БАЛҚАШ АУДАНЫ
Бүгінде ел абыройын дүниежүзінде асқақ етіп, көк туымызды көкке желбіретіп жүрген отандық спортшыларымыз жетерлік. Осындай саңлақтардың арқасында әлемнің назары Қазақстанда десек артық айтқанымыз болмас. Жақында қазақ балуаны спорт тарихын жаңалап, ел күтпеген жетістігімен мемлекеттің мерейін тағы асырды.
Біз айтып отырған спортшымыз Алматы облысы Балқаш қаласының тумасы – Ерсін Балтағұл. Ол – кәсіпқой сумо күресін жанына серік еткен спортшылардың бірі. Жапонша лақап аты – Кинбозан.
Өткен айда жерлесіміз Жапонияның Осака қаласында осы мемлекеттің көктемгі чемпионатында өнер көрсетті. Қазақ балуаны жапондықтардың назарына бірден ілігіп, көптің көңілін өзіне аудартқан спортшылардың қатарынан табылды.
Жапония басылымдарының ақпаратына сүйенсек, Ерсінді алғаш сумо күресінің аңызы, 68-екозуна (чемпион) Асашёрю көрген. Әйгілі Асашёрюдің көмегімен Ерсін 18 жасында Жапонияға келіп, университетке оқуға түсті. Ол сумо күресінен Жапонияның жастар арасында өткен чемпионатында жарқ етіп көзге түсіп, атойлап алға шыққан екен. Бес башода жеткен жеңістерінен кейін сумо күресінің қазылары бірауыздан келісіп, жоғары дивизион – макушитаға (табысы мол) өткізді.
Ал Ерсін жоғарыда атап өткен чемпионаттың алдында БАҚ өкілдеріне өз Отанын мақтан тұтқанын айтып, бірқатар сұрақтарға жауап берген еді.
– Мен әуелі Қазақстан атынан шығып, ең жоғары дивизионда күресетін дәрежелі сумошы болғаныма өте қуаныштымын. Негізі, бұл межеге алғашқы бір-екі турнирде-ақ көтерілуіме мүмкіндік болған еді. Ендігі мақсатым – алда болатын белдесулерде 50 пайыздық жетістікке жетіп, анама сыйлық жасау және жарақат алмау. Жуырда анам сырқаттанып қалғандықтан, еліме барып қайттым. Анам маған «мықты бол» деп батасын берді. Қазақстанда сумо күресін жұрт жақсы біле бермейді, сондықтан мені әлі көбі танымайды. Өйткені елде сумо күресі теледидардан көрсетілмейді, тек сумоны білетіндер интернет арқылы көреді. Біздің еліміз әлемге көбінесе дзюдо мен бокс арқылы танымал. Қазір Қазақстанда Жапонияға келіп, сумо күресімен айналысқысы келетін жастардың қатары көбейіп келеді, – деп мәлімдеген еді Балқаш ауданының тумасы.
Елімізде дзюдо күресімен айналысқан Ерсін қазір 25 жаста. Бойы – 192 см. Салмағы – 174 кг.
Сонымен біз айтқан Жапониядағы көктемгі чемпионатта отандасымыз өте сәтті өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде моңғол балуаны жеңімпаз атанғанымен, Қазақстанның атын әйгілі еткен Ерсін Балтағұл ерекше марапатқа ие болған үш балуанның қатарынан табылды.
Жалпы бұл көктемгі турнир басталмай тұрып отандасымыздың басты мақсаты алда болатын белдесуде 50 пайыздық жетістікке жету және жарақат алмау болатын. 15 күндегі оның нәтижесінде 11 рет жеңіске жеткені белгілі болды. 4 рет жығылып, төртінші орынға табан тірепті. Яғни, күткен межеден әлдеқайда жоғары жетістікке жеткен екен. Негізінде Ерсін бәсекенің бел ортасына келгенде ондықтан төмен болыпты. Бар күшін соңғы күндерге салып, күннен-күнге жеңістің жолын жалғай түсті. Сондай-ақ басқа қарсыластарының жеңілісі де Ерсіннің жоғарылауына ықпал еткен. Отандасымыздың осындай жарқын жетістіктерін сарапшылар қауымы таңданыс білдіріп, қазақ спорты үшін тарихи жетістік бағалапты.
Балқаш ауданының ғана емес, елдің атын әйгілі еткен жерлесіміздің жеңісті жолдары жалғаса берсін деп тілейміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.