Мың жылға татитын қасиетті Рамазан айында кез келген мұсылман сауапты амалды көбірек жасап қалуға тырысады. Рамазан – Құран айы, кешірім айы. Бұл айда мұсылман ерлер де, әйелдер де Алла Тағаланың бұйрығын орындап, харамнан тыйылады. Десе де осы айда әйелдердің оразасының өзіндік ерекшелігі бары жасырын емес.
Рамазан айы – көркем мінезді қалыптастырып, жақсы жаққа өзгеру үшін үлкен мүмкіндік. Шетелдік зерттеушілер жақсы әдет қалыптастыру үшін 21 күн жеткілікті деп жатады. Ал бізге Алла Тағала жақсы жаққа өзгеріп, тақуалықты арттыруымыз үшін 30 күн берді. Сол себепті осы нығметтен құр қалмай жақсы әдет қалыптастырып үлгерген абзал.
Көп қыз-келіншектер ораза айындағы хайыз уақыты кезінде құлшылықтан құр қалып қойғандар сезінетіні рас. Иә, бұл кезде ғұсыл алып, тазарғанға дейін намаз оқып, ораза ұстай алмайды. Бірақ зікірін аузынан тастамай, садақасын беріп, ауызашар жасау арқылы да сауапты амалдарын көбейте алады.
Жүкті және бала емізетін әйелдердің оразасы
Әнастан (оған Аллаһ разы болсын) жеткен хадисте Аллаһтың Елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ұлы әрі Құдіретті Алла сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауырпалығынан босатты», деген.
Осы хадиске сүйеніп жүкті және емізетін әйелдер сәбиіне немесе өзіне зиян тиетін болса ораза ұстамауға рұқсат етілген деген тұжырымға келуге болады. Ал егер қорқатындай мәселе болмаған жағдайда ораза ұстау міндетті болып саналады.
«Рамазан ас үйде өтіп жатыр”
Кейде күнделікті ісімізді құнсыздандырып, өзімізді бағаламай жатамыз. Сол себепті біраз әпке-сіңлілерімізде «Рамазан ас үйде өтіп жатыр» деген өкініш пайда болады. Алайда үй шаруасындағы әйел адамның аузы берік бола тұра ауызашар уақытына тамақ дайындауы, үйдің бітпейтін шаруаларымен айналысуы сауапты амал емес пе?!
Бұдан бөлек Рамазан айына алдын ала жоспар жасап алған да артық болмайды. Мысалы сәресінен кейінгі уақытта Құран оқимын, тамақ дайындаған кезде салауат айтамын деп жоспар жасап алған әйел Алла Тағала уәде еткен сансыз сауаптан құр қалмайтыны анық.
Қасиетті айдың сізге тигізген пайдасы тек ашығу болып қалмасын. Өйткені Алла тағала мұсылмандарды тек тамақ пен судан тыйған жоқ. Өсек пен ғайбат Рамазаннан кейін де харам болып қала береді. Сол себепті осы айды бір жаман әдеттен арылып, орнына бір жақсы әдетті қалыптастырып үлгерген жөн.
Назерке ЖАНАЛИЕВА,
дінтанушы, психолог, Алматы облысы әйел-қыздар секторы жетекшісі.