Жетісудың бір әсем өлкесіне жататын Кеген өңірінде табиғаттың ғажайып сыйы жетерлік. Қоршаған ортаның көркем бейнесін ауыл жұрты «Керемет көрем десең, Кегенге кел…» деп әнге қосады.
Бұған дәлел ретінде аудан аумағындағы Көлсай мен Қайыңды көлдерін атау ләзім. Өйткені жаз маусымында тау баурайындағы інжу-маржан маңында тіршілік қызып, туристер үшін нағыз демалыс сәті басталады. Ал көрікті өлкенің қыс бойы тамашалауға тұрарлық ғажайыбы тағы бар. Мәселен, Шырғанақ ауылы маңындағы жотада күн райы суыған мезгілден бастап қар көбесі сөгілгенге дейін аспанға шаншылған мұзды тауды көруге болды. Ауылдағы ағайын ежелден «Мұзтау» деп атап кеткен табиғи ақшаңқан мұнара аудан орталығы Кеген ауылынан оңтүстік-батысқа қарай жүргенде, 15 шақырымдай жерде тұр. Осы жерден Кеген өзенінің бір сағасы – Шырғанақ өзені ағып жатыр.
Жергілікті тұрғындар «Мұзтаудың» шығу тарихы әртүрлі екенін айтады. Кеңес Одағы кезінде осы жерді егістікке айналдыру мақсатында 200 метр тереңдіктен суды арнайы бұрғылап шығарған. Алғашында су бір бағытқа қарай ағып жатыпты. Кейін жергілікті тұрғындар артезиан суының тесігін кеңейтіп, жоғарыға қарай атқылатып қойған. Ал екінші нұсқа бойынша бұл жерде мұнай бар. Оның қоры көбейіп, су азаюы үшін суды сыртқа шығарып жатыр екен. Яғни, бұл «Мұзтау» жер астынан тартылған құбырдан атқылап аққан судың мұзға айналуынан пайда болады екен. Әр жыл сайын аяз күшейіп, қар қалыңдаған кезде аспанға атқылаған жерасты суы қатып, кәдімгі қатпарлы тау болып қалады. Мұз сүңгілермен шашақталған ақ мәрмәр қабырғалар «Бабыл мұнарасындай» өріліп, қол жетпес жерге дейін биіктей береді.
Судың қалай пайда болғанына қарамастан, бүгінде туристер арасында «Мұзтау» танымал болып кеткен. Оған келушілер қарасы көп. Жергілікті халық бұл жерге күндіз-түні келіп жатады.
Жазда субұрқақ 21 метр дейін атқылайды. Қыста осылай қайтадан мұзға айналады. Желдің бағытына қарай жыл сайын Мұзтаудың көрінісі де өзгеріп отырады. Биылғы мұздың биіктігі 14 метр. Су бұрқақ қыста атқылап жатқан-дықтан, Мұзтаудың төменгі бөлігінде табиғаттың өзі осындай әдемі мұз сүңгілерін түзген. Аппақ қар жамылған далада Мұзтау бейне бір айсбергке ұқсайды. Күнмен шағылысқан мұз көк түске боялған, бұл көрініс Мұзтауға қайталанбас көрік беріп тұр. Мұзтаудың жанына Шырғанақ ауылының жігіттері арнайы демалатын жер жасап қойған. Бұл жерге апта сайын мыңдаған турист келеді екен. Былтыр Кеген ауданының әсем табиғатын көруге пандемияға қарамастан, 84 мың турист келген.
– Өлкедегі ерекше бір орынға айналған мұз тау қазір нағыз демалыс орнына айналды десек болады. Кеңес Одағы тұсында колхоздың егіс алқабын суару үшін тереңнен ұңғыма қазылып, таза су көзін пайдаланғанбыз. Жарықтық тау суы мінезді ғой, сол заманнан бері жерге қағылған темір құбырдан атқылаған мөлдір су бір толастаған емес. Жазда бұл маңда ат тұяғының дүбірі қызып, көкпар тартысы өтіп жататын. Ал қыста осындай көз жауын алатын мұзды мұнараға айналады. Жастарға қызық, осы көріністі тамашалауға Алматыдан адамдар келіп, кетіп жатады, – дейді Шырғанақ ауылының тұрғыны Ермек Құрманғалиев.
Шынымен де 200 метр тереңнен атқылап шығып жатқан тау суы осы өңірді ауыз сумен де қамтып отыр екен. Әрі адамдардың демалысына ыңғайлы орынға айналған. Шырғанақ ауылының жастары күш біріктіріп, құдық маңын көркейтіп, орындықтар қойыпты. Ас пісіретін арнайы орын мен қоқыс жинайтын жәшіктер де орнатыпты. Содан бері демалыс күндері шаңғы мен шанасын сайлап келіп, таза ауада серуендеп қайтатын жұрт қатары көбейіпті. Яғни бұл бастама Кеген ауданында қысқы туризмді дамытуға қолайлы болып тұр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
КЕГЕН АУДАНЫ.