашалады. Айтулы шараға Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова, О.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Дөкей Тәлеев, қазақ билер кеңесінің төбе биі, Ауған соғысының батыры Сейтқали Ыбытаев, Ұлттық кітапхананың қызметкерлері және басқа да археологтар мен өлкетанушылар, қоғам белсенділері қатысты.
Мұражай-кабинетіне Талхиз қалашығынан және Алматы облысынан табылған жәдігерлер қойылды. Орта ғасырға тән металдан және қыштан жасалған шыны бөлігі, әшекей, жебенің ұшы, Үндістаннан әкелген шахмат, Ираннан әкелген айна, қыш құмыра, шырағдан сынды аса құнды дүниелер көз тартты. Ал кітап көрмесінде Талғар тарихынан сыр шертетін тарихи туындылар мен жазушы ғалымдардың зерттеу мақалалары көптің назарына ұсынылды. Осындай бағалы, тарихи заттар ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Талхиз қалашығының экономикасы мен өнеркәсібі дамыған мемлекеттермен тығыз қарым-қатынаста болғанынан хабар беріп, тың деректерді сөйлетті.
Тарихы терең Талғар қаласының мұражай-кабинетінің ашылуымен құттықтаған Талғар аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бгенбаева бұл аймақтың әлі де ашылмаған сыры көп екенін түсіндірді.
– «Әр кімнің туған жері – Мысыр шәрі» демекші, Талғар – бәріміз үшін алтын бесік. Оның тарихын тану – біздің міндет. Талғар қаласының орны орта ғасырда инфрақұрылымы дамыған қала болған. Бұл аймақтың әлі де ашылмаған сыры көп. Алатаудың етегінде Талхиз қаласының болғанын қазба жұмыстары дәлелдейді. Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер – Иранның ыдысы мен шамшырағы, алтын жазулы жапон кеселері, Қытай мен Оңтүстік Кореяның форфор ыдыстары және Үндістанның шахмат мүсіндері мың жылдық тарихы бар қаланың Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығы болғанын айғақтайды. Ал қыштан жасалған құбырлар мұнда сол заманның өзінде инфрақұрылымның дамығанын танытады. XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген Талхиз қаласының қолөнершілері әлемдік сұранысқа ие жоғарғы сутекті болат өндіруді игерген. Кезінде мыңдаған халық тұрған қалада тиын да соғылған. Көшелердің таза болғанын таспен қаланған жолдарға қарап білуге болады. Мәдени мұраларды қорғау, сақтау мәселелеріне жергілікті билік пен жоғарғы шенділер барынша ден қойса, Талғар ауданының аймағы сақ дәуірінен қалған қорғандар мен құпияларға толы. Осындай таңғажайып мұраны қорғау, ұрпаққа аманаттау – біздің борышымыз!» – дей келе Ф.Бгенбаева жеке кітапханасындағы Талғар тарихынан дерек беретін маңызды кітаптарын мұражайға сыйға тартты.
Сондай-ақ, Талғар аудандық Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту бөлімінің басшысының айтуынша, 1958 жылдан бері бұл аймақта қарқынды қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Кезінде шығыс пен батысқа қарап тұрған Талхиз қаласының қақпасы да жаңадан қайта бой көтерді.
Ал Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова «Талхиз» мұражайын құру жолында ізденіп жүрген азаматтардың еңбегіне табыс тілеп, талғарлықтарды да қуаныштарымен құттықтады. Десе де мұражай аталу үшін онда жәдігер қорының жеткілікті болуы маңызды екенінін ашып айтқан ол мұны мұражай деп айтуға әлі ерте екенін еске салды. Алайда 50 жылдан астам археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген Талхиз қалашығынан табылған жәдігерлердің көбі Астанадағы ұлттық мұражай мен Жамбыл ауданы өлкетану мұражайында сақталғанын жеткізді. Одан бөлек Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының басшысы халықтың «Талхиз қалашығының үнемі есігі жабық тұрады», «қалашықты тамашалағысы келген шетелдік саяхатшылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтары қақпаның сыртынан қайтады» деген өкпе-назына жауап берді.
– 2018 жөндеу жұмысы жүргізілген. Қалашыққа орта ғасырлық үлгіде қақпа салынғанымен ол қазір апатты жағдайда. Сол себепті ашып қоя алмаймыз. Кезінде қалашық көлемі 4 гектар шамасында болса, қазір 20 гектарға дейін кеңейтіліп, қоршалған. Онда ғимарат салатын орын да жоқ. 2014 жылы ЮНЕСКО-ға енгендіктен, рұқсатсыз бір түп ағаш еге алмаймыз. 50 жылдан астам уақыт ішінде Талхиздың 90 пайызы ашылған. Ендігі кезекте 10 пайыз бөлігін өзіміз зерттеп, зерделейміз. Сонымен қатар сол жерден табылған заттарды сақтау, зерттеу, насихаттау біздің мойнымызда. Карл Байпақовқа дейін В. А. Карлов атты археолог зерттеген. Оның зерттеу құжаттарын ол кісінің жұбайы мұражайымызға өткізген. Бұл туралы бірнеше мақала жарияланған. Енді монография ретінде шығаруды жоспарлап отырмыз. Мұражайдың қақпасы жабық болғанымен, келушілерге телефон арқылы қызмет көрсетеміз, – деп ел аузында жүрген бір қатар сұрақтың жауабын берді.
Г.Мухтарованың жауабына көңілі толмаған қоғам белсенділері де болды. Олар қолдағы алтынның қадірін білмедік дегенді алға тартып, қоңырау шалу арқылы қызмет көрсету мүлде дұрыс емес екенін айтты. Алыстан ат сабылтып келгендер мұражай қызметкерлері жеткенше күтіп отырмайтынын да атап өтті.
Шара барысында Талғар қалалық балалар музыка мектебінің оқушылары мен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, қатысушыларға керемет көңіл күй сыйлады. Өлкетанушы, археолог ғалымдар тарихи Талхиз қаласының экономикасы мен сауда-саттығы дамыған қала болғанын тұщымды деректермен дәлелдеп, саяси, мәдени маңызына да тоқталды. Сондай-ақ еліміздің саяси, рухани және мәдени дамуына орасан зор үлес қосқаны үшін бірнеше азамат марапатталды. Игі істі қолға алған азаматтардың басты мақсаты – тарихымызды түгендеп, ұрпаққа аманаттап кету екеніне сүйініп қайттық.
Өз тілшіміз.