Мынау жарық дүниеде адал еңбекке жететін ештеңе жоқ. Еңбек – өмір бақыты, тірлік қуанышы. Еңбек – ғұмырлық несібеңді құрайтын игіліктің көзі мен өзі. Еңбек – шаңырағыңды ырыс-құтына бөлейтін жақсылықтың кені. Әсілі, қарапайым адал еңбекті серік еткеннің осалы жоқ. Адал еңбегімен абырой биігіне көтерілгендер қаншама?! Еңбектен өмірлік бақытын тапқан қарапайым жандар туралы әңгіме бөлек.
Кеген ауданындағы Бөлексаз деп аталатын ынтымақ-бірлікті, өзіндік тіргшілігі жарасым тапқан ауылда тұратын Бұршақбай Белеков атты қарияны көптен танимын. Ата кәсібін серік еткен еңбектің нағыз торысы. Өмірі ұлағатына, тұла бойы жақсы қасиеттеріне толы қария. Бала-шағасымен өсіп-өніп, мәуелі бәйтерекке айналған, кеудесі алтын сандық іспетті ақылман ақсақал. Аудандағы көш бастап жүрген шаруа қожалықтарының бірін басқарып, тізгін-шылбырын мығым ұстап келе жатқан қарт фермер. Ауылындағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларын, жалғызбасты қарттарын қамқорлығына бөлеп жүретін қолы ашық, жүрегі жұмсақ, көзі ашық, көңілі ояу жан.
Бұршақбай атаның әкесі Сатылған мен анасы Разия өз тұсында қарапайым малшы болған. Біздің кейіпкеріміз малды ауылдың тыныс-тіршілігімен өсіп, ер жеткен. Күш-қайраты тасып тұрған 16-17 жасында Тасбұлақ деп аталатын фермада жаңадан әкелінген 10 бас асыл тұқымды Голлеевей құнажынын 3 бұқасымен өткізіп алып, 4-5 жылдың ауқымында 300 басқа жеткізіп, шаруашылыққа өткізіп бергенін ұмытқан емес. Бөлексаз ауылындағы мал бордақылап, мемлекетке сапалы семіз ет өткізумен айналысқан ауданаралық іргелі шаруашылықта үлгілі малшы болды. Адал еңбегінің арқасында үлкен сенімге бөленді. Абыройға кенелді. Шаруашылықтар таратылған кезде алғашқылардың бірі болып «Өркен» атты шаруа қожалығын құрды. Аталған қожалық – қазір ауылдағы, аудандағы алдыңғы қатардағы істері өнімді, шаруалары мығым, жұмыстары жемісті құрылымдардың бірі. Жалпы, біз сөз етіп отырған Бұршақбай ата істің адамы. Жетпістің мол ішіндегі қажырлы қарт шаруа қожалығының сан-салалы жұмыстарының басы-қасында жүреді. Қожалық тізгінін қолына алған Бақыттай ұлына ақыл-кеңесін айтады. Уақыт талабына сай әрекет жасауды жаны сүйеді. Тәуекелдің адамы. Көштен қалуды жаны қаламайды. Содан да болар Бақыттай ұлымен ақылдасып, «Казагрофинас» арқылы «МТЗ-92», «МТЗ-82» маркалы қос тракторды сатып алды. Қожалықтың жалпы төрт тракторы, жүк тасымалдайтын үш көлігі бар. Ауылшаруашылығына қатысты агрегаттары да жеткілікті. Ет бағытындағы «Ангус» асыл тұқымды іріқарасын, бір отар архар-меринос қойын өсіріп отыр. Үйірлі жылқысы – өрісінің сәні. Аттың үстінде, жылқының жанында өскен Бұршекең жаз маусымында жап-жақсы биелерді байлатып тастап, сапалы сары қымыз дайындаумен айналысады. Бөлексаз жайлауының тамаша қымызы арқылы да сұраныс иелерінің алғысын арқалап жүр. Тұла бойы анасының ақ сүтімен дарыған адамгершілік асыл қасиеттеріне толы қарияның қолы ашық, айналасына шуағын шашып жүреді. Ауылдағы қамқорлықты қажет ететін отбасыларына, жалғызбасты қарттарға мүмкіндігінше шапағатын тигізіп тұрады. Қожалықтағы трактор, техника да Бөлексаз ауылы тұрғындарының мазасыз маусымдағы шаруаларына көмекке келіп, істерінің сәтімен жалғасуына септігін тигізіп келеді. Бұл үшін де Бұршақбай атамызға ел-жұртының айтар алғысы шексіз. Қолында бар болса, мүмкіндігі болып жатса, жақсылығын жасаудан аянбайтын қарияның жүзі жарқын, еліне сыйлы, жұртына қадірлі.
Бөлексаз ауылындағы Бұршақбай ата мен «Күміс алқалы» Дүйсехан ананың қара шаңырағы құт қонған, бірлік пен береке дарыған, үлгілі, өнегелі әулеттің бірінен саналады. Тұрғанжан, Айдын, Бақыт, Ақжол секілді ұлдары, Азат, Гүлзат атты қыздары бір-бір шаңырақ. Әулеттің қос бәйтерегі Ғалия, Құндыз, Мәдина, Рината атты алтындай ақ келіндері дүниеге әкелген немерелерімен ғұмырларын ұзартып, өмірлерін жайнатып, күндерін көркейтіп келеді. Ұрпағына, өсіп келе жатқан жастарға адал еңбектің өнегесін ғана көрсетіп, ұлағаттап келе жатқан Бұршақбай атамыз Райымбек ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері атанды. Бұл да болса адал еңбегімен өрілген сәулелі ғұмырының жақсылығы.
Өз тілшіміз.
Кеген ауданы.
Суретте: Еңбек ардагері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, қарт фермер Бұршақбай Белеков Бақыттай ұлымен бірге.