Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы егемен еліміздің рухани жаңғыруының бастауы екендігі даусыз.
Бұл – көп ғасырлық тарихы бар халқымыздың өміріндегі үлкен рухани сілкініс. Елбасы айтқандай, тәуелсіз еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Енді рухани жаңғыруды жүзеге асыру арқылы көптен көкейде жүрген маңызды да ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылмақ.
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Жуырда, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында, А.Пушкин орта мектебінде «Туған жерге тағзым» тақырыбында мектеп оқушылары мен сынып жетекшілерінің қатысуымен жиын өткізілді.
Осы іс-шараның құрметті қонағы ретінде аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Канатқұлқызы, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова келіп, оқушылардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін,еліне деген мақтанышын, патриоттық сезімін оятып, жасөспірімдер санасына жалпыұлттық жақсы қасиетті сіңіру керектігін атап көрсетті.
Иә, «Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек» деп көргендікпен Елбасымыз айтқандай, біз сияқты көп ұлтты мемлекеттің даму болашағының бір көзі – Қазақстан халықтарының бірлігі. Осы мектепте әр ұлт өкілдерінің балалары оқиды. Олар да осы іс-шара аясында өз ұлтының тамағын әзірлеп, өнерлерін көрсетті.
Ендігі алдағы үлкен міндет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу». Осыған байланысты мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін, Елбасы ұсынған рухани жаңғыру идеясының жүзеге асырылуына белсене атсалысуымыз қажет, десті жиынға қатысушылар бір ауыздан.
Бұрым ОРЫНБАСАР.